Біз тыныштықты ту еткен халықпыз

Қаңтардағы қаралы күндер мен түндер ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында мәңгі қалады. Сол қасіретті оқиға кезінде талай жан ерлік көрсетті. Бұзақылар мен радикалдардың жолына тосқауыл болды.

Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін қазақ халқы мықты мемлекет құруға, қасиетті тәуелсіздігімізді нығайтуға және қорғауға белін бекем буды. Өткен ауыр күндерді еске салып, осы қорқынышты кезеңді елдігіміздің, бірлігіміздің арқасында жеңгенімізді ұмытпауымыз керек. Кеше Алматыда, оқиғаның қайнаған қақ ортасы болған қалада «Тағзым» мемориалы ашылды.

Қ. Тоқаев осы рәсімде сөйлеген сөзінде қаңтар оқиғасынан кейін бірден, шұғыл қолға алынған реформаларды іске асыруды еліміз еш іркілмей жалғастыра беретінін жеткізді. Ол саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, ұлттық экономиканы монополиядан арылтуға және оның бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған ауқымды реформалар жалғасын табатынын нақтылады.

Өз сөзінде Президент, қалада бүлік шығарып, нысандарды қиратқандарды емес, ел болып бірігіп, мұқтаждарға қол ұшын созған волонтерлер, полицейлер, дәрігерлер мен қарапайым адамдардың ерлігін елеуге шақырды.

— Елде тәртіп орнатып, қаланы дереу қалпына келтірдік. Зардап шеккен жандарға қажетті көмек, тиісті өтемақы беріліп жатыр. Мен бұл жұмысты жақын арада аяқтауды тапсырдым. Біз жанашырлық пен қамқорлықтың арқасында осындай ауқымды жұмысты атқардық. Жауапты сәтте біртұтас ел болып, жұдырықтай жұмылдық. Сөз жоқ, қаңтар қасіреті халқымыздың жүрегіне өшпес жара салды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Биыл жыл басынан бері өткен аз ғана уақытта ауқымды салалар жаңғыртылды елімізде. Отыз жыл бойы сіресі бұзылмай, көбесі сөгілмей келе жатқан сыбайлас жемқорлық, монополия, бюрократия сынды дерттерді ауыздықтау үшін түбегейлі шаралар қолға алынды. Соның арқасында жұртшылықтың билікке, күштік құрылымдарға деген селкеу түскен сенімі қайта орала бастады. Жалпыхалықтық референдум арқылы жаңа Конституциямыздың қабылдануы да халықтың мемлекетте басталған реформаларға зор әрі сеніммен үміт артатынын көрсетті.

Дәл қазір жаңғыру және жаңару жолына аяқ басқан ел ретінде алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Ол — Әділетті Қазақстанды құру. Бұл баршаға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру деген сөз. Сан жылдардағы тоқыраудан кейін бұл істің бірден оңайға түспесі анық. Бірақ, «бірлік бар жерде — тірлік бар», бірлік, тұтастық сақталған жерде ойға алған мақсаттарымыздың барлығына қол жеткізе алатынымызға кәміл сенімдімін.

Есалы НҰРЖАНОВ,
Түркістан облысы Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары