ТҮРКІСТАНДА МАРХАБАТ БАЙҒҰТТЫҢ «АСҚАРОВТЫҢ АҚҚАЙЫҢДАРЫ» ДРАМАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

Бүгін Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған «Асқаровтың аққайыңдары» драмасының премьерасы өтті. Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрының әртістері сахналаған қойылымның авторы – белгілі жазушы, драматург Мархабат Байғұт.
Рухани кешке Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысынан Асанбай Асқаровпен қызметтес болған түрлі саланың ардагерлері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, туыстары, қала тұрғындары қатысты. Қойылымнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйлеп, көзіне жас алды. Сонымен қатар театр ұжымына жоғары деңгейдегі қойылым үшін алғыс білдірді. Ал Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев «Бүгінгі премьера көпшіліктің көңілінен шықты. Кез келген жүректен шыққан дүние жүрекке жететіні белгілі. Оған біздің әртістердің шеберлігі дәлел. Дәл осы Райымбек Сейтметов театр ұжымы жаз айында Румыния елінде халықаралық театр фестивалінің лауреаты атанған еді. Шығармашылық табыс тілеймін, әсерлі қойылымдармен көрерменді қуанта беріңіздер», – деді.
Драмада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың кеңестік дәуірдің соңғы жылдарында тоталитарлық режимнің қуғын-сүргініне түсіп, басынан өткерген қиын-қыстау тағдыр жолы суреттеледі. Осы шығарма арқылы көрермен сол дәуірде орын алған «көлеңкелі» іс-әрекеттерді, Асқаровтың қазақ елінің болашағы үшін күрескен бейнесін көре алады. Сондай-ақ шығармашылық ұжым «Асқаровтың аққайыңдары» драмасы арқылы бүгінгідей бейбіт өмірдің бізге оңайлықпен келмегендігін, жас ұрпақ «қолда бар алтынның қадірін» біліп, қастерлеу керектігін көрсетеді.
Айта кетейік, басты рөлдерді Рауан Шырынбеков, Талғат Қарынбаев, Бағлан Төлендиев, Мұрат Құрманбеков, Жасұлан Тұрғанбаев, Кәмшат Аштекова, Жандос Маханов, Аяз Ильясов сынды кәсіби әртістер сомдады. Аталмыш драманың режиссері, театрдың көркемдік жетекшісі – Айдар Наурызбаев, қоюшы суретшісі – Қанат Шериев, костюм суретшісі – Ләззат Жүсіпова, композиторы – Қанат Жұмабаев, театр директоры – ҚР Мәдениет қайраткері Ержан Исатаев.