ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТИІСТІ КОНТИНГЕНТТІҢ 95 ПАЙЫЗЫ ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯЛАНДЫ

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Салтанат Жабағиева айтты.
– Биыл тұмауға қарсы иммундау науқаны 3 қазаннан басталды. Осы ретте 304 000 доза көлемінде «Гриппол+» вакцинасы сатып алынды. Бүгінде егуге жататын 304 000 контингенттің 289 362-і, яғни 95 пайызы вакцинацияланды. Оның ішінде, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер саны – 13 562, балалар – 88 489, медициналық қызметкерлер – 24 165 және ересектер – 163 146, — деді Салтанат Өсетілләқызы.
Салтанат Өсетілләқызының сөзінше, өңірдегі медициналық ұйымдар дәрілік заттармен қамтамасыз етіліп, резервтік қоры қалыптастырылған. Сондай-ақ, ЖРВИ-ге қарсы қолданылатын дәрілік заттармен және симптоматикалық препараттармен қамтылған.
– ЖРВИ науқас адамнан дені сау адамға ауа-тамшылы жолдармен жұғады. Тіпті өте ауыр жағдайларда өліммен аяқталу қаупі бар. Оның алдын алу үшін тұрғындарға тұмауға қарсы вакцина салдыруға кеңес береміз. Эпидемия кезінде адамдармен байланысты мүмкіндігінше азайту қажет. Бетперде тағып, оны әрбір 3 сағат сайын ауыстырған жөн, — деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов.
Сонымен қатар, тұмау мен ЖРВИ-дың эпидемиялық кезеңі кезінде жүкті, босанушы және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету үшін 205 төсек-орны ашылды. Оның ішінде 19-ы — реанимациялық төсек-орын, 33-і — изолятор. Ал балалар арасында ЖРВИ және пневмонияның эпидемиологиялық маусымына байланысты медициналық мекемелерде қосымша 99 төсек-орын ашылды.
Айта кетейік, 26 қыркүйек пен 26 қазан аралығында «Алдын алу. Қорғау. Екпе егу!» ұлттық бағдарламасы шеңберінде өңірде жалпы 1699 іс-шара, яғни семинар, дөңгелек үстел, сынып сағаты, конференция және т.б. өтті. Онда 51 524 адам қамтылды.