Қазақтың тұңғыш әйел-дәрігері

Санжар Асфендиаровтың төрт әпкесінің бірі – революцияға дейінгі қазақ қыздарының арасынан тұңғыш әйел-дәрігер атанған Гүлсім Асфендиарованың қызмет жолы зерттеушілерге біршама таныс болғанымен, тың мұрағат құжаттары негізінде оның өмірі мен қызметінің белгісіз тұстарын ашып көрсетуге тырысамыз.

Гүлсім Асфендиарова 1880 жылы 12 қарашада Ташкент қаласында дүниеге келеді. Шамамен 1892-93 жылдары Сейітжафар Асфендиарұлы Гүлсімді Ташкент қыздар гимназиясына оқуға береді. 1899 жылы гимназияның толық курсын аяқтаған Гүлсім, бітіру куәлігін қолына алады. Жергілікті халыққа, әсіресе оның кедей әрі тұрмысы нашар бөлігіне медициналық көмектің тиісті дәрежеде немесе уақытында көрсетілмеуі салдарынан өлім-жітімнің көбеюіне куә болған Гүлсім, Ташкент қыздар гимназиясында оқып жүрген жылдары-ақ медициналық білім алуды мақсат етіп қояды.

Гүлсім Асфендиарова Петербордағы Қыздар медициналық институтына 1900 жылы түсіп, онда 8 жыл оқиды. 1905-07 жылдардағы орыс революциясы тұсында Қыздар медициналық институты Петербордың өзге жоғары оқу орындары сияқты уақытша қызмет етуін тоқтатуға мәжбүр болып, осы себептен Гүлсім институтта тиісті 7 жылдың орнына 8 жыл оқып шықты. Гүлсім білім алған Петербор Қыздар медициналық институты (қазіргі академик И.П.Павлов атындағы Санкт-Петербург Мемлекеттік медициналық университеті – А.Ж.) патша жарлығымен Петропавл ауруханасының негізінде 1897 жылы, 15 қазанда ашылып, тек Ресейде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуропада медицина саласы үшін әйел дәрігерлерді, фармацевтерді және кіші медицина персоналдарын даярлаумен айналысатын тұңғыш оқу орны болатын. Гүлсім институтта оқыған жылдары оқу орнының басшысы – профессорлар Д.Отт (1899-1905) және С.Салазкин (1905-11) болған.

Институтты аяқтаған қыздар дәрігер-терапевт мамандығын алып, «әйел-дәрігер» атағына қол жеткізді. Оларға тек әйелдерге арналған емдеу мекемелерінде қызмет ету құқығы берілді. Сонымен қатар, институтты аяқтаған әйел-дәрігерлер жоғары білімді медициналық кадрлардан тапшылық көрген Ресей империясы уездеріне міндетті медициналық қызметті өтеу үшін жіберілді.

Гүлсім Асфендиарова 1908 жылдың сәуір айында бітіру емтихандарын ойдағыдай тапсырып, 21 мамырда дәрігер дипломын алады. Гүлсім оқуы аяқталмастан, 1908 жылдың 11 сәуірінде Түркістан округтік әскери-медициналық инспекторына өзін Сырдария облысының Шымкент уезіне қарасты Темірлан ауылына ауылдық-учаскелік дәрігер ретінде тағайындауды өтініп, хат жолдайды. Бұл хатта Гүлсім өзбек, қазақ тілдерін жетік білетінін айта келе, өзіне жақсы таныс ортада – туған Түркістан өлкесінде қызмет етуге ерік танытады. Тура осыған ұқсас мазмұндағы хатты Гүлсімнің курстасы, подполковник Садық Әбдірахмановтың қызы Зейнеп те Түркістан округтық әскери-медициналық инспектордың атына жолдап, Ташкент уезінің Хан-Абад ауылдық-дәрігерлік учаскісіне дәрігер қызметіне тағайындауды өтінген.

Г.Асфендиарованың және З.Әбдірахманованың өтініштерімен таныс болған әскери-медициналық инспектор 1908 жылы, мамыр айында Бас әскери-медициналық басқармаға сұраныс жібереді. Жоғары басшылық тарапынан бұл тағайындауларға еш қарсылық білдірмейтіні белгілі болған соң, Гүлсім мен Зейнеп император ІІ Николайдың атына Түркістан әскери округына медициналық, дәлірек айтқанда мемлекеттік қызметке қабылдау туралы сұраныс-хаттарды жолдаған болатын.

1908 жылы, 5 маусымда әскери-медициналық ведомство бойынша №86 бұйрыққа сәйкес Гүлсім Асфендиарова Шымкент уезінің Темірлан, ал Зейнеп Әбдірахманова Ташкент уезінің Хан-Абад ауылдық-дәрігерлік учаскілеріне жіберіліп, Сырдария облысының учаскелік дәрігерлері ретінде қызметке тағайындалады.

Орыс әскері Түркістан өлкесін Ресей империясының құрамына күшпен қосқан соң, патша үкіметі адами және табиғи ресурстарға бай өлкені метрополияның шикізат көзіне айналдыруға ұмтылды. Соның нәтижесі ретінде өлкеде жаңа типтегі өнеркәсіп орындары, мамандана бастаған ауыл шаруашылығы, темір жол тораптары пайда болып, көптеген шағын орыс қалалары мен елді мекендері бой көтерді. Отарлық билік орындарымен жүргізілген әлеуметтік-экономикалық саясатының барысында ең алдымен жергілікті халықтың орыс тілді бөлігіне тиісті медициналық көмекті ұйымдастырудың қажеттілігі туындаған болатын. Біртіндеп өлкеде тұрақты қызмет көрсететін стационарлық медициналық орындар мен мекемелер – емханалар, ауруханалар, амбулаториялар және емдеу пункттері ашылып, халықты медициналық көмекпен қамтамасыз ететін желіні кеңейту үшін жаңа дәрігерлік учаскілер мен фельдшерлік пункттер ұйымдастырылды. Орталықтан Түркістан өлкесіне жіберілген еуропалық ұлт өкілдерінен шыққан дәрігерлер мен орта дәрежелі медициналық қызметкерлер тек орыс тілді халық бөлігін ғана емес, сонымен қатар медициналық көмектен мұқтаж болған жергілікті ұлт өкілдерін емдеумен де айналысты.

Патша билігі тұсында Түркістан өлкесінде әскерге және жергілікті халыққа медициналық көмек көрсету ісі негізінен арнайы басқармаға, облыстық, уездік және учаскелік дәрігерлерге жүктелді. Алайда, сырттан келген медициналық персоналға сенімсіздікпен қараған жергілікті ұлт өкілдері бұрынғысынша медициналық көмекті алу үшін табибтер мен халық емшілеріне жүгінді. Осы орайда, отарлық әкімшілік жергілікті ұлт өкілдері арасынан медициналық кадрларды даярлап шығару ісінің маңыздылығына айрықша көңіл бөлуге мәжбүр болды.

Жергілікті билік орындары тарапынан қолданған барлық шараларға қарамастан Түркістан өлкесінде медицина саласының тиісті дәрежеде қаржыландырылып, ұйымдастырылмауы және мамандардың жетіспеушілігі салдарынан халық арасында жұқпалы аурулар мен індеттер кең таралып, олармен күреске медициналық персонал көп күш-қайрат жұмсап отырды. Сондықтан да, медициналық білімге ие болған, әсіресе жергілікті халықтың арасынан шыққан әрбір адам Түркістан әскери округының басшылығымен қатаң тіркеуге алынып, үкіметке қызмет етуге міндетті еді. Осы санатқа қыздар медициналық институтының түлегі дәрігер Гүлсім Асфендиарова да кірді.

Петербордан темір жол арқылы штаттық қызмет орнына бет алған Гүлсім Асфендиарова Жүлек станциясында дәрігер қызметін атқарған Әлмұхамед Көтібаровтың және оның жұбайы туған әпкесі Айшаның үйінде бірнеше күн тоқтап, қонақ болады. 1908 жылдың 27 шілдесінде Темірлан ауылына келген Г.Асфендиарова, келесі күні өзіне жүктелген тікелей міндеттерді орындауға кіріседі. Жарты жылдан астам уақыт бойы Гүлсім Темірлан ауылдық-дәрігерлік учаскесінің орыс елді мекенінде тұрып, негізінен еуропалық ұлт өкілдеріне медициналық көмек көрсетуге мәжбүр болады. Жергілікті халықтың тиісті дәрежедегі медициналық көмектен аса мұқтаж екеніне назар аударып, өз қызметі арқылы туған халқына пайдасын тигізуге тырысқан Гүлсім Асфендиарова 1908 жылы, 9 қаңтарда Сырдария облыстық дәрігеріне жолдаған хатында Хан-Абад дәрігерлік учаскесіне ауыстыруға өтініш білдіреді. Алайда, жергілікті учаскелік дәрігер, Гүлсімнің курстасы және әріптесі Зейнеп Әбдірахманова өз қызмет орнында қалдырылғандықтан, облыстық басқарма Гүлсім өтінішінің қанағаттандырылуы мүмкін емес екенін мәлім етеді.

Г.Асфендиарова Темірлан дәрігерлік учаскесінде 4 жылдан аса уақыт еңбек еткен соң, әскери-санитарлық ведомствоның 1912 жылы, 15 қазанында шыққан бұйрығына сәйкес, Ферғана облысы, Наманған уезінің, Пап ауылдық-дәрігерлік учаскесіне учаскелік дәрігер қызметіне ауыстырылады. Жаңа қызмет орнына Гүлсім 1912 жылы, 12 қарашада келіп жетеді. Бұл уақытта Хиуа хандығында Асфендиар ханның уәзірі Сейіт-Ислам Қожаның ерік танытуымен халыққа медициналық көмек ұйымдастыру шаралары қолға алынып, мемлекеттік қазынадан 100 мың сом қаржы бөлінеді. Осы қаржының есебінен 1911 жылы Хиуа қаласының ескі бөлігінде 100 орындық аурухананың құрылысы басталады.

1912 жылы желтоқсанда Хиуа басшылығы Түркістан округтік әскери-санитарлық инспекторы құпия кеңесші Рябчевскийдің атына хат жолдайды. Хатта Хиуа басшылығы қалада салынып жатқан ауруханадағы әйелдер бөлімінің ұйымдастыру жөнінде ақыл-кеңес сұрап, аурухананың құрылыс жоспарын тіркеп жібереді. Бұл жоспармен мұқият танысқан Рябчевский оған бірқатар толықтыруларды енгізген соң, мақұлдайды. Жауап хатында әскери-санитарлық инспектор «Хиуада емдеу орнының ашылуы өлкедегі жергілікті халықтың денсаулығын жақсартуда және кең таралған жұқпалы ауруларға қарсы күресте маңызды қадам болатыны» туралы пікір білдірген.

Хиуа билеушілері 1913 жылы маусым айында ашылмақ аурухананың штатын білікті мамандармен жасақтау үшін Түркістан өлкесінде қызмет еткен орыс дәрігерлерін шақыруды мақсат етіп қояды. Мұндай шақырудың бірін уәзір Сейіт-Ислам Қожа 1912 жылы 25 қазанда әкесі Сейітжафар арқылы Гүлсімге жолдаған болатын. Уәзірдің ұсыныс-хатымен танысқан Сейітжафар 14 қарашада Наманған уезінің Пап ауылында учаскелік дәрігер қызметін атқарып жүрген қызы Гүлсімнің атына хат жолдап, Гүлсімнің қандай шарттардың негізінде Хиуа қаласына қызметке ауыса алатыны туралы сұрастырады. Гүлсім Асфендиарованың 1912 жылы, 16 қарашада әкесіне жазған жауап хатында патша үкіметіне төрт жарым жыл бойы қызмет етіп келе жатқанын, осы қызмет аяқталған соң, қартайған шақта тиісті зейнетақы алуды жоспарлап отырғанын, сондай-ақ Асфендиар-хан оның шарттарын толық қанағаттандырған жағдайда, түркі-мұсылман халқының игілігіне қызмет етуге даяр екенін хабарлайды.

Өкінішке қарай, әкесі мен қызы арасында орын алған хат алмасу мұрағат қорларында толық сақталынбағанымен, кейінгі оқиғалардың барысы көрсеткендей, Гүлсім Асфендиарова 1913 жылы, 4 шілдеде алдымен император ІІ Николайдың атына, артынан Ферғана облыстық дәрігеріне қызметтен босату туралы өтініш білдіреді. 1913 жылы 3 қыркүйекте әскери-санитарлық ведомствоның №113 бұйрығы бойынша Гүлсім Асфендиарова өз еркімен мемлекеттік қызметтен босатылады.

Түркістандағы мемлекеттік қызметін тоқтатқан соң, Гүлсім Асфендиарова Хиуа қаласында жаңадан ашылған ауруханаға жұмысқа қабылданады. Бұл жерде Гүлсім мұсылман халқына жарты жылға жуық уақыт медициналық көмек көрсетіп, ауа-райы ерекшеліктеріне байланысты жергілікті халықтың арасында кең тараған безгек, тырысқақ, сүзек сынды жұқпалы ауруларға қарсы күреске, індеттерден зардап шеккен ауруларды ажал тырнағынан алып қалуға күш-қайратын жұмсайды. 1913 жылы Хиуа ауруханасында әйелдер бөлімі меңгерушісі міндетін атқарған Гүлсім Асфендиарова орыс дәрігері А.Анисимовпен біріге отырып, алғаш рет жүкті әйелдің жатырына операция жасап, жас ана мен нәрестенің өмірін ажалдан құтқарып қалған болатын.

Шалғай жерде дәрігерлік қызметпен айналысу Гүлсімге қиынға соқты. Осы себептен ол туған қаласы Ташкентке қайта оралудың мүмкіндіктерін іздестірді. 1913 жылдың аяғына таман Ташкент қаласының басшылығы мол тәжірибе жинақтаған әрі өз еңбегімен жергілікті халықтың көңілінен шыққан Гүлсім Асфендиарованы қалада ұйымдастырылған перзентхананың бас дәрігері қызметіне тағайындайды. Осы қызметте Гүлсім Асфендиарова 1917 жылы патша билігін жойған Ақпан революциясына дейін жемісті еңбек етіп қана қоймай, Түркістан өлкесінің тұрғылықты халықтың әйелдері арасынан медициналық кадрларды даярлау мақсатында арнайы акушерлік курстарды ашып, оларға тікелей жетекшілік жүргізу арқылы педагогикалық қызметпен де айналысты.

Г.Асфендиарова Түркістан өлкесінде Ақпан революциясынан кейін орын алған саяси оқиғалардан да шет қалмады. Гүлсім Асфендиарова 1917 жылы 2-5 тамыз аралығында Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесінің қазақ-қырғыздардың жалпы жиналысына әкесі Сейітжафар (жиналыстың құрметті төрағасы) және інісі Санжармен бірге қатысады. Съезде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Түркістан өлкесінің қазақ-қырғыздары атынан 15 депутат ұсыну мәселесі қаралып, депутаттыққа кандидат ретінде қазақ қыздарының атынан Гүлсім Асфендиарова да ұсынылған болатын.

1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Түркістан өлкесіндегі саяси билікті өз қолына алған большевик билігі тұсында да білікті маман Гүлсім Асфендиарова дәрігерлік және оқытушылық қызметтерін атқаруды одан ары жалғастырды. 1913 жылдан бері Г.Асфендиарова басқарып келген Ташкент қаласындағы 30 орындық акушерлік-гинекологиялық ауруханада және оның жанындағы амбулаторияда 1920 жылы медициналық бөлімде 31 адам, ал шаруашылық бөлімде 15 адам қызмет етті. Сол жылы мамырда Тұрар Рысқұлов басқарған Түркістан өлкелік Мұсылман бюросы Ташкент бөлімінің өтініш білдіруімен Гүлсім Асфендиарова перзентхана жанынан жергілікті ұлт әйелдері үшін акушерлік мектеп ұйымдастыру жұмыстарына жетекшілік етуді қолына алады.

Г.Асфендиарова Ташкент қаласының ескі бөлігінде ашылған акушерлік мектептің алғашқы меңгерушісі болып тағайындалынып, онда оқытушылық қызметпен айналысады. 1920 жылы 13 ақпанда Ташкент қаласының ескі бөлігінде акушерлік курстарда оқыту ісін жүргізу мәселесі бойынша арнайы кеңес шақырылып, оған Г.Асфендиарова да қатысады. Кеңестің шығарған қаулысына сәйкес Г.Асфендиароваға акушерлік курстарда әйелдердің физиологиясы бойынша дәріс оқу ісі жүктелді. Бұл курстардың мерзімі 10 ай, ал оларда өтетін әрбір сабақтың уақыты 50 минут болып белгіленді. Мектептің және акушерлік курстардың алға қойған басты мақсаты жергілікті халықтың арасынан орта дәрежелі медициналық кадрларды даярлау болғанына қарамастан, мамандардың тапшылығы салдарынан дәріс оқуға және тәжірибелік сабақтарды жүргізуге негізінен орыс тілді дәрігерлер тартылды. Осыған байланысты жергілікті тілдерді жетік білген дәрігер мен педагог Г.Асфендиарова халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, оқуға тарту, ана тілінде дәріс беру, жаңадан ашылған оқу орнының беделін көтеру сынды мәселелерді шешуде үлкен рөл атқарды.

1924 жылы қазан-қараша айларында жүргізілген Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік межеленуінен кейін Гүлсім Асфендиарова ұйымдастырған акушерлік мектеп 1918 жылы Ташкентте ашылған алғашқы медициналық оқу орны – Түркістан өлкесі мұсылмандарының медициналық мектебінің қарамағына өтеді. Осы мектепте, сондай-ақ қаланың өзге медициналық орындары мен мекемелерінде Г.Асфендиарова өмірінің соңғы күндеріне дейін дәрігерлік және оқытушылық қызметтермен айналысып, жергілікті ұлт өкілдері арасынан медициналық кадрларды даярлау ісіне зор үлес қосты. Бүкіл саналы ғұмырын туған халқына қызмет етуге арнаған Гүлсім Асфендиарова 1937 жылы қайтыс болып, туған қаласы Ташкентте жерленді.

Көпке дейін қазақтың арасынан шыққан тұңғыш әйел дәрігер Аққағаз Досжанова болды деген пікір орныққан болатын. Алайда, Түркістан университетінің медициналық факультетін аяқтаған А.Досжанова дәрігер дипломын тек 1922 жылы алған. Бұл маңызды оқиғаға «Тілші» газетінің қызметкерлері 1923 жылы 1 ақпанда «Аймақ ішінде» атты айдарда жұртшылықтың назарын аударып, үлгі ретінде көрсеткен. Оқуын аяқтағаннан кейін, Г.Асфендиарова жетекшілік еткен Ташкент қаласының перзентханасына жұмысқа қабылданған А.Досжанова Гүлсімнің шәкірті атанып, одан тәлім алады. Жоғарыда айтылғандарды ескеретін болсақ, онда қазақ қыздарынан арасынан тұңғыш болып дәрігер атағына қол жеткізген Гүлсім Асфендиарова, ал революциядан кейін дәрігер атанған тұңғыш қазақтың қызы Аққағаз Досжанова деп есептеу әлдеқайда орынды әрі тарихи ақиқатқа еш қайшылығы жоқ.

Алмас Жүнісбаев,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері
Дереккөз: «Қазақ әдебиеті» (09.03.2018)