ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ ЖАҢА СТАДИОН БОЙ КӨТЕРІП ЖАТЫР

Жетісай ауданында тұрғындар арасында салауатты өмірді насихаттау мақсатында игілікті істер атқарылуда. Соның бір дәлелі ретінде Ынтымақ ауылдық округі, Өркенді елдімекенінде бой көтеріп жатқан заманауи стадионды айтуға болады.
Бүгін аудан әкімі Мұрат Қадырбек бастаған жауапты сала өкілдері аталған нысан басына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Өткен жылы құрылысты бастаған мердігер «Kazakh The-Stroy» ЖШС биыл да жұмысты кестеге сай сапалы жүргізіп келеді. Стадионда жүгіру жолы, көрермендерге арналған 500 орындық, жаттықтырушылар мен төрешілерге, медбикелерге арналған жеке кабинеттер бар. Сондай-ақ, командаларға арналған киім ауыстыру мен жуыну бөлмелері, тіпті, салтанатты шараларды өткізуге арналған трибуна да қарастырылған.
Мердігер мекеме басшыларымен жүздескен аудан басшысы құрылыстың сапасына мән беріп, бекітілген кестеден кешікпей нысанды ел игілігіне тапсыру керектігін айтты.
Айта кетейік, бүгінде ауданда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде 60 мыңға жуық жетісайлық спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Бұл аудан тұрғындарының 34,5 пайызын құрайды.