ДЗЮДОДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда дзюдо күресінен жасөспірім ұлдар және қыздар арасында Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, қазақ күресінен спорт шебері Темір Шубайұлын еске алуға арналған IV-ші республикалық турнирдің жалауы түрілді.
Айтулы додаға негізінен 2006-2007 жылы туылған жасөспірім дзюдошылар келіп, бақтарын сынауда. Татами төрінде білекті де жүректі балуандар белдесіп, бар өнерлерін ортаға салуда. Дәстүрлі түрде жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан сайыстың ашылу салтанатында Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбекұлы жарысқа қатысушы қонақтар мен спортшыларға сәттілік тілеп, мықтылардың жеңіске жетуін тіледі. Сонымен қатар, Темір Шубайұлының шәкірттері Түркістан облысының олимпиада резервін даярлау орталығының директоры Нұрлан Айтбеков пен Қазақстан Республикасының бокс федерациясының атқарушы директоры Марат Мықтыбеков осындай жарыстардың өңірде көптеп өтуі ауыл жастарына дем береді деп, сенім білдірді.
Дзюдошылар бәсекесіне Алматы қаласы, Қызылорда облысы, Өзбекстан республикасынан келген 20-ға жуық команда, 300-ге жуық спортшы қатысуда.
Татами төріндегі балуандар белдесуінде 8 салмақ дәрежесінде ұлдар жарыс көркін қыздырса, 8 салмақ дәрежесінде қыздар өзара бақ сынайды. Жарыс жеңімпаздары 4-ші қараша күні белгілі болады. Бұл сайыста 55 келі салмақта өзінің шеберлігімен көзге түсіп жатқан Жамбыл облысының саңлағы Тыныс Ұлан жеңіс үшін келгенін айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.
Байрақты бәсекені жоғары дәрежеде ұйымдастыруға Бәйдібек ауданы әкімдігі мен Түркістан облысының №3 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мұрындық болды.