ДИДАР ХАМЗА — ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

Атырауда дзюдо күресінен ерлер және әйелдер арасында кезекті Қазақстан чемпионаты өтуде. 14-18 қараша аралығына жоспарланған елшілік жарысқа республикамыздан мықты деп іріктелген балуандар қатысып, татами төрінде өзара мықтыларын анықтауда. Төрт жылдықтың басты додасы олимпиада ойындарында еліміздің оғыландары жүлделі орындардан түскен емес. Осы орайда республикамызда дзюдо күресі қарқынды дамуда. Олай дейтін себебіміз Батыс өңірінде өтіп жатқан Ел чемпионатында апайтөс балуандар өте тартысты жекпе-жектер өткізуде. Кейбір салмақтар дәрежесінде жаңа балуандардың да есімдері аталды.
Түркістан облысының намысын қорғаған аға бапкер Серік Құлтаевтың шәкірттері нәтижелі өнер көрсетті. 90 келідегі түркістандық екі бірдей балуан жеңімпаздар қатарынан көрінді. Екі олимпиада ойындарына қатысушы, Азия ойындарының жеңімпазы Дидар Хамза бірінші орынды иеленсе, тағы бір жерлесіміз Айдар Арапов екінші орынды еншілеп, күміс алқаны мойнына ілді. Ал, әйелдер арасындағы күрес додасында жерлестеріміз 1 күміс, 1 қола медальға қол жеткізді. 48 келіде бақ сынаған Сара Құлым күміс алқа олжаласа, 70 келіде Перизат Жақыпбекова қола алқаны қанағат етті.
Татами төрінде бес облыстың дзюдошылары топ бастады. Өздерінің шеберліктерімен суырылып алға шыққан аймақтар қатарында бірінші орында Ақтөбе, екінші орын алаң иелері Атырау облысы және үздік үштікті Алматы қаласының спортшылары қорытындылады. Сондай-ақ, төртінші орында Жетісу облысы мен үздік бестікті Түркістан облысының құрамасы иеленді. Енді Ел чемпионатында үздік деп танылған спортшылар Ұлттық құрама сапына алынып, әлем чемпионатына дайындалатын болады.