Сайрамда қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған турнир өтті

Түркістан облысы, Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесіне арналған 59-шы дәстүрлі турнирі өтті. Сайысқа Түркістан облысының барлық өңірлері мен Шымкент қаласының балуандары қатысты.

Тартысты доданың ашылу салтанатында Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев турнирдің қазақ күресін насихаттауда жастарға берер пайдасы мол екендігін тілге тиек етіп, жарысқа қатысушы балуандарға сәттілік жеткізді.

Жарысқа жалпы 120 балуан, 6 салмақ дәрежесінде қатысты. Ал, түйе балуан бәсекесінде 28 балуан күш сынасты. Кіл мықтылар бәсекесінде түркістандық Тоқтарбек Айдарбек турнирдің биылғы «түйе балуаны» атанды. Ол шешуші сында тағы бір түркістандық апайтөс Бейбарыс Әбдіғаниды жеңді. Турнирдің «түйе балуанына» автокөліктің кілті тапсырылды. Қатарынан екі рет осы турнирдің түйе балуаны атанған шардаралық Қайсар Шамшидинов биыл 3-орын алды. Бұдан өзге 6 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, арнайы тағайындалған алғыс хат, медальдармен марапатталды.

Ұлттық өнерді ұлықтаған турнир жоғары деңгейде өтті. Басылымның бас редакторы Абай Балажан қазақ күресінің қанат жайып дамуына тілектестігін білдіріп, барша азаматтарға алғысын жеткізді.

Айта кетсек, келер жылы жарыс Төлеби ауданында мамыр айында өтеді.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі