Тұңғыш президент күні: мерекені тағы қай мемлекетте атап өтеді

Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының заңды қызметіне кедергі жасауға, көпшілік алдында қорлауға немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғуға, сондай-ақ, бейнесін бүлдіруге жол берілмейді және ондай әрекеттер заңмен қудаланады

1 желтоқсан – Қазақстанның тұңғыш президенті күні. Бұл мейрам тәуелсіз елдің дамуына үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне бекітілді және мемлекеттік мейрамдар тізіміне енгізілген. Сол себепті қазақстандықтар осы жыл сайын демалады.

Мейрамның тарихы

1990 жылы 24 сәуірде Жоғарғы кеңес Қазақ ССР президенті лауазымын бекітіп, сол күні осы қызметке Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Бұған дейін ол бір жылдан астам уақыт бойы Қазақ КСР Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болды.

1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев 98,78 процент дауысқа ие болды. Сайлау бюллетеніне «қарсымын» деген графа да енгізілді. Оны 107 мың адам белгілеп кеткен.

Араға 20 жыл салып, Назарбаевтың алғаш рет жалпыхалықтық дауыс берудің нәтижесінде президент болып сайланған күні мерекелер тізіміне қосылды. 2011 жылы 14 желтоқсанда Елбасының өзі тиісті заңға қол қойды. Ал 2012 жылдан бастап Тұңғыш президент күні ресми түрде аталып өтеді.

Тұңғыш президент — Елбасыға қандай өкілеттік берілген

Нұрсұлтан Назарбаев президент лауазымына бес рет қайта сайланған болатын. 2015 жылы соңғы сайлауда дауыстың 97,75 процентін жинады. Ол кезде екі қарсыласы болды. Біреуі Коммунистік партияның өкілі – Тұрғын Сыздықов, екіншісі – Әбілғазы Құсайынов. Екеуі 3 процент те жинай алмады.

2017 жылы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті — Ұлт көшбасшысы туралы» конституциялық заңға өзгеріс енгізіліп, «Ұлт көшбасшысы» деген сөз «Елбасы» атауымен ауыстырылды. Осы заңда Тұңғыш Президенті-Елбасының айрықша құзыреттері мен кепілдіктері де жазылған. Мәселен, Тұңғыш Президент – Елбасына Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлану құқығына шектеу қойылмайды. Бұдан бөлек, бірнеше өкілеттілік өмір бойына берілген. Олар:
  • Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасау;
  • Қазақстан Республикасы парламенті мен оның палаталарының алдында, республика Үкіметінің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу;
  • Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару;
  • Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесін басқару;
  • Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі болу.

Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен – Елбасымен келісіледі.

«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының заңды қызметіне кедергі жасауға, көпшілік алдында қорлауға немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғуға, сондай-ақ, бейнесін бүлдіруге жол берілмейді және ондай әрекеттер заңмен қудаланады», — делінген заңда.

Тиісуге тыйым салынған

Заң бойынша Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды. Оны ұстап алуға, қамаққа алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды. Онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де, меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке де тиісуге тыйым салынған.

Назарбаев Тұңғыш президент – Елбасы қызметіне кіріскен күннен бастап қызметтік пәтер мен мемлекеттік саяжай меншігіне беріледі. Автомобиль мен жүргізуші өмір бойына ұсынылады. Отбасы мүшелері де қызметтік автокөлікті пайдалана алады.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы өмір бойы елде көлікпен тегін жүруге құқылы. Ал өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Тұңғыш президент жасына қарамастан, президент лауазымдық жалақысының 80 проценті мөлшерінде ай сайын зейнетақы алады. Оның өмірі мен денсаулығы республикалық бюджет есебінен Қазақстан Республикасы президентінің жылдық лауазымдық жалақысына тең сомада міндетті мемлекеттік сақтандыруға жатады.

Тұңғыш президент-Елбасы өкілеттігін алды

2019 жылы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев республикалық арналар арқылы халыққа үндеу жолдап, Қазақстан президенті лауазымынан өз еркімен кететінін мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауы кезінде отставкаға кететінін мәлімдеді

Назарбаев кеткеннен кейін сол кездегі сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев президент міндетін атқаруға кірісті. Ал маусым айында Қазақстан Республикасының президенті болып сайланды. Назарбаев болса, Тұңғыш президент-Елбасы өкілеттігін алды.

Бас кезінде Тұңғыш президент Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі, Nur Otan партиясының төрағасы қызметін атқарды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы болды. Биыл ол ассамблея мен партия төрағалығын ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады.

Тұңғыш Президент мейрамы тағы қай жерде аталып өтеді

Бүгінде президент күні бірнеше мемлекетте аталып өтеді. Мәселен, АҚШ-та тұңғыш президент Джордж Вашингтонның кұрметіне мейрам бар. Оны 1885 жылдан бері атап өтеді. Ал Ұлыбританияда ханшайым күні тойланады. Бұдан бөлек, ондай мереке Исландия, Голландия, Ангола, Маршалл аралдары сияқты мемлекеттерде бар.

https://sputnik.kz/