Қажымұқан балуан туралы кітап жарық көрді (видео)

Сондай-ақ балуан туралы деректі фильмнің таныстырылымы өтті.

Түркістанда қазақтың аңыз адамы, даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы туралы «Күш атасы – Қажымұқан» атты кітап жарық көрді. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде шыққан кітаптың таныстырылымы Түркістанда өтіп жатқан Қажымұқан турнирінің алдында өткізілді, деп хабарлайды Xnews облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құнды кітапта Қажымұқан бабаның спорттағы жеңісті жолымен қатар өмірбаяны, қайталанбас болмысы нақты деректермен өрнектелген.

Кітаптың авторлары – танымал журналист Бақтияр Тайжан мен Ордабасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Құрманәлі Жылқыбай.

Сонымен бірге Түркістанда «Алып күш иесі – Қажымұқан» деректі фильмінің таныстырылымы өтті. Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған фильм Түркістан облысы, Ордабасы ауданы әкімдігінің тапсырысы бойынша Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен түсірілген.

Деректі фильмде Қажымұқанның балалық шағы, спорттағы жетістігі мен өз ұлтына деген сүйіспеншілгі баяндалады. Сонымен қатар бұл туындыда балуанның туған жері туралы да тың жаңалық ұсынылады. Қажымұқанның рөлін Роман Әбілдаев пен Бақтияр Түймебаев сомдаған. Деректі фильм ұзақтығы – 49 мин 35 секунд.

© Turkistan TV