Тұрғын үй сертификатына қайта өтінімдер қабылдау жалғасуда

Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 500 млн. теңгеге тұрғын үй сертификатын беру жалғасады. 2021 жылдың 1 қазанынан бастап бастап төлем қабілетін растаған және банктің ипотекалық қарыз шартын мақұлдау туралы хатын алған азаматтардан өтініш пен құжаттар қабылдау жұмыстары жүргізіледі.

Тұрғын үй сертификаттарын алуға құқығы бар санаттар тізбесі:

мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

көпбалалы отбасылар;

толық емес отбасылар;

Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және мемлекеттік қызметшілер.

Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20», «5-20-25» және «7-20-25» бағыттары бойынша тұрғын үй алуды көздеген, тұрғын үй сертификаттарын алу талаптарына сай келетін әрбір азаматқа 1 миллион теңгеге дейін мөлшерде мемлекет тарапынан бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жабу үшін ұсынылатын әлеуметтік көмек ретінде беріледі.

Қатысуға ниет білдірген тұлға соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаған жағдайда және тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беру туралы банктің мақұлдаған хаты арқылы тұрғын үй сертификатына өтінім жібере алады.

Тұрғын үй сертификатына өтінімдер «кezekte.kz» интернет ресурсы арқылы онлайн қабылданады. Бұл үшін әрбір азаматтың және оның кәмелетке толған отбасы мүшелерінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы қажет. Айта кету керек, бүгінде 132 азамат тұрғын үй сертификатының иегері атанып, мемлекеттік көмекке ие болған.