ШЫМКЕНТТЕ АЗАМАТТЫҚ РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласында Азаматтық ресурстық орталық ашылды. Аталған шараға Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева мен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып шықты.

—Елді демократияландыру ісінде үкіметтік емес ұйымдар үлкен рөл атқарады. Азаматтық қоғам институттары белсенді жұмыс істесе, ол билік пен қоғам арасында тығыз байланыс орнатуға және ел ішіндегі түрлі әлеуметтік проблемаларды шешуге ықпал ете алады. Жалпы, мемлекет мықты болуы үшін оның мықты азаматтық қоғамы болуы тиіс. Өкінішке қарай, бүгінде еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың негізгі демеушісі мемлекеттің өзі болып отыр. Болашақта бұл сектордың негізгі серіктесі, демеушісі бизнес қауымдастық болуы тиіс. Сонда ол ел дамуына мол септігін тигізеді. Бүгін ашылып отырған ресурстық орталық сол мақсатқа жетуге көмектеседі, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Жаңа орталық үкіметтік емес ұйым қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және осындай бірлестіктерді жаңадан құрғысы келетін белсенді азаматтарға қолдау көрсету бағытында қызмет атқарады.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 800-ге жуық үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Олар азаматтардың құқығын қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру, экология және өзге де бағыттарда жұмыс істейді.

Айта кетейік, Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылы шеңберінде көптеген іс-шаралар жүзеге асуда. Ал азаматтық ресурстық орталықтың ашылуы соның бірі деуге болады.