Қажымұқан балуанмен кездесу

– Оу, Әуке, келемін деп алдын ала айтсаң қайтеді. Поштабайдан хат жіберсең де болатын еді ғой. Өзің бір оқыған-тоқығаны көп азаматсың, – деп атақты балуан Қажымұқан демнің арасында әуре-сарсаңға түсті. Оның Әуке деп отырғаны қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ғалым Әуелбек Қоңыратбаев еді.
– Қажеке, мен сізді әурелейін деп келгем жоқ. Қайта керісінше «батырым не істеп жатыр?» деп көру үшін, хал-жағдайыңызды білу үшін келдім, – деді Әуелбек те іле-шала жауап қатып.
– Е-е-е, азамат болсаң осындай бол, – деп атақты балуан ғалымның қолын алып амандасып, құшағына қысты. Екеуі бір-бірінің арқасын қағып, сағынышын басты.
Бұл нар тұлғалы балуан мен ізденісі мол ғалымның 1946 жылғы кездесуі еді. Қажымұқан егде тартып, жетпіс беске келген шағы екен.
Дастарқан басына жайғасқаннан кейін сөзді Қажымұқан бастады.
– Әуелбек, келген жұмысыңды айта отыр.
– Біздікі өзіңізбен дидарласу, Мұқан аға!
– А-а-а, солай де. Айтпақшы, қазір қаншаға келдің?
– Қырықтың үстіне шықтық қой, аға.
– М-м-м жөн екен. Өзіңнен кейінгіні көріп қартаясың деген осы.
– Олай демеңіз, балуан. Сіз қазақтың мақтаны­шысыз. Сіздей азаматы бар елдің арманы жоқ шығар?!
– Қойшы әрі. Сен тіпті, мақтауымды асырып жібердің ғой.
– Жоқ, имандай шыным. Менің өзім қазақтан мына сіздей балуанның туғанын барған жерімде мақтанышпен айтып жүремін.
Шәй үстіндегі екеуара әңгіме осылай өрбіді. Дастарқанға тамақ тартылғаннан кейін ғалым балуанның жастық шағында басынан өткергенін сұрай бастады. Қажымұқан болса Әуелбектің білгісі келгенінің барлығын асықпай тәптіштеп айтып берді.
– Қажы аға! Ертеректе қасқырдың үйірімен жалғыз алысқаныңыз рас па? – деді Әукең әңгімені тереңдетіп.
– Рас, – деді Қажымұқан көп ойланбастан. – Сол бір үйір қасқырдың алтауын өз қолыммен ұрып алғам. Керек десең, екі қолыма үш-үштен бөліп ұстап түскен суретім де бар.
«Мынау таңғаларлық жағдай екен. Батырға лайықты әрекет осындай болса керек» деп іштей сүйсінген Әуелбек үнсіз тыңдап отыра берді. Қажымұқан әрі қарай баяндауға көшті.
– Азу тісін батырғысы келген арланын әп-сәтте қапсыра құшақтап, желкеден көтере-мөтере жерге бір-ақ ұрдым. Одан соңғы ұмтылғандарын жалма-жан қимылдап, демнің арасында тып-типыл еттім. Бірінен соң бірін ұрып сұлата бергеннен кейін олар бет-бетімен қашты ғой, – деді балуан.
– Ай, Қажы аға! Не деген мықтылық, не деген жүректілік мынау. Сірә, тағылар жалғыз кетіп бара жатқан адамды көріп, үлкен олжаға кенелдік деп ойлаған шығар. Алайда, қасқырға да жан керек. Сөз жоқ мықтысыз, Қажы аға, – деген Әуелбек рахаттана бір күліп алды. Тыңдаушысы дем беріп отырған соң ба, әлде, батырдың іші пысып қалған ба, әйтеуір, екеуі ұзақ әңгімелесті. Төсек салынып, ұйқыға жатар кезде ғалым ертеңіне бірден қайтып кетпей, қалайда Қажымұқан туралы көбірек мәлімет алуды көздеді. Әуелбек Қоңыратбаев Қажымұқан жайлы жұрттан артық білмесе кем білмейтін. Бірақ, өз аузынан естігеннің жөні бір бөлек.
Ертеңгісін таңғы астан кейін аулаға шығып отырып әңгімелесуге кірісті.
– Мұқан аға, осы ақын Иса Байзақовты жерден көтергенде басы қалай төбеге тіреліп жүр, – деді Әуелбек. Балуанның есіне бір нәрсе түсіп кетті ме, жоқ әлде Әукеңнің сұрап отырғаны күлкі шақырды ма, әйтеуір, өздігінен бір күліп алды.
– Исаның ақындығына разы болып, жерден көтеріп алған шағым еді. Сол-ақ екен, оның басы төбеге тірелмесі бар ма. Ол «Қажеке, сіз өз бойыңыздың төбеге сәл ғана жетпейтінін ұмытып кеттіңіз-ау деймін?» – деді де қойды, – деп атақты балуан сәл үнсіз қалды. Содан тағы сөз бастап:
– Мына немістерден кейін жапондар да соғыс ашты дей ме? Баяғыда жапонның Саракики деген дәуімен күрескенім бар еді. Оларың анау-мынауға жеңіле қоймайтын мықты халық, – деді. Балуанның жапонның дәуімен күрестім дегені сол-ақ екен, Әукең бірден белдесу туралы айтуды өтінді.
– Мұқан аға, сол Саракикимен қалай күрестіңіз? Соны айтып беріңізші.
– Бұл бір өзі ұзақ әңгіме. Оқиға былай болған. 1912 жылы Қытайдың Харбин қаласында күрестен әлем чемпионаты өтті. Соған Ресейдің атынан Поддубный екеуміз қатыстық. Не керек, Иван екеуміз қарсыластың барлығын жеңдік. Бас жүлде де Поддубный мен маған тең бөлініп тұр еді. Бірақ, ұйымдастырушылар құйтырқы әрекет жасап, Саракики деген жапонның дәуімен солардың өз күресі бойынша жеңген адамды жеңімпаз деп танитындығын айтпасы бар ма.
Балуанды айтқанның үстіне айта түссе екен деп отырған ғалым «Сонымен, ары қарай не болды?» деді арғы жағын білгісі келіп.
– Не болғаны қалай, қанжығамда тұрған жүлдені біреуге беруім керек пе?! Төрешілерге «Иттің күресі болса да күресемін» дедім де ортаға шықтым. Оның оңай олжа болмай шықты. Жапония чемпионы деген дардай атағы бар. Төрешілер күрес кезінде жеңіс үшін түрлі әдістерді жасап, бір-бірін өлтіріп алса, кешірім жасалады деп қорытынды шығарды. Анауың одан сайын құтырсын. Өз күресінің әдістеріне салып, мені олай тартып, бұлай жұлқып қояды. Мықтысына мықты екен. Қол-аяғымды қайырып ауыртпақ та болды. Шынын айту қажет, екеуміз ұзақ белдестік. Саракики дегенің мысықша ұмтылып, құлағымды жұлмалап, ернімді жыртты. Тырналап денемнің барлығын қан-жоса етті. Ақыры, қолды-аяққа тұрмайтын немені мықтап ұстап, төбеме көтеріп алып, басымнан асыра лақтырдым. Орнынан тұра бергенде қайта ұмтылып, үстінен басып алдым. Төрешілердің «өлтіріп алса да кешірім жасалады» дегені есіме түсіп, үстіңгі ернінен ұстаған бойы бас терісін сыпырып тастадым, – деп барып бір-ақ тоқтады.
Қажымұқанның үйінде бірнеше күн қонақта болған Әуелбек Қоңыратбаев жолға шығарда «Мұқан аға, тағы бір өтінішім бар» дейді. «Ол нендей өтініш?» деген балуанға «Дене құрылысыңызды өлшеуге рұқсат беріңізші» дейді. Сөйтіп, қоярда-қоймай өтініп, ақыры келісімін алады. Келер ұрпаққа Қажымұқанның шын бейнесін мұра етейін деді ме, яки алпамса денелі, тау мүсінді адамды көргенде іріліктің неден басталатынын білгісі келді ме, әйтеуір рұқсатын алып дене құрылысын өлшеп шығыпты.
– Алдымен, салмағыңызды өлшейік.
– Ал, өлше.
– Қазір 174 келі екенсіз.
– Жас күнімде бұдан да ауыр тартатынмын.
– Солай деңіз. Бойыңыз қанша екен?
– Қазір шөгіп қалған шығармын.
– Таудай тұлғаңызға қарап олай демес ем. Осы тұрғанда бойыңыз 195 сантиметрге тең екен. Кеудеңіз ше?
– Оны өлшеуге сенің құлашың жете қояр ма екен?
– Жетпесе қос құлаштап өлшеймін. Кеудеңіздің аумағы 146 сантиметр, балтырыңыздың жуандығы 49 сантиметр, мойныңыз 56 сантиметр, басыңыз 65 сантиметр болып шықты. Аяқ киіміңіз нешінші өлшем еді?
– Ойбай, ол да керек пе?
– Енді ше, ақыры өлшеген соң батырдың қол-аяғын түгел жазып алмаймын ба.
– Мен 54-ші өлшемдегі аяқ киім киемін.
– Мұқан аға, ренжімесеңіз саусақтарыңыздың арасын салалап ашыңызшы.
– Ал аштым.
– Ортаңғы саусағыңыздың ұзындығы 14 сантиметр де, жуандығы – 10 сантиметр екен. Енді ерніңізді көрейін үстіңгі және астыңғы еріндеріңізді қосқанда 12 сантиметрге жетеді, – деп барлығын қағазға жазып алады.
Бірнеше күн балуанның қонағы болған Әуелбек Қоңыратбаев Қажымұқанға қарап: «Сізге үйреніп қалыппын» дейді. Балуан болса: «Үйренбегенде, мені түгел зерттедің ғой» деп жауап береді.
– Ал, Мұқан аға, аман-сау тұрыңыз.
– Жолың болсын, Әуке. Келіп тұр, – деген Қажымұқан қоштасар сәтте бірнеше күн қонағы болған ғалымды қимай артынан ұзақ қарап тұрады.

Азиз Жұмаділдаұлы Батырбеков
«Жалағаш жаршысы» газеті (03.11.2018ж)