Отан деген жүрекпен елдің қамын ойлапты

АЛЫП КҮШТІҢ ИЕСІ
Алты Алаштың айбыны болған ердің бірі осы,
Алла берген біртуар алып күштің иесі.
Тіл жетпейтін төзім мен асып-тасқан күш-қуат,
Тек Тәңірі қолдаған жанға ғана тиесі.
Нар намысын халқының жанын салып қорғаған,
Белдескеннің басына ақырзаман орнаған.
Егескендер ентіккен, тірескендер мертіккен,
Көрсеткен ол күресті, бұрын-соңды болмаған.
Жебемейді жаратқан жан түбінде жақсылық дәні бүршік жармаса,
Жаңбыр болып не керек, жердің шөлі қанбаса.
Бір балуан керек-ті болар елдің бағына,
Әттең… елі енжарлау, селқостығы болмаса.
Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты,
Қажекеңдей қай қазақ шаршы алаңды шаңдатты.
Сөйте жүре сабазың оттың басын ойламай,
Отан деген жүрекпен елдің қамын ойлапты.
(Ұшақ түгіл ұрысқа үй қаржысын берер ме,
Қаптап жүрген қазіргі қарынбайлар мандатты).
Балуан мен батырға кенде емеспіз десек те,
Баба жайын ойласақ қусырылар қос өкпе.
Төккен термен еңбегін айтпағанның өзінде,
Елге әперген абырой алынды ма есепке?!
Қарызы мен парызын өтеп барып ұйқыға,
Кеткен ұлы ұғылан зәру емес құлпыға.
Бар қазақтың әлемге атақ-даңқын шығарған
Нар қазақтың аруағы ырза ма ел мен жұртына?!
Біртуарлар санаулы ұлт айтатын ұрандап,
Есіл ерлер еңбегі анау бақша, мынау бақ.
Бөбектердің жүргені жүздерінде нұр ойнап.
Жұрты жиі еске алса ыңыранып жарықтық,
Жерге тимес жауырын түсер еді бір аунап!
Береді уақыт бағасын бықсыдың ба, жандың ба,
(Туған елге не бердің? Тек қана әлде алдың ба?
От қояды оспадар оратылған шалғынға).
Түбі, әйтеуір, ұятқа қап жүрмесек болғаны,
Келешекте кішкентай Қажымұқандар алдында!

Самат АСҚАР

Дереккөз: «Ana tili» газеті (04.08.2011).