Өзіміздің Қажымұқанымыз ғой

ОРДАБАСЫ – МЕКЕНІМ…
Бала кезден білген едім, қасиетті екенін!..

Еуропаның әсем қалаларының бірі – мақтаулы Парижде классикалық күрестен әлем біріншілігі өтуде. Қатысушылардың қара күштерін таразылап, жер-жаһаннан жиналған атақты палуандардың бойындағы мүмкіндіктерін байқау мақсатында ұйымдастырылған айрықша дода ғой. Бүкіл ғұмырларында көрмегені қалмаған және талғамы тау асып кеткен француз жанкүйерлері қара нар үстіндегі қазақтың кең кеуделі алып баласын көріп, таңданыс танытуда. Жиналған жұрттың жүрегін жаулап, ойнатып отырған

ӨЗІМІЗДІҢ ҚАЖЫМҰҚАНЫМЫЗ ҒОЙ!
Қазақ даласының теңдесі жоқ батыры қара нардан қарғып түсіп, кенет оны тізе бүктірді де, бір мезетте жерге аунатты. Содан соң асқан шеберлікпен иықтарына көтере-мөтере, ол жерден аулақ алып кетті. Аузы ашылған француз көрермендері түрегеліп, ұзағынан-ұзақ қол шапалақтаумен болды. Артынша 75 пұт салмағы бар жүк мәшинесін тісімен тартып, ел алдына сүйреп шыққан Қажымұқан француздардың жүректерін мәңгі жұлып әкеткендей әсер қалдырды.

Алғаш естуім Қажымұқанды бала кезімде әкемнің әңгімелерінен тани бастадым:
– Ол – қазақты әлемге танытқан асқан батыр, ержүрек палуан болатын. Қажымұқанға қарсы күресуге бүкіл әлем батырлары жүрексінетін. Өйткені, оның жауырынын ешкім ешқашан жерге тигізген емес. Қажымұқан қатысқан жарыстардың бәрінде одан өзге жеңімпаз болмайтын, – деп айтатын марқұм әкем.

Бала кезім ғой, әкем Қажымұқандай алып батырды таниды екен деп, көпке дейін мақтан тұтып жүрдім. Есейген соң, көп нәрсенің байыбына өзім жете бастадым. 1948 жылы дүниеден өткен Қажымұқанды 15-жасар әкем қайдан танысын?! Бірақ, қазақпын деп жүрген әрбір азаматтың жүрегі Қажымұқанды танитынына кейіндеу көзім жете бастады.

Күндердің күнінде әкем қасына шақырып алып:
– Есіңнен кетпейтін шығар – сенің және Қажымұқанның туған күндерің бір, – деді.
– Қалай? – деп сұрадым.
– Қай күні туылғансың? – деп сұрады әкем.
– 7-сәуірде, – дедім.
– Қажымұқан атаң да 7-сәуірде дүниеге келген, – деді.

Расында да, мен үшін ұмытуға келмейді…

Мұңайтпасов деген кім?

Сексенінші жылдардың соңына таман Бөген аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Бибірабиға Нышанова арнайы шақырып:
– Темірландағы Мәдениет сарайына жұмысқа орналасасың, сені жақын жерден тауып алатын болайық, – деді.

Мен ол кезде өз ауылымның мектебінде неміс тілінен дәріс беріп, оған қоса сынып жетекшісі жүктемесін қоса алып жүрген болатынмын.
– Мектебімді қайтемін? – дегеніме:
– Сабағыңды бере бересің, бұл жерде қосымша жұмыс атқарасың, – деді де, Мәдениет сарайының сол кездегі директоры Темірбай Асановты шақырып, мені сол кісіге табыстады.

Осылайша мен аудан орталығында орналасқан совхоздың қызметкері болып шыға келдім. Кейін осы жұмысыма келген сайын маңдайшадағы: «Х.Мұңайтпасов атындағы совхоздың Мәдениет сарайы» деген жазуды оқып, бір күні шыдамай, жаңадан танысқан досым, совхоздың комсоргі Ғалымжан Зиябековтен:
– Х.Мұңайтпасов деген кім? – деп сұрадым.
– Қажымұқан ғой, – деді Ғалымжан.
– «Қажымұқан атындағы совхоз» деп жазуға болмас па еді? – деп тағы сұрадым.
– Қажымұқанның фамилиясы Мұңайтпасов қой, – деді.
– Қайдам, «Абай жолын» оқығаным бар еді, бірақ «Құнанбаев жолын» оқымаппын, – дедім.

Ғалымжан күлді де қойды.

Есбол ағаның орындалмаған арманы

Темірланда жүріп, Қажымұқанның жатқан жеріне қадам баспау мүмкін емес. Бір күні жиналып, басына барып қайттым. Онда Қажымұқанның немере інісі Есбол ағамен танысып, тау тұлғалы туысы туралы талай сұрадым. Олардың атақты Қобыландыдан тарайтынын, Қажымұқанның бір отырғанда бір қойдың етін бір өзі жеп тауыса алатынын, Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға бір ұшақ сыйға тартқанын, ұшақты атақты қазақ баласы Амангелді Имановтың есімімен атағанын, сол үшін қаһарлы Сталиннің өзінен алғыс хат алғанын, жасы келгенде қаражаты болмай, досы Поддубныйға бара алмай қалғанын, көптеген басқа әңгімелерді естідім. Ес-ағамның айтқандарын ұйып тыңдап, қызығатыным соншалық, Қажымұқанның басына жиі баратын болдым.

Бір күні Есбол аға үйіне қонақ етіп, шайға шақырды. Менің неміс тілі маманы екенімді, өз ауылымда неміс тілінен сабақ беретінімді жақсы білетін. Шай үстінде қолыма шимайлап жазылған бір хатты ұстатты. Қарасам, неміс тілінде екен.
– Бұны маған не үшін бердіңіз? – деп сұрадым.
– Оқып, не жазылғанын айтып берші, – деп өтінді.

Хаттың нақты мазмұны қазір есімде жоқ, бірақ мағынасы мынаған саяды:

«Аса қадірлі әке! Мен Германияда тұратын сіздің қызыңызбын. Менің анам сізбен соғыстың аяқталған тұсында танысып, екеуіңіз жарасып, біраз бірге өмір сүрген екенсіздер. Анамның есімі – Моника. Қызыл әскер өз еліне ораларда сіз де кетіп қалдыңыз. Анам жалғыз қалды, бірақ көп ұзамай дүниеге мен келдім. Анам үнемі: «Сен қазақтың атақты азаматы Қажымұқанның қызысың, сенің әкең – қазақ, оның аты – Есбол, сенің атаң – Қажымұқан», – деп айтушы еді. Сәті түсіп, сізді іздеп келсем, үйде жоқ екенсіз, қандай өкінішті. Анам қазір дүниеден өтіп кеткен. Бірақ, қызым деп іздеп келсеңіз, сізді қуана күтіп аламын. Сәлеммен, қызыңыз Ева».

Хаттың мазмұнын айтып бергенімде, Есбол-аға еріксіз көзіне жас алды.
– Мен Шымкентке шаруалармен кетсем, үйге іздеп келген екен, – деді ақсақал.
– Сонда сізді қалай тапқан? – деп таң қалдым.
– Туристік жолдамамен Түркістанға кетіп бара жатқан ғой. Жолда «Қажымұқанның кесенесі» дегенді оқып қалып, ойбайлап, автобусты үйіме қарай бұрып әкелген, – деп Ес-ағам кемсеңдеп жіберді. Біраз үнсіз отырып:
– Мен қызымды іздеп баруым керек. Сені ертіп кетемін, өйткені өзім немісше білмеймін, – деді.
– Мақұл, аға! Сізге жәрдем беруге әрқашан дайынмын, – дедім.

Есбол-аға Германияға сол күйі жол жүре алмай, дүниеден өтті. Қызының күйі де, әлгі хаттың тағдыры да қазір белгісіз.

Қажымұқанның қайтпас қайсарлығы

Бүкіл Еуропа мен Азияны, оған қоса Американы да тізе бүктірген атақты палуан бабамыз талай жеңісті сәттерді басынан өткерді. Намысын қолдан бермеген күш атасы өз заманының атақты палуандары Андрей Злобин, Поль Абс, Иван Яго, Вейланд Шульц, Турбас, Фисури Колос, Саракики, Тигане, Петров, Разумов, Шнейдер, Иоганесов, Иван Шемякин, Иван Заикин, Алекс Аберг, Ли Хун Синг, Лаубе, Винтер, Поль Понс, Аполлон сияқты алыптарды оңай жеңіп тастайды. Георг Лурихпен белдескен палуанымыз, оны да мойындатады.

Ұлы Қазан төнкерісіне дейін әлемге танылған Қажымұқан атамыз революция жеңісінен соң да белдесулерге белсене қатысады. Олардың бәрінде де бірінші орынды жеңіп алып жүрген палуанға 1927 жылы Орынборда өткен біріншіліктен соң Қазақ АССР-інің Орталық Атқару комитеті «Қазақ халқының Батыры» атағын береді.

Содан соң мәдениет саласына бой ұрған Қажымұқанның ұлттық өнерімізге қосқан үлесі орасан зор екеніне, бұл салаға да өзіндік қолтаңба тастап кеткеніне назар аудару керек сияқты. Оның айналасына талантты ақындар, әнші-күйшілер, сазгерлер топтаса бастаған алғашқы жылдары ол Қызылорда қаласында (елдің сол кездегі астанасы) қазақ халқының тарихында тұңғыш рет кәсіби театрдың негізін қалап, бірқатар тума дарындарды ортақ іске тартады. Күннен-күнге өркендеп-өсіп келе жатқан театр баспалдақтарынан есімі елге танылған азаматтар түлеп ұшады. Олардың арасынан Париж жұртын өз өнерімен тәнті еткен Әміре Қашаубаевты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық артисі Қалибек Қуанышбаевты, халықтың суырып-салма ақыны Иса Байзақовты ерекше атауға тұрады.

Қобыландының тікелей ұрпағы

Аты аңызға айналған қазақтың хас батыры Қара Қыпшақ Қобыланды Тоқтарбайұлы дүние салған соң, еліне екі тіріліп келгендей болды. Алғаш «Қобыланды» жырында оралса, екінші мәрте – өз ұрпағы Қажымұқанның бейнесінде халқымен қайта қауышты. Батыр бабасын ұятқа қалдырмаған Қажымұқан 77 жасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданындағы «Ленин туы» колхозында (қазіргі Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылы) бақилыққа аттанды. Күш атасының құрметіне Темірланда мұражай ашылып, ескерткіш қойылған. Алаштың алыбын алыстан танытатын әдемі ескерткіш Шымкент қаласында, Қажымұқан атындағы орталық стадион алдында орнатылған. Астана мен Алматыда Қажымұқан есімімен аталатын көшелер сән түзеп тұр…

Әсет Әссанди,
Журналист

Дереккөз: «Ордабасы оттары» газеті (07.04.2016ж)

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*