Шымкенттік шәкірттерді шыңдаған ұстаз

Қаламыздың білім саласында жемісті етіп жүрген ұстаз-педагогтар жетерлік. Білікті мұғалімдер қала болашағын қалыптастыруда. Абыройы артып, шәкірттері үздіктер қатарынан көрініп жүрген мәртебелі мамандық иесінің бірі — Гүлнұр Алмаханова.

Ол өз ісінің кәсіби маманы, білікті педагог ретінде қала тұрғындарына жақсы таныс. Әр мұғалім еңбек жолында шәкірт тәрбиелеуде үздік оқу әдісін қолданады, оны үнемі жетілдіріп отыруға тырысады. Гүлнұр Тұрлыбайқызы жан-жақты ізденімпаздығымен оқушыларға білім дарытудың жаңа форматын енгізді. Нәтижесінде білікті ұстаздың тәрбиесін көрген оқушылар түрлі білім сайыстарында үздіктер қатарынан көрініп жүр.

Г.Алмаханова қазір қалалық №1 мектеп-гимназиясында қазақ тіл мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарады. Сабақты жаңа технололгиялармен ұштастырып өтудің нәтижесінде оқушылардың білім алуға қызығушылығы артып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні балалардың асыға күтетін сабағына айналды.

Ұстаздың «Қазақ әдебиеті пәні бойынша қолданылатын көмекші құралы» атты авторлық оқу әдістемелігі туралы ғалымдар оң пікір білдіруде.

– Сабақ оқыту барысында «Алтын балыққа арналған аквариум», «Ақылдың алты қалпағы», «SWOT-талдау», «Блум түймедағы» секілді тәсілдерді қолданамын. Мұндай әдістер оқушыны сыни тұрғыдан ойланып, баға беруге жетелейді. Алған білімін өмірде қолдануға септігін тигізеді, — дейді Г.Алмаханова.

Ұстаздық қызметі мен шығармашылықты қатар алып жүрген мұғалім – сабақтан тыс уақытта «Шамшырақ» театр үйірмесіне жетекшілік етеді. Үйірме өз жұмысын жақында бастағанына қарамастан, қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы мен Абай шығармаларынан үзіндіні жас көрермендерге ұсынып үлгерді.

Айта кетсек, Г.Алмаханованың жұмыс өтілі 24 жыл. Қаладағы №1 мектеп-гимназиясында 2020 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.

Дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*