Шымкентте ауыз су бұрқақтары іске қосылады

Шымкенттегі Әл-Фараби ауданында тың жобалар қолға алынбақ. Соның бірі – қала тұрғындары тегін су іше алатын су бұрқақтары болмақ. Бұл туралы аудан әкімі Рашид Мыңбаев әлеуметтік желіде тұрғындармен тікелей байланыс барысында мәлімдеді.
Аудан әкімінің айтуынша, шөл басатын құрылғыларды адам көп шоғырланған 15 орынға орнату жоспарлануда. Бұл жоба демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылады.
– Су бұрқақтары қаламыздағы көпшілік орындарға орнатылады. Яғни, ірі сауда-сауық орталықтары мен жоғары оқу орындары, дендросаябақ пен зообақ сияқты қала тұрғындары мен қонақтар жиі жүретін орындарды нақтылап отырмыз. Бүгінде су бұрқақтарының эскизі дайындалды, енді демеушілермен келіссөздер жүргізілуде, – деді Рашид Мамытұлы.
 
Жобаның ерекшелігі сол – бұрқақтардағы су үнемі ағып тұрмайды. Тіршілік нәрін үнемдеу мақсатында арнайы батырма қарастырылып, тұрғындар соны басқанда су ағып, қалған кезде тоқтап тұрады. Бұған қоса арнайы сүзгілер орнатылып, қауіпсіздік жағы да қарастырылған.
Сондай-ақ, аудан әкімі тағы бір жаңа бастаманың қолға алынатынын мәлімдеді. Аудан аумағында жолаушылар көп жүретін 10 орынға соңғы үлгідегі «Smart» аялдамалары салынбақ. Онда тегін WiFi, смартфон қуаттағыш көздері, кондиционер, қаланың картасы және көлік бағыттары көрсетілген электронды тақтайша орнатылады деп күтілуде.