Суретте: Көйлек иесі Рахат Барысұлы Көбелеков.

Қажымұқанның 70 жыл сақталған көйлегі туралы не білеміз? (2014)

«Қалың бет, бура түсті, қара нардай
Жұп-жұмыр, жуан діңгек, бойшаң дардай
Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде
Айбынды, жолбарысқа болар пардай…». Сәкен Сейфуллин Қажымұқан Мұңайтпасұлының палуанға тән бітім-болмысын осылай суреттепті. Еш қазақтың табаны тимеген жаһанның 28 елінде болып, еш қазақ тақпаған 56 алтын-күмісті олжалаған палуанын бүгінгі ұрпақ біле ме?

Жауырыны жерге тимей дүниенің дүр дегендерін алып ұрған, Африканың қара перісімен де күрескен, жапонның Саракикиімен де тірескен күш атасының өмір тарихын біз қаншалықты білеміз?

Поддубный, Шемякин, Аберг, Заикин, Лурих, Шульц сынды палуандармен жолбарысша жұлқыласып, бәйге алу — ол заманда нағыз ерлік еді. Ол заманда империяның буына семірген күрес қожайындары қазақты менсінбеді. Талай әділетсіздікті көргенмен, біздің палуан мойымады. Мойындатты. Сол үшін «Мұқалмаған Мұқан» атанды.

Дегенмен, Қажымұқанның қартайған шағында елеусіз көп шалдың біріне айналып, жоқшылық көргенін, олжалаған ордень-медальдарын неге өзенге лақтырғанын, атымтай жомарттығы бір төбе, талай сырқатты сауықтырған емші болғанын біреу білсе, біреу білмес.

Бүгін біз Қажымұқанның 70 жыл сақталған көйлегі туралы сыр шертелік. Палуан киген тарихи көйлек көкшетаулық Рахат Барысұлының үйінде сақтаулы тұр. Қажымұқан өлім аузында жатқан кешегі сәби, бүгінгі Рахат қарияны сол көйлегімен орап, жанын аман алып қалған, деседі.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

Қазақтың қос алыбы кездескен Көкше жері. Егде тартқан Балуан Шолақтың қалын сұрай, бұл өлкеге бір замандары атақты Қажымұқан келген. Екеуі төс қағыстырып, ұзақ құшақтасқан деседі.

Бұл көңіл тебірентерлік сәт төңіректегілердің көздеріне жас үйіріпті. Ал, сол Қажымұқан Мұңайтпасұлының кіндік баласы Рахат Барысұлы 2004 жылдан бері Көкшетау қаласындағы мына көпқабатты үйде тұрады. Бұл бәлкім тарихи сәйкестік шығар.

Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом. Сабырымызды тауысқан сары көйлекке қарап, Сәкен суреттеген палуанның қандай ірі болғанына күмән келтіре алмадық. Жағасының сәл-пәл жыртылғаны болмаса, көйлек тозбаған.

Қажымұқанның кіндік баласы Рахат — осы кісі. Алпыстың тоғызында. Әкесі Барыс пен анасы Ақбөпеде бұған дейін бала тоқтамай, шетіней берген. Рахат туғанда да әке-шеше аңырай жаздапты. Сол бір Шәуілдір топырағында өткен шілдехана кезінде сәбиді қатты сырқат қысқан. 

Рахат Барысұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының кіндік баласы:

Сол уақытта Қажымұқан келіп, батасын беріп, дамбалға мені екі-үш рет салып, сосын көйлегін шешіп, орап, әкеме «балаң өлмейді, тойыңды бастай бер» деген.  Сол жерде отырған кемпір-шалдар, доктор бәрі таңғалған. «Пырылдап барып ұйықтап кеттің, содан күліп ояндың», дейді анам.

Көрер жарығы бар екен, сөйтіп, сәбиді дәрігердің инесі емес, палуанның жейдесі құтқарып қалады. Аузына түкіріп, балаға Рахат деп есім береді. «Менің жасыма жет!» деп, былайша бата қылған.

Сол көйлекке оранып өсіп, зіңгіттей жігіт болған Рахат қария содан бері дәрігерге бір-ақ рет көрініпті. Бас ауырып, балтыр сыздаса, киелі көйлектің де көмегі бар, дейді.

Рахат Барысұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының кіндік баласы:

Жан қысылып, ауырғанда осы көйлекті орап киіп аламын. Пайдаланғанда бісіміллә деймін де киіп аламын үстіме, сосын жатамын.

Қазір аз-маз шөгіп қалғаны болмаса, инженер жігіт жастығында салмағы 100 келі тартқанын айтады. Арнайы Ұлттық арнаға деген құрметім деп, бізге палуанның киімін кигізді.

 Алтынай  Рамазанова, Рахат Барысұлының жары:

Қазір мұндай мата жоқ деп ойлаймын. Бөз деген матадан тігілген. Көрдіңіз бе, қолмен тігілген. Машинкадан артық. Бәрі біркелкі, қандай шебер адам тіккен. Бұл көйлек бірде бір рет жуылмаған. Іздер бар.

Заманында көйлекті көзбен көрмекке Мұстафа Өзтүріктің өзі арнайы келген. 9 жасында Қажымұқанның қамқорында болған поляк палуаны Диновицкий де көйлекке қолқа салған. Бүгінге дейін де «құда түсушілер» көп. Алайда, қарияның киімді оларға беруге әзірге ықыласы жоқ.

Алтынай  Рамазанова, Рахат Барысұлының жары:

Мына мойнының айналасы 58 сантиметр, иықтары 160 сантиметр. Мынаны белі деп санасақ, 188 сантиметр. Ал, жалпы ұзындығы 1 метр. Содан бері бұл көйлек өмір бойы жуылмаған. Содан шығар, міне тердің иісі бар.

Рахаттың әкесі Барыс кезінде Қажымұқанмен дәмдес болған. Палуан әзілге жақын, француз, неміс, поляк тілдерін еркін білген деседі. Тіпті емшілігінен бөлек, көріпкелдігімен де талайды қайран қалдырған. 

Рахат Барысұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының кіндік баласы:

Анам айтты кетті ғой, әулие қасиетті адам болған деп. Тышқанның дауысынан қорқатын адам болыпты. Көріпкелдігі былай болған. Таңмен анам кетіп бара жатса, қолынан шап беріп ұстап, «Әй, келін, сен бүгін қандай түс көрдің айтшы», деген.

«Түсімде 7 жұлдыз көрдім. Оның үшеуі жарық екен» депті анам.   «Әй бәсе, солай ойлап едім. Айналайын, 7 балаң болады. Оның үшеуі қыз болады, төртеуі ұл болады», дегенСол айнымай келді.

«Атандым Мұқан палуан, бала жастан.
Ішінде күштілердің болдым астам.
Талай-талай жерлердің дәмін татып,
Өтті дәурен осылай біздің бастан…», деген Қажымұқан қазіргі Астана іргесіндегі Қараөткел ауылында дүниеге келді деген дерек бар. Алайда, палуанның туған жылына қатысты пікір қилы.

Ғазизбек Тәшімбай, Қажымұқантанушы:

Бұл кісінің 1871 жылы емес, 1883 жылы туғаны анықталды. Өйткені, 1913 жылы «Айқап» журналының 3-ші  санында Мұхамеджан Сералин Қажымұқан туралы үлкен мақала жазған. Аты Қажымұқан, жасы 30-да деп. Егер 1913-ші жылы жасы 30-да болса, сонда 1883 жылы туған болып шығады.

Қажымұқан кедей отбасынан шықты. Бақуатты адамдарға жалданып, күн көрді. Бірақ, бұла күші бұлқынған бала жасынан күреске түсіп, «бала палуан» атанады. Кейін 1901 жылы цирк көруге Омбыға барған 18 жасар Мұқан сол жерде белгілі балуан Злобинмен күресіп, аты шығады.

Кейін сол Злобиннің себі тиіп, Мұқан әйгілі Лебедевтің мектебінде екі жыл жаттығады. Осы мектептен соң, оның боз кілемдегі ұзақ та даңқты жолы басталады.

Серік Ибадуллаев, «Қажымұқан» қоғамдық қорының атқарушы хатшысы:

Бұл Қажымұқан бабамыз жалғыз қазақтың мақтанышы емес, бүкіл алты Алаш жұртының мақтанышы. Түркі халқын бүкіл әлемге паш еткен тұлға. Одан басқа біздің дүниежүзіне танылған тұлғамыз жоқ. Қазір тіпті мектеп жасындағылар бұл кісінің кім екенін біле де бермейді.

Мектеп жасындағылар білсін деп, Ұлттық арнадан көрсін деп біз палуанның талай жәдігері сақталған түстікке тарттық. Палуанның көнеріп біткен кесенесіне неге көңіл бөлінбей келеді? Мұражайдағы орден-медальдары неге түгел емес?

Поддубный мен Қажымұқан шын мәнінде күрескен бе? Сол кездегі билік қартайған Қажымұқанды неге сыртқа тепті? Палуанның өмірінің соңы неге жоқшылықпен өтті? Бұл енді келесі жексенбіде.

Мейіржан ӘЛІБЕК
«Qazaqstan» телеарнасы (26.10.2014ж)