Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету қоғамның ортақ міндеті

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова басқармаға қарасты №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысты.
Жалпы орталықта көмекке мұқтаж, жасы 18-ден асқан, I — II топтағы психоневрологиялық аурулары бар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сегіз бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда орталықта екі жүз жиырма бес мүмкіндігі шектеулі азаматқа көмек көрсетілуде.
 
-Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету қоғамның ортақ міндеті. Жақын арада орталық көпфункционалды кереуеттермен, арнайы құралдармен және мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау мақсатында арнайы автокөлікпен қамтылды,- деді басқарма басшысы.
Орталықта қызмет алушыларға барлық жаңдай жасалынған. Мұнда үш медициналық бекет, жүз адамға шақталған асхана, екі тренажерлық зал, қызмет алушыларға ыңғайлы пандус пен лифт бар.