Қ.Әміржанов: Күш атасы — Қажымұқан (22.09.2010ж)

Автор жайлы. Қалиәкпар Көшкімбайұлы Әміржанов 1926 жылы Омбы облысының Шарлақ ауданындағы Киров ауылдық кеңесіне қарасты Қаратомар ауылында туған. Балалық шағында құрбы-құрдастары қатарлы мектепте оқып, білім алды. Есейген кезінде туған ауданында әртүрлі жұмыстарда істеді. 1949 жылдан бастап Қ.Әміржановтың қызметі Қазақстанмен, оның ішінде Ертістің Павлодарға қарайтын өңірімен тығыз байланысты болды. Мұнда ол он жылдан аса мәдениет саласында бел шеше еңбек етті. Әуелі қалалық атқару комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі, содан кейін облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. Бұл жылдары, тоталитарлық жүйе дәуірлеп тұрған кезде, халқы жағынан орыстілділер басым Ертіс өңірінде қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін дамытуға ұйытқы болды. Атап айтқанда, қазақ жастары көркемөнерпаздығының серпілісі, қазақ тілінде кітап оқушылар конференцияларының өткізіле бастауы – осы тұс. 1959-1963 жылдары Қ.Әміржанов Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) жоғарғы кәсіподақтар мектебінде оқыды. Оны ойдағыдай бітірген соң жолдамамен Алматыға келді. Мұнда ол әуелі Қазақстан кәсіподақтары кеңесі мәдениет бөлімінің инспекторы, ал 1965 жылдан бастап 1984 жылға дейін мәдениет қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы, 1984 жылдан 1988 жылға дейін республика мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мамандығын жетілдіру институтының директоры болды. Қ.Әміржановтың мә­дениет мәселелері жайында жазған мақалалары облыстық, респуб­ликалық, одақтық баспасөзде әр кезде жарияланған. Өзінің балалық шағында бірге дойбы ойнау бақытына ие болған даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов және оның ұрпақтары жайында жазған естеліктерінің толықтырылған нұсқасын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. Зейнолла ӘЙТІМОВ, ғалым-журналист, Қазақстан Журналистер одағы ардагерлер кеңесінің төрағасы

Қара күште әлі ешкім жоқ сенше биік шырқаған,
Өнерге де өзгелерден жақын ең ғой бір табан,
Рух қашып бара жатыр өзің өскен қырқадан…
Бүгін мені қайта көтер жарты ғасыр өткен соң,
Қанатсызды мойындамас мінезіңмен бұрқаған.
Сол бір салтың тірі тұрса, тұрар әр кез ұлт аман,
Қазақтың бас бұлшық еті, құлагер төс, піл табан…
Мұхтар Шаханов

Қазақ халқының мақтанышы, аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасов жа­йында көптеген естеліктер, көркем фильм, хроникалық киноленталар бар. Ол кісімен кездескен адамдар айтып жүрген аңыз-әңгімелер де аз емес. Кейінірек шыққан Ғазизбек Тәшімбаев құрастырған «Күш атасы» жинағындағы («Қазақстан» баспасы, Алматы, 1990 ж.) естеліктерде оның палуандыққа қандай қиын жолмен келгені, бүкіл Еуропа, Америка, Азия халықтарына өзін қазақтан шыққан тұңғыш палуан екенін көрсеткені тәп-тәуір берілген. Оның ішінде Қазбек Сүлейменовтің «Палуанның балалық шағы», Дихан Әбілевтің «Алыптың ақ батасы», Әуелбек Қоңыратбаевтың «Өз аузынан естігендерім» бар. Қадыр Мырзалиевтің «Бұлшық еті даланың» өлеңіндегі:
«Сайын далаң – өзің анаң, өз әкең,
Сол далаға тартпай туған аз екен.
Осындай ұл таба алам дегендей,
Тапқан сені қазекең», – деген шумағы кімді болса да бір тебірентіп тастайды-ау. Сәкен Сейфуллин­нің «Қажымұқан», Сырбай Мәуленовтің: «Ұл тартып туса игі енді өзіңе» өлеңдеріндегі теңестіру, сипаттама, тірі адам түгілі, өлген аруақтардың өзін бір аунатып тастайтындай.
Қажекеңнің тек білек күш иесі ғана емес екенін, оның парасатты, ойшыл, намысшыл, зейінді адам болғанын бір ғана автор (Ж.Бектұров. «Күш атасы», 248-б.) жазбайды, оны бәрі өздерінің естеліктерінде дәлелдеп келтіреді. Талиға Бекқожина «Әншілігі де бар еді» деген әңгімесінде: «Көпшіліктің сұрауы бойын­ша Қажекең қолына домбыра алып, қоңыр дауысымен шырқай жөнелді:
Атандым Қажымұқан бала жастан,
Ішінде империяның болдым асқан,
Кешегі Омскінің қаласында
Құлаттым қырық палуанды бір шалмастан», –
деп жазады. Бұл шумақ Қажекеңнің әншілігін, шы­ғармашылық өнерін байқатса, «Ал қазақтың қара сөзін мақалдап, мәтелдеп сөйлегенін, соның үлгісін мен Қажекеңнен көрдім» дей отырып, Ә.Қоңыратбаев: «Әттең, ол кісінің сөзін магнитофон лентасына да түсіре алмаппыз», – деп өкінішін білдіреді. Маркс Қазыкеновтің Бәтима апайдың (Қажекеңнің бірінші әйелі) өз аузынан жазып алған Қажекең туралы әңгімесі маған өте ұнады. Себебі өз басынан кешкен өмір шындығы, жұртшылыққа аттары әйгілі болған, сол уақыттағы палуандардың дұрыс берілген мінездемелері, қай жылдары, қай жерде күрескені – тарихи шындық. Бәтима апай Қажымұқанның 1914 жылы Вестергад Шмидтпен Нижний Новгородта кездескені жөнінде: «Шмидт тәжірибелі палуан ғана емес, сонымен бірге пайда іздеген алаяқ ретінде де танылған болатын. Бұл кездесудің өз пайдасына шешілмейтіндігіне көзі жеткен ол Қажымұқанмен тек жеке жүлде үшін күресетінін мәлімдейді. Жүлдені 100 сомға бағалайды. Қалтасында ақшасы жоқ, амалы таусылған Қажымұқан жиналғандардан көмек сұрайды. «Топ ішінен екі жас жігіт шығады да, төрешіге 100 сом ақша тастайды. Олар Нұрлан және Абдолла Есбергеновтер еді» дейді.
1970 жылдары болуы керек, белгілі жазушы Зейін Шашкиннің үйінде бір фотосуретке көзім түсті. Қарасам, ортасында еңгезердей, бұлшық еттері бұлтылдаған, жалаңаш, жалғыз шолақ дамбалмен тұрған Қажекең, ал екі жағында біреуі орысша (еуропаша), екіншісі кавказша, басында ақ сеңсең бөрік, әдемі, сол уақыттағы модамен киінген екі қазақтың жас жігіттері. Үй иесі Мариям жеңгемізден «Мына жігіттер кім?» деп сұрасам, «Бұ­лар: Абдолла – менің әкем, Нұрлан – әкемнің інісі, семейліктер. Н-Новгород жәрмеңкесіне барып жүр­генде Қажымұқанмен кездесіп түскен суреттері» деді. Бәтима апай айтқан Нұрлан мен Абдолла осы фотосуреттегі жігіттер болып шықты. Олардың сондай ерлік, азаматшылық жасағанын «Күш атасы» кітабынан оқып білдік. Сол «Күш атасында» (15-29-б.б.) Қажымұқанды көрген, білгендердің ішінде ең ма­ңыздысы – Бәтима апайдың естелігі және оны жазып алған Маркс Қазыкеновтің зор еңбегі.
Осы «Күш атасы» кітабының кіріспесінде Ғазизбек Тәшімбаев: «Қажымұқанның замандас­тары, ол кісіні көзімен көргендер азайып барады. Көпшілігін (көргендердің – Қ.Ә.) көре алмай қалдық», – деп өкінеді. Бірақ осы уақытқа дейінгі Қажымұқан жөніндегі шығармалар – Қ.Әбдіқадыровтың «Қа­жы­мұқан» кітабы, М.Танекеевтің 1964 жылғы зерттеу еңбегі, Ә.Бүркітбаевтың деректі повесі – келесі ұрпаққа үлкен мұра.
Қажекеңді көрмегендердің бірі Тұманбай Мол­дағалиев:
«Бөліп берген олжасын бар адамға,
Алғыс алып анадан, ағадан да.
Қажекеңді көргендер бақыттырақ,
Көрмей қалған біздерге қарағанда», – деп өкінішін білдіреді. Дұрыс қой. Ал біздің міндетіміз – көрген, білгендерімізді жариялап, айтып кету. Сол көргендердің, Омбы жағындағы Қажекеңнің отбасымен араласып жүргендердің біреуі мен едім.

Қалиәкпар Әміржанов,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер, мәдениеттанушы, ҚР мәдениет қайраткері
Алматы

Дереккөз: «Ana tili» газеті (22.09.2010). Adyrna.kz сайты (18.11.2015)