Қ.Әміржанов: Жұбайлары жөнінде (29.09.2010ж)

Атышулы адамдар жөнінде аңыз-әңгімелер көп болады ғой. Менің есімде қалғаны, Қажымұқан атамыздың бүкіл Ресейді, Қазақстанды аралап жүріп негізгі қоныстанған жерлері – «Сибкрайда» (Омбы маңайы) және «Киркрайда» (Оңтүстік Қазақстан облысы). «Енді ол неге Омбы жерінде қоныстанды?» деген сұрақ тууы мүмкін.

1910-37 ж.ж. дейінгі келіп, кетіп тұрған елі – төре ауылы, «Жаңа жол» колхозы, Шарлақ ауданы, Омбы облысы. Менің әкем Көшкімбай 1939 жылы қайыншылап осы араға көшіп келді. Сол 40-шы жылдары Халиолла бірінші әйелі Бәтимадан (Н.Н.Чепковскаядан) туған, екінші алған әйелі Ырысты үш қызымен «Жаңа жолда» – төре ауылында тұратын. Төре ауылына қоныстануы – бір уақытта әлді, әйгілі ел болған. Оның өзіндік тарихы бар. XIX ғасырдың басында әр елде өзінің төресі болуы керек деген салт бар екен. Мадияр – Қыпшақ: «Біздің төреміз жоқ» деп «Қызылғақ» (Ертіс ауданы, Павлодар облысы) деген жерден Самай атты төрені алып келіп, жер беріп, алдына мал салып, өздері малшысы, жылқышысы болып жүреді. Самай туған баласының атын Абылай деп қояды. Сол Абылайдан тарағандар бір рулы ел болып, Төре ауылы атанып, бертін «Жаңа жол» колхозына ұйымдасты. Қажекең Омбы циркінде өнер көрсетіп жүрген кезінде тамыр-танысқа жиі барып, қонақтап жүреді. Омбы маңайында қазақ жұрағаты көп қой: керей, найман, қосқұлақ, уақ, атығай, қарауыл, қаржас. Ал енді қыпшақ рулары: Мадияр, Жанайдар, Қосайдар және Құлатай – Төбеттің төрт ұлы дейтіндер Омбының оңтүстік жағында, Көкшетау, Павлодар облыстарының төңірегінде мекендеген.

Қазан төңкерісінен кейін Орынборда, әсіресе, Омбыда зиялы, оқыған қазақ азаматтары шоғырланды. Солардың ішінде Міржақып Дулатов та болған. Міржақып (өзі мадияр – арғын, қостанайлық) елге шыққанда, көбінесе менің мына өңірде де мадияр қыпшақ ағайындарым бар екен деп Қажымұқанды, тағы басқаларын жанына ертіп жүретін болған. Қажекеңе мадияр-қыпшақ жұрағаты ұнап, оның төре қыпшақ болып кеткен Төре ауылына отбасын көшіріп әкеліп, өзі осы арада 1937 жылға дейін тұрады. Тағы бір жайт, жұрттың айтуына қарағанда, ақсақал, қарасақалдар жиналып: «Айналайын Қажеке, жас болса келе жатыр, сені екі әйел алды деп ешкім сөкпейді. Мына тұрған «Ақшада» (Дробышево) мадияр-қыпшақ Тыныбай дегеннің үкілеп өсірген Ырысты атты бойжетіп тұрған сұлу қызы бар» деп, сол қызды ел болып, құдалық жасап алып береді. Біз сол мекенде 1939-41 ж.ж. Қажымұқанның Ырысты тоқалымен, оның қыздарымен үй арасында үй жоқ – көрші тұрдық.

Қажекеңнің үрім-бұтағын айтудан бұрын алған, бірге тұрған жұбайлары жөнінде аздап болса да мәлімет беру керек болып тұр.

1909 жылы Қажекең Надежда Николаевна Чепковскаяға үйленеді, 1925 жылы Тыныбай қызы Ырыстыға, 1938 жылы Мүнәймге, 1946 жылы Ай-шагүлге… Менің жақсы білетінім – «Сибкрай» өңіріндегі жұбайлары, жұрағаттары. Бірінші неке қиып алғаны Н.Н.Чепковская – 16 жастағы, аттың құлағында ойнайтын, «цирковая наездница» атанған әртіс қыз. Өзінің айтуы бойынша: «Омбыға келгеннен соң ұзамай мені мешітке апарып, Хасен деген молдаға некемізді қидырды. Сол күннен бастап мен Қажымұқанның зайыбы Бәтима атандым. Осының өзін әлі күнге дейін менің басыма Қажымұқаннан қонған зор қасиет деп санаймын», – дейді. («Күш атасы», 17-18-беттерде). Осы Бәтима апайдан 1910 жылы Қажымұқанның ұлы Халиолла туады. Халиолла 16 жасқа толар-толмаста Шәпен атты қызды алып беріп, отау жасап, жеке шығарады. Біз сол елде тұрған жылдары (1939-41 ж.ж.) Халиолла үйлі-баранды, іргелі отбасы, сол «Жаңа жол» колхозының төрағасы еді. Халиолланың жеті баласы болды. Ең үлкені Шабдан – 1927 жылғы, менің досым. «Екіағаш» орта мектебінде бірге оқыдық. Ұзын бойлы, палуан, атасына тартқан. Ол әскерге барып, сол жақтан бірден елге қайтпады. Қажекеңнің (Шымкент облысына) қолына келіп, атасы үйлендірді. Қазір зейнеткер. Омбы облысындағы «Шарлақ» совхозының Платоновка деген бөлімшесінде тұрады. Мен ағайын аралап жүріп, 1999 жылы әдейі барып кездестім. Халиолланың балалары: Фарида, Рәзия, Жанайдар, Елтай, Құлымбет. Орыс әйелінен туған баласының атын білмеймін.

Міне, мен білетін палуанның «Сибкрай» өңіріндегі ұрпақтары. Ал енді Ырыстыдан қалған София мен Рашида ерте дүние салды. Рыстыдан туған Әзия қызынан бір қыз бар деп естідім, ал Шымкент маңайындағы Мүнәйімнан туған Айдархан, одан дүниеге Шаттық келді. Ең соңғы тоқа-лы Айшагүлден Жанәбіл туса, оның баласы Жанар. Палуанның бұл не-мерелерінен кімдер бары маған белгісіз.

Қажекеңнің балаларын, немерелерін, жоғарыда айттық, көбі парасатты, ойшыл азамат болып өсті. Жанәбіл де ірі, палуан болды. Айдарханның баласы Шаттық та «карате-до» бойынша 2002 жылы Азия ойындарында күміс жүлде алды. Бірақ өзіне тартқан нағыз палуан, батыр әлі жоқ. Бәрі қатардағы ғана. Қажекеңнің тірі кезінде жанашыр жолдастары, замандастары аласұрып палуанға бір әйелден соң бір әйелді алдырып жүргені айтпаса да белгілі болып тұратұғын – өзі сияқты аузынан түскендей білек күшін, күш атасын тосты. Қайтесің, Құдай бермеді. «Үмітсіз – шайтан». Л.Н.Толстой айтқан екен: «Менен кейін табиғаттың берген таланты демалады» деп. Сол сияқты демалып жатуы да мүмкін. Жеті атасынан кейін қайталанады деген қазақтың ата сөзіне сенеміз де, күтеміз де.Атышулы азаматтардың жалған да балалары болған ғой. Қажымұқанның баласы Айдархан: – «Әкемнің үлкені – Халиолла, ең кішісі – Жанәбіл. Мұхтар атты тағы бір Қажымұқанов бар деп естідім. Оның жайын жетік біле бермеймін», – дейді («Қажымұқан қағанаты», 483-б.). Менің білетінім, өзінің заңды, некесін қиып алған әйелдерінен туған Халиолла, Айдархан, Жанәбіл. Ғабдолла туралы жоғарыда айттық. Осы арада Сырбай Мәуленовтің:

Саусағы Алатаудың еменіндей,
Жотасы Қаратаудың кемеріндей.
Жүзінен шаттық, қайғы білінбейді,
Тұп-тұнық Қараөткелдің тереңіндей, – деген шумағы еске түседі. Шіркін, қандай асыл сөздер. Түрін, тұлғасын көріп, мұндай жігітке кім ғашық болмайды. Біз өзіміз көп уақыт үгіт-насихат, мәдени-ағарту жүйесінде қызмет істеген адамбыз. Сондықтан халыққа, елге эстетикалық сезім ұялататын сөздерді жеткізгіміз келіп тұрады. Асқар Тоқмағамбетов:

Он жігіт жауырынына жайланса да,
Елу пұт білегін байласа да,
Бұлқ етпей бәрін жалғыз көтереді,
Үстінен пятитонка айдасаң да, – дейді. Бұл сипаттама кімнің делебесін қоздырмайды. Ат үстінде жүрген Қажекең көппен кездесті, таныс болды. Жоғарыда айтылған тұлғасы, мінезі, мықтылығы қыз-келіншек түгілі, ер адамның өзін қайран қалдырады. Әрине, палуан ағамыз жас болды, «мас» та болуы мүмкін. Өз көзімізбен оқығанымызды, өз құлағымызбен естігенімізді несіне жасырамыз. Бір кітапта былай деп жазылды: «1960 жылы Қызылордаға Мәскеу циркі келіп, ондағы Николаев деген палуан өзін Қажымұқанның баласымын деп жариялағанда, халық нөпірі отыз күндей цирктің алдын бермеді. Бұл қазақ халқының батыры Қажымұқан Мұңайтпасовқа деген құрмет, үлкен ілтипат болатын» («Қажымұқан қағанаты», «Ордабасы», 378-б.). 2005 жылы маусым айында Омбыдағы цирк директорының орынбасары болып істейтін, өзі бала кезінен цирктің аренасында қызмет істеген Евгений Юрьевичпен кездестім. Оның айтқаны: «1960 жылдары болу керек. Бізге жыл сайын бір айға келіп-кетіп, білек күшімен ойын көрсетіп жүрген Герасимов: «Мен Қажымұқанның баласымын, осы Омбы облысында тұратын менің ағайындарым бар» деп, Шарлақ, Русская поляна, Дробышев (Нововаршавка) аудандарына сұранып, апталап барып тұратын». Бұл әңгімені сол жылдары елге (Омбы облысына) амандық-саулық білуге барып жүргенде мен де естігенмін. Жайықбай деген менің жолдасым: «Еңгезердей бір орыстың жігіті келіп, «Шешемнің айтуы бойынша, менің шын әкем Қажымұқан. Әдейі іздеп келдім» дегеннен кейін ел болып қарсы алдық, мал сойып, Қажымұқан аруағына ас бердік» деген еді. Тағы бірі. Сол Омбы облысы, «Целинный» деген совхозда тұратын са-ғал-қыпшақ Омардың баласы Кеңес күйеубаланың айтқаны: «1970 жылдары ауданның орталығы «Русская полянаға» Башқұртстаннан келген Қажымұрат деген азамат өзінің туған әкесінің үрім-бұтағын іздеп жүр деп сол кісіні маған жібереді. Сұхбаттасқанда ұққаным: Қажымұқан Уфада 1915 жылдары болған. Бұл жайында кітаптарда да айтылады. Уфа қаласының ақсақалдары атынан хат жолдаған Мұса: «Қажымұқан мырза, сізді үлкен мерекеміз – сабантойдың құрметті қонағы болуға шақырамыз» деген. Уфада жарты айдай демалған соң палуан Қазанға жүріп кетеді. «Әкемнің аты Қажымұқан болған соң үлкен атам қызынан туған баланың атын Қажымұрат деп қойған» дейді Қажымұрат. Қажымұраттың айтуы бойынша, мұндай ескі дәстүр – жақсыдан ұрпақ алып қалу Орал бойындағы басқа да халықтарда болған. Қажымұрат сондай салттан пайда болған бала секілді.

Ең ақырғысы, «Караван» газетінің 2009 жылғы 10 сәуірдегі нөмірінде Қажымұқанның немересі Шаттық былай дейді: «1996 г. мы к своему удивлению получили приглашения из Франции, где как выяснилось у Кажымукана остались дети от жены француженки. Они пригласили нас приехать, но отец (Айдархан), как член партии наотрез отказался ехать «к буржуям» и больше мы связь с ними не поддерживали». Осы Қажекеңнің балаларымыз деп жүрген азаматтар мүмкін жалған да болар, бірақ басқа ұлт өкілдері Қажымұқан деген есімді мақтан етіп, атын шығару үшін пайдаланған ғой деген ой келеді.

Қалиәкпар Әміржанов,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер,
мәдениеттанушы, ҚР мәдениет қайраткері
Алматы

Дереккөз: «Ana tili» газеті (29.09.2010). Adyrna.kz сайты (18.11.2015)