Инвестициялық штаб отырысында 13 жоба ұсынылды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестиция жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында жаңа инвестициялық жобалар ұсынылып, 8 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі және хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Жиында «Zoom» жүйесі арқылы жеке кәсіпкерлер жаңа жобаларын ұсынды. Автомобиль, құрылыс, медицина саласы бойынша өндірістік кәсіпорындар, сауда, әлеуметтік нысандар және көпқабатты тұрғын үй бағытында, жалпы 13 жоба таныстырылды.
 
Атап айтқанда, үндістандық «Маннат Хелткеар» ЖШС автомобиль қосалқы бөлшектері өндірісі, биоактивті қоспалар өндірісін, ирандық «KHZ EXPO-777» ЖШС базальт талшықтан отқа төзімді мата өндіру, түркиялық «ОЗДИЛЬ» ЖШС компаниясы өкілдері газоблок өндірісі жобасын жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.
Одан бөлек, «Lotos Trade» ЖШС бояу материалдары, «UnitPacking» ЖШС қағаз және гофрокартон өндірісі, «Бекназ и К» ЖШС Құрсай шағынауданында 500 орындық мектеп, «Ай-Ару» ЖШС UEFA талаптарына сай екі футбол алаңын салу, «Арнат Инвест» ЖШС «Шымкент сити» шағынауданында заманауи сауда-ойын-сауық орталығы, «Мейрам» ЖШС киностудия жобасын ұсынды.
 
Сонымен қатар, «Integra Construction KZ» ЖШС, «01KZ-Building» ЖШС, «NTR» ЖШС көпқабатты тұрғын үй құрылысын салуға қызығушылық танытып отыр.
Әр жобаға жеке тоқталып өткен қала басшысы, туындаған және туындауы мүмкін деген мәселелердің уақытылы шешімі үшін тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Әр жобаға барынша көмек көрсетілетінін, жер телімі және инфрақұрылым секілді мәселелер шешімін табатынын айта келе, кәсіпкерлерге алғысын білдірді.