Қажымұқан туралы шындық

Қазақ халықының ұлттық батыры, қазақты әлемге танытқан палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы 150 жасқа толып отыр. Французша және еркін күрестен көптеген халықаралық және әлем чемпионаттарына қатысып, батыс және шығыс Европа, Оңтүстік Америка мен Таяу және Орта Шығыс Азия елдерін аралап жауырыны жерге тиіп көрген жоқ. Стамбұлда түріктің жауырыны жерге тиіп көрмеген ең атақты палуаны Нуруллахты жеңген соң, Стамбұлдың билеушісі Шәкір-паша «Қажы» атағын беріп, Қажымұқан атанды. Қажымұқан туралы жазушы Қ.Әбдіқадыров кітап, Ә.Бүркітбаев деректі повесть, М.Тәнекеев зерттеулер, Ғ.Тәжімбаев естеліктер жинағын шығарды. Режиссер Сұлтан Қожықов «Бізді біліп қойыңдар» атты кино түсірді. Алматы, Семей, Шымкентте көшеге, Нұр-Сұлтанда стадионға есімі берілді, Темірланда мұражай ашылды. Замандасы Сәкен Сейфуллиннен бастап Төлеген Айбергеновке дейінгі ақындар жырға қосты, әлі де ақындар жыр арқауы қылып жырлай беретіні ақиқат. Дегенмен күш атасының өмір жолын еске алудың артықтығы болмайды.

Руы Қыпшақтың Алтыбас аталығынан тарайтын Мұқан Мұңайтпасов 1871 жылы 7 сәуірде, Ақмола облысының Қараөткелінде (кейін № 6-шы ауылында) дүниеге келді. Әкесі Мұңайтпас шаруа адамы болған, атасы Ернақ кішкентай Мұқанға қазақша күрестің тәсілдерін үйретеді, себебі нағашы атасы Лек белгілі палуан болған. Әкесі мен шешесінен тоғыз жасында жетім қалғандықтан, жастық шағы бай татардың есігінде жалшылықпен өтеді. Қара күш иесін алғаш рет орыс көпесі Григорий Масляков байқап, Қызылжардағы палуандар күресіне қатыстырады. Бас пайдасын ойлаған Масляков Мұқанды татар көпесінен біржолата сатып алып, Муханура деген атпен және ұлты татар деп көрсетіп, Ресейдің көптеген қалаларындағы чемпионатқа қатыстырып, көп қаражат табады. Қазан, Уфа, Самара, Саратов, Мәскеу мен Петербург қалаларындағы жарыстарда Қажымұқан еркін күрестен Ресей империясының чемпионы болады.

Кейін Қажымұқанды орыс циркінің директоры Труцци қарамағына алып, француз күресінің ережесі мен әдісін үйретеді.Мақсаты Қажымұқанды Европа мен Әлем чемпионатына қатыстырып пайда табу. Труцци қателеспеді, Қажымұқанның арқасында орасан зор байлыққа ие болды. Ол кезде. Қажымұқанның бойы 1 метр 95 сантиметр, салмағы 130 келі тартып, нағыз күші тасып тұрған уақыт еді.

Осы жылдары Қажымұқан орыс Петров пен Ягоны, негр Лассарбес, Чемперс, Ципс, «Қара Геркулес» атанған Джо Мороны, неміс В.Шульц, Поль Абс, Ганс Каунды, румын Чернояни, эстонТигане, қытай Ли Хун Синг, түрік Әли-Осман, Сели-Сулейман, жапон Саранинниді жеңіп күрес әлемінде аты аңызға айналды. Ережесіз жекпе-жекке шақырып, «джиу-джитсу» әдісін қолданып, жеңбекші болған жапон Саранинни Қажымұқанның құлағын мен ернін жыртып жібергенде, батыр атамызды ашу қысып, жапон палуанының үстінгі ерніне саусағын тығып алып, бет терісін сыпырып тастайды, мақтаншақ бейшара жапонды аренадан зембілге салып алып кетеді.

Қажымұқан орыстың атақты палуандары үш Иванмен дос болды. Олар: Поддубный, Зайкин, Шемякин еді. И.Зайкин мен И.Шемякин Қажымұқанмен үш рет күресіп жеңе алмай тең түсті. Ал, Иван Поддубный қазақ палуанымен күресуден бас тартты. Себебі, И.Поддубный жеңе алмаған поляк Станислав Збышко-Цыганевичті Қажымұқан жеңген болатын. Қажымұқан «Қара Иван» деген атпен күресіп, әлемге осы атпен белгілі болды.

Қажымұқан Париж, Варшава, Будапешт, Берлин қаласында төрт рет Европа чемпионы, Буэнос-Айрес, Жапония, Стамбұл, Харбинде төрт рет әлем чемпионы атанды. Қажымұқан 1896-1916 жылдары күреске 20 жылын арнап, 29 шетелде болып, 56 медаль жеңіп алса соның 48-і алтын алтын медаль еді.Алайда, 1932-1933 жылдардағы аштықта осы медальдарын азық-түлікке айырбастап жібергені өкінішті. «Арпа-бидай ас екен, Алтын-күміс тас екен» деген мақалдың шындығы осында жатыр. Оның есесіне Қажымұқанның қайрат күші кемеліне келіп түрған шағында, 1913 жылы әлем чемпионатында цирк аренасында палуандармен кетіп бара жатқан қас- қағым сәті хроникальды кино кадр да сақталғаны халқымыз үшін қымбат дүние.

1927 жылы Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің Президумы Қажымұқанға «Қазақ даласының батыры» атағын берді. Алайда бүкіл елдің басына түскен зауал, Қажымұқанды да айналып өтпеді. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы репрессия кезінде «Алашорда көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовпен бірге жүрген, бірге тұрған, солардың сүйіктісіне айналған» деп, осы күнгі Қазақстан тарихы оқулығындағы бәрімізге таныс, солармен бірге түскен фотоны алға тартып айыптай бастайды. Қажмұқанды тұтқындауға жақын қалғанын сезген Абдулла деген НКВД-гі туысы Омбыдан Ташкентке қарай бой тасалауға өткізіп жібереді. Қажымұқан зиялы қауыммен көп араласқандықтан өзінің де, кейде күйінген кезде өлең шығаратыны бар еді:

Болып өсті несібем менің түзден,
Кім бар екен елінен күдер үзген,
Есіме туған елім түскен шақта,
Жас домалап түседі екі көзден –
деп алыста жүсе де елге деген сағынышын өлеңмен білдірген. Ол жақта Өзбекстан басшысы Юлдаш Ахунбабаевтың қамқорлығында болып, ағайын-туыспен хабарласып тұрды.

Ұлы Отан соғысы кезінде қартайғанына қарамастан, ел аралап цирктегі үйренген өнерін көрсетіп, қаржысына шабуылдаушы ұшақ жасатып, бас қолбасшы И.В.Сталиннен «Құттықтау телеграммасын» алды. Ұшақ Аманкелді Имановтың атымен аталды. Қажымұқанды қандай адам болғандығын, замандасы сұңқар ақын Сәкен Сейфуллин «Қажымұқан» өлеңінде былай деп суреттейді:

Ожар бет, қара мойын — бейне құлжа,
Қылар ед, бір салса егер мылжа-мылжа,
Шалқиған жауырынды, бұжыр қара,
Еңгезер, үйелмен дәу, тартқан құжға.

Қалың бет, бура төсті қара нардай,
Жұп-жұмыр, жуан діңгек, бойшаң дардай.
Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде,
Айбынды, жолбарысқа болар пардай.

Топшысы кере-құлаш, бітіс шалқақ,
Шалқиып балпаң басад, талтақ-талтақ,
Ұзақ жол керуеннің көшіндегі
Сияқты жампоз атан, басқан малтақ.

Бурадай шонжар, жампоз, жараған дом,
Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом,
Алпамса, алқа-салқа, бұлшық етті,
Қобы жон, алды-артына біткендей қом.

Алып адамды бұдан артық қалай суреттеу керек, дегенмен Қажымұқанмен бірге жүріп-тұрған зиялы қауымның бірінің ойына, оны тірі кезінде салмағын, аяқ-қолын, бойын өлшеп қалу ойларына келмеген бе?-деген сұрақ та туындауы мүмкін ғой, қазақтың бағына қарай ондай адам болды. Ол — Қызылорда педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі болған, түрколог, филология ғылымының докторы Әуелбек Қоңыратбаев (1905-1986 ) еді.

1946 жылы Қажымұқан палуанның үйінде болғанда, оның салмағын, бойын, барлық дене мүшелерін сызғышпен өлшеп алады, бастапқыда палуанға келгендегі бұйымтайын айтуға қорыққанмен, 75-тегі палуан кейінгі ұрпаққа керек дегесін, ашуланбай келісімін беріпті.

Сонымен Ә. Қоңыратбаев өлшеуді бастап жібереді, батыр әрі палуанның жалаңаш салмағы – 174 кг (11 пұт). Шалбарының өзіне — 3 метр мата, көйлегіне — 6 метр сұрып кетеді екен. Бойы -195 см, төбеден белге дейін – 77 см, белден аяғына дейін – 113 см. Жуан санның қалыңдығы -71см, сан жілігінің тізеге дейінгі ұзындығы — 65 см. Балтыр ені- 40 см, ұзындығы — 58 см. Табаны- 35см, аяқ киімінің мөлшері- 54. Шалбарының белі- 220 см, белбеулігі- 170 см. Жалпақ жауырыны- 60 см, қолтық етінің жуандығы- 50 см, қар еті- 47 см, екі иық ені- 56 см, мойынының жуандығы да- 56 см, жатқанда- 60 см. Басының айналасы- 65 см. Біліктің саусақ басына дейінгі ұзындығы – 25 см, ортан саусақтың ұзындығы- 14 см. Білектің жуандығы- 27,5 см. Самайдың жалпағы- 9 см, жақ ұзындығы- 24 см. Мұрынның ұзындығы- 7 см.Құлақтың айналасы- 10 см. Үстінгі еріннің ұзындығы- 10 см. Төбесінің — 55 см, жерінде шаш жоқ. Шашының ағы- 65 пайыз. Мұртының әр қылы инедей жуан. Тамаққа бір қол салғанда- 5-7 кг. ет жейді. Соғыстан титықтап шыққан елдің жағдайы белгілі, сондықтан бір жегенде ет мөлшері аз көрсетілген. Сәбит Мұқановтың «Есею жылдары» трилогиясын оқыған адам біледі, Қажымұқан бір тоқтының етін жеп, бір мес қымызды таусып ішетін еді дейді. Әсіресе, үлкен қойдың 9-10 келі құйрық майын жегенде, қасындағы адам шыдап отыра алмайтын еді деп жазды.

Енді, Қажымұқанның өмірінің соңғы жылдарына келсек, өте аянышты жағдайды басынын өткізіп, ашқұрсақ болып жүруге мәжбүр болды. ҚазақКСР Жоғарғы Кеңесі Президуымының төрағасы А.Қазақбаевқа хатында: «Ақсақал, менің қазіргі жағдайым өте нашар.1946 жылдың 1-ші наурызында Арыс ауданы, Темірлан ауылдық Кеңесіне қарасты, «Ленин туы» колхозына көшіп келдім. Киетін киімім, тамақ алып ішетін қаражатым жоқ, басымда баспанам жоқ, бұрын мал ұстаған жерде тұрып жатырмын, баспана салып беруге уәде бергенмен, ауылдық кеңес азық-түлікпен көмектесе алмайды, себебі, отбасымда жұмысқа жарайтын адам жоқ, балаларым жас, менің жасым 75-ке келгенде далада қалатын түрім бар. Өмірімнің 55 жылын күрес өнеріне арнап, Америкадан басқа шет елдердің барлығында болдым, осы еңбегімді ескеріп, көрші Өзбекстанға көшуге рұқсат беруіңізді сұраймын». Қайран, Қажымұқан соғыс алдында репрессиядан қашып Өзбекстаннан пана тапса, енді аштықтан құтылу үшін тағы да сол жаққа бармақшы болыпты. Жоғарғы Кеңестен қайыр болмағасын, Қазақ КСР-нің Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов пен Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Борковқа мынадай мәтінде хат жазады: «Жағдайым одан әрі нашарлап барады. Арыс аудандының мекемелері маған азық-түліктен ешқандай көмек көрсетіп жатқан жоқ. Құр уәдемен шығарып салады. Менің сұрайтыным сүтін сауып ішу үшін 1-2 бұзаулы сиыр немесе құлынды бие ғана. Басқа ешнәрсе керек емес. Өтініш жазушы Қажымұқан. 10 қаңтар. 1947 жыл». Бұл хатына да жауап ала алмастан, ашқұрсақ атамыз 1948 жылдың 12-ші тамызында 77 жасында дүниеден өтті. Қажымұқанның бұл жанайқай хаттары республикамыздың орталық мұрағатында сақтаулы. Қазақтың үкімет басшысы Нұртас Оңдасыновты палуанның хаты бейжай қалдырмаған, мынадай ұсыныс білдірген: «Қажымұқанның ауыр тұрмыс жағдайын және циркте өнер көрсеткенің ескеріп, оған Қазақ КСР-нің Халық артисі атағын беріп, ай сайын 500 сом эейнетақы тағайындауға және балаларын мектеп интернатқа орналастыруға ұсыныс білдіремін» дегенмен, оған Борков наурыз айында қол қойғанмен, бюрократия және жәйбасарлық салдарынан іске аспай қалды. Қазақтың мақтанышы аштықтан өлгені өзекті өртейді екен.

Оқырман қауым осы алып тұлғадан түяқ қалды ма деп заңды сұрақ қоюы мүмкін. Қажымұқан төрт рет үйленген. Бірінші әйелі Надежда Чепковская-ат үстінде өнер көрсететін цирк артисі болған. Ислам дінің қабылдаған Бәтима атанып кеткен орыс қызымен, (кей деректерде поляк) 1909-1929 жылдары бірге тұрған, одан Халиолла деген ұлының қызы Разия деген немересінің қолында болып Омбы қаласында 1966 жылы қайтыс болды. Осы Бәтима екеуі орыс баласын асырап алып Ғабдолла деп атаған болатын, Ғабдолла соғыс алдында Омбы қаласында прокурор болып істеді, соғыстың соңғы жылында Украинадағы бандеровшылардың қолынан қаза тапты. Екінші әйелі Ырысты Тыныбаевамен 1929-1938 жылдары бірге тұрып София, Азия, Рашида деген үш қызды болды. Үшінші әйелі Мінәйіммен 1938-1945 жылдары бірге тұрған, одан Айдархан (1939-1991) есімді дәрігер ұлы болған, артыңда 4 ұл, 2 екі қызы бар. Үшінші әйелі Бибіжанға 1946 жылы үйленгенде қарт палуан 75 жаста еді.

Қажымұқан 76 жасында көрген кенже ұлы Жәнәбіл Алматы физкультура институтын бітірген, күрестен спорт шебері болып, Шымкент қаласындағы спорт мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып істеді. Жәнәбілден 2 ұл мен 2 қыз бар. Бір ұлын халық жақсы таниды, белгілі эстрада әншісі және сазгер, «Азия дауысы» байқауының жеңімпазы Бақытжан Қажымұқанов. Бір немересі Шаттық каратэ-до дан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2002 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы болар. Өмірінің 20 жылын күреске арнап, 35 жылын адам күшінің мүмкіндіктерін ел аралап көрсетіп таң қалдырған Қажымұқан мәңгі жасайды.

Бақытжан Түменбай,
тарихшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Дереккөз: «Бурабай» газеті (21.01.2021)

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*