«Қазақтың Қажымұқаны» сахналанды

Бүгін қазақ халқының даңықты балуаны, күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай «Темірлан» халық театрында «Қазақтың Қажымұқаны» атты спектакль сахналанды.

Мәдени шарға аудан әкімі, мәслихат хатшысы мен депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысып, театрдың маусымашар туындысын тамашалады.

«Сіздермен тамаша рухани кеште бас қосып отырғаныма қуаныштымын. Өздеріңізге белгілі, биыл күш атасы – Қажымұқан атамыздың 150 жылдығы.

Өмірінің соңғы уақытын осы топырақта өткізген атақты балуанның мерейтойына біраз дүние жоспарлаған едік. Әттеген-айы, әлемді әбігерге салған індеттің кесірінен жоспарлы іс-шаралар дер кезінде жүзеге аспай қалды.

Дегенмен, күз айының алғашқы он күндігінде театр маусымының ашылуын ұлтымыздың толағай перзенті туралы рухты спектаклмен ашып жатырмыз.

Әрқашанда мәдениеті дамыған елдердің экономикасы да әлеуметтік жағдайы қатар дами түсетінін Еуропа елдерінен көріп, біліп келеміз.

Осы орайда аудан тұрғындарына эстетикалық көңіл-күй сыйлайтын «Темірлан» халық театрының шығармашылық ұжымына, осы туындыны сахналаған режиссерлік құрамға, оған қатысқан театр әртістеріне алғыс айтамын.

Алдағы күндерде бұл тарихи мән-маңызы зор туындыны аудан тұрғындары қызыға тамашалайды деген сенімдемін», — деді аудан әкімі Бағлан Батыршаев.

Көркем туындыда Мұңайтпасұлының өмірінің соңғы сәттерінде қасиетті Отырар өңірінен тоғыз жолдың торабындағы Темірлан елді мекеніне қоныс аударған эпизоды сәтті сахналанған.

Аудандық театрдың қысқа уақыт ішінде тарихи туындыны өз деңгейінде орындап шыққандығына ризашылық білдірген Бағлан Дәнебекұлы қоюшы режиссер Ғазиз Арыновқа шапан жауып, шығармашылық топқа Алғыс хат табыстады.

Айта кетерлігі, «Қазақтың Қажымұқаны» спектаклі алдағы күндері аудандық мәдениет үйінің сахнасында көрермендерге тағы да шымылдығын түрмекші.

Дереккөз: Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*