Қазақ баласын «Қажымұқан» әлдилесе болмай ма? (2011)

1944 жылдың 29 қыркүйегінде КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетіне Қазақстаннан бір таңғажайып хат жетеді. Мазмұны: «…Отанымыз фашист басқыншыларына қирата соққы беріп жатқан күндерде мен, өмірімнің 55 жылын спортқа арнаған балуан, жеңіс күнін жақындату үшін еңбекпен тапқан 100 мың сом табысымды қорғаныс қорына тапсырамын. Осы қаржыға Аманкелді Иманов атындағы самолет жасауға тиісті нұсқау беруіңізді өтінемін». Бұл хатты жолдаушы – адам түгілі, батпандай ауыр ойсылқара тұқымын кеудесіне мінгізіп алып, қыңқ демейтін, төрт дөңгелекті арбаны үстіндегі 25 адамымен қоса тісімен сүйрейтін күш атасы, балуандығымен әлемнің төрт бұрышына қазақтың даңқын шығарған Қажымұқан атамыз.

Берлинде темірді қамырдай илеп,
Парижде түйе көтерген

Ерегіскенде 51 пұт кірдің тасын кө­тер­ген Балуан Шолақ пен «екі метр бойы бар, астына ат шыдамайтын, 40 кісі­мен жал­ғыз өзі қамшымен ғана төбелескен» деген аңыз ерткен Иман­жүсіптердің соңын ала даламызды шыр еткен сәби үнімен жаң­­ғыртқан Мұқан да Мұңайтпастай әке­нің ғана емес, күллі қазақтың бағына біт­кен, ғасырда бір туатын таңғажайып ұл бол­­ды. Бойының биіктігі – 1 метр 96 сан­ти­метр, салмағы 130 килограмм тар­та­тын ал­памса (жазушы Әди Шәріпов тіп­ті 230 ке­лі, таразыға тартқанда өз көзіммен көр­дім деп жазады), сонысымен қатар қан­дай ауырлықты болсын қауырсын құр­лы ғана лып еткізіп көтеріп алатын толағай ұл­ды ХХ ғасыр басынан-ақ әлем «Му­ха­нура» де­ген атпен танып қана қоймай, оның әр кү­ресін, әр аренаға шығуын асыға күтетін болған. Оған бір ғана қарапайым мысал айтсақ, Берлинде жуандығы бір еліден асатын сым темірді мойнына галстук етіп, беліне белбеу қылып орап, қа­мырдай илеген балуан бабамыз Па­риж­де сахнаға мініп шыққан түйесін мо­й­ны­на көтеріп, отырған жұрттың аузын аштырып, көзін жұм­дыр­ған. Сондай-ақ талай ел­де 75 пұт жүк салынған арбаны ті­сі­мен сүйреп сах­наға шығарып, алып кеу­де­сіне 20 пұттық тас қойғызып, екі пұттық балғамен уаттыр­ға­нын көзімен көрген ел түгел там­са­на айтып, естеліктерінде жазып кеткен. Әлем­нің 59 елінде болып, алтыны, күмісі, қола­сы бар 48 медаль алған Қа­жымұқан баба­мыз – тек тума талант қан­а емес, спорт мек­тебін бітірген кәсіби спорт­шы. Ал­ты жылдық арнайы спорт мек­тебін үш жылда бітірген, жарты ға­сырға жуық кі­лемнен кетпеген балуанның барлық белдесуін тізіп шығу мүмкін емес, тек қандай мықты­лар­дың жауырынын жерге тигізгенін айт­сақ та, жеткілікті секілді. За­ма­нында ата­ғынан ат үркетін әлем чем­пион­дары – жапон балуаны Саракикиді, не­міс балуаны Тон Кеннедиді, әлем чем­пио­ны Ганс Каун­ды, сондай-ақ тағы бір чем­пион Стурменді жеңген. Ал ел-жұрт ал­дын­дағы абыройы мен даңқын айт­па­ған­да, 1927 жылы Орынборда өткізілген ірі чем­пионатта зор табысқа жеткені үшін Қа­зақ Автономиялы Советтік Социалистік Рес­пу­бликасының Ор­талық атқару ко­ми­теті Қажымұқанға «Қа­зақ даласының ба­ты­ры» деген атақ бер­се, 1945 жылы ол кісі «Құрмет белгісі» ор­денін омырауына тақ­қан.

 «Алып анадан туады»

Расында, алып күш иесінің анасы Кәбира ауыл арасында ерекше күш-қай­ратымен көзге түскен. Бір әкелгені айлық отын болатын ағашты көріп, ел-жұрт «бұл Кәбира аман болса, үйіне тоғайды же­рімен көтеріп әкеледі» дейді екен. Ал енді алып баба­мы­здың дүниеге келуі аңызға татыр­лықтай. Жазушы Қалмақан Әбдіқа­дыров өзінің балуан жайлы кіта­бын­да: «Санаулы күн өтсе де, бала туа қой­ма­ды. Сү­йін­ші күткен қарт ана­ның қуа­ны­шы­на уа­йым араласа бастады. …Жыл кө­те­ре ме дегенде Кәбираға ауыр толғақ кел­ді де, безектетті. Екі күн, екі түн бақанға асы­­лып тұрды. Жаны қысылып, сасқан қарт ана боз қасқа айтқызып, мал шалды. Ақы­рында арыстай ұл туды. Бала жақсы бол­са да, тұңғыш тапқан егізінен әрі сал­мақ­ты әрі үлкен еді. Мөлшерден артық тол­ғақ Кәбираны талдырып тастады», – деп жазады. Туылған соң да оны асқа жа­рыту кедей отбасына оңайға соқпаған. Жаңа туған сәбидің бір сиырдың сүтіне той­мауы адам айтса сенгісіз, бірақ ақи­­қат. Ой­на­уы­ның өзі қызық, өзге ба­лалар асық ойнаса, алып бала өз алдына сиыр мен жылқының то­пайын қы­зық­та­ған. Қор­­қу дегенді біл­меген, тек қысық кө­зінің қиығымен қарап тұ­ра береді екен. Айта берсек, біртуар бал­уан­ның сан қыры тау­сылмайды. Алайда біз­дің айтпағымыз бұл емес…

Күш атасы қашан анимацияға айналар екен?..

Қарап тұрсақ, ешқандай аңыз-әп­са­на­сыз-ақ туылуы да, кешкен өмір жолы да тұнып тұрған тарих, қаһарман бейне осы Қа­жымұқандай-ақ болсын. Атамыз жайлы жазған жазушы, өлең арнаған ақындар да аз болмаған. 1984 жылы со­лардың басын құрастырған Ғазизбек Тә­шім­байдың «Күш атасы» деп аталатын кі­табы жарық көрсе, жазушы Қалмақан Әбдіқадыров «Қа­жы­мұ­­қан» атты хикаят­тар жинағын жазып шық­­­қан. Ал кинема­то­графия саласында бал­­уан баба жайлы тұң­ғыш көркем фильм тү­сірген режиссер Абдолла Қарсақбаев бо­лыпты. Фильм «Знай наших» деп ата­латын болса, ре­жис­сер Сұлтан Қожықов та 1985 жылы «Қа­жымұқан» атты фильм жасаған. Онда то­лағай бабамыз бен фран­­цуз күресі жө­нінен әлем чемпионы ата­­ғын алған орыс балуаны Иван Под­дуб­ный дос­ты­ғының тарихы баяндалады. Алай­да ке­зінде жасалып қалған осынау құн­ды дү­ние­нің кейінгі буын өкілдері та­ра­пынан қол­дау көріп, жалғаспай қалғаны тү­сініксіз. Теле­арналардан да берілмей кет­­кені өз алдына, сол тұстан бергі жа­ңар­ған, толыққан деректерді қосып, бал­уан жа­йын­да жаңа бір кино, деректі фильм неге жасалмайды? Әсіресе осы тұс­та осындай батыр, алып, балуан ба­ба­лары барын бүгінгі балалар біле ме деген ой туын­дайды екен. Жап-жасыл, қалқан құ­лақ, не адам, не аң екені, аң болса да, қандай еке­ні белгісіз Шрэк жайлы мультфильмге де балала­ры­мыз тамсанып, әр жаңа се­рия­сын асыға күтіп жүреді ғой. Егер өзі­міз­­дің өмірде бол­ған батыр­ларымыз, осын­­дай аңыз адам­да­рымыз жайлы ани­ма­­циялық туындымыз бол­маса, ба­ла­ла­ры­­мызға әлгіндей жа­сан­ды кейіпкер таң­сық болмай, қайтсін?! Көк­ті де ұрықтан бас­­тап екпей ме?! Ендеше, біз­ге де ерлікті, өр­лікті, кеңдікті, дар­қан­дық­ты бойымызға сіңіру үшін ең алдымен осы бір қасиеттің ұрығын ұр­пақ­тың кө­кірегіне егу керек екені даусыз. Жалғыз өзі бір сиыр­дың сүтін ішіп, асық орнына жыл­қы мен сиыр­дың то­бығымен ойнаған алып баланың күш ата­сы­на айналғанға де­йін­гі өмірі жан­ды су­рет­терге толы анимация ті­лінде тіпті жа­нып ке­тер еді. Оны көріп өскен ба­ла да «өс­кенде кім боласың» де­се, өр­мек­ші-адам емес, «Қа­жымұқан бо­ла­мын» деп, кеу­десін керіп ай­тары даусыз. Ен­деше, биыл 140 жылдық қар­саңында не­ге осы жа­ғын қолға алмасқа?!

Динар НҮКЕТАЕВА, Мәжіліс депутаты:
– Батырдың да батыры, алыптың да алыбы болады. Қазақтың атын төрткүл дүниеге таратқан әйгілі балуан бабасы жайлы қазақтың бүгінгі қарадомалақтары­ның бірі білсе, өкінішке орай, көбі біле бермейді. Себебі насихат жоқ, идеология жоқ. Бала санасына бастайтын бірден-бір төте жол – анимация. Басқадай фор­матты баланың қабылдай қоюы екіталай. Сондықтан, меніңше, сондай бір ерен күш­тің иесі, талай аңызға бергісіз ерліктің иесі, қаһарман тұлға – Қажымұқан жайлы мульт­фильм керек-ақ. Қаншама азулы елдің жауырыны жерге тимеген алып­та­рын атып ұрған балуан атамыз қазақ баласының санасынан өшіп қалмауы тиіс. Ба­лаларымыздың қиялын қазір қайдағы бір кейіпкерлер жаулап алған, соны тым кеш болып кетпей тұрғанда, осындай өзіміздің қаһармандарымызбен ысырып шы­ғарып тастауымыз қажет!

«Алаш айнасы» (16.04.2011ж)