Қажымұқан палуанның бейіті қайда?

Қазақ халқының қайсар да қайталанбас даңқты балуаны Қажымұқан баба қай жерде туып, қай жерде дүние салған? Кейбіреулер баба сүйегі Астанада жатыр дейді. Осы қаншалықты рас?

Күш атасы Қажымұқан бабамыз 1883 жылы Ақмола облысы Қараөткел ауылында дүниеге келген. Алапат күш иесі Мұқан 18 жасында алғаш рет Омбы қаласында ашылған циркте орыс палуаны И.Злобинмен белдеседі. Тұла бойын күш кернеген балуанға риза болған И.Злобин оған Петербургтегі күрес мектебінде оқуға кеңес береді. Осы мектепте екі жыл оқып, өмірге жолдама алған Мұқан Германияның Кельн қаласында атақты неміс палуаны Генрих Вебердің жауырынын жер иіскетіп, әлемге аты танылады. 1911 жылы Стамбулда түріктің атақты палуаны Нұрлыны жығып, сол үшін «қажы» атағына ие болып, Қажымұқан атанады. Саратов қаласында ашылған ағайынды Никитиндер циркінде алғаш рет Қажымұқан деген атпен күреске шықты. 1927 жылы ҚазАКСР Орталық Комитетінің Президиумы Қ.Мұңайтпасовқа «Қазақ даласының батыры» деген атақ берді.1937 жылы Қажымұқанның ізіне құқық қорғау органдары қызметкерлері түсіп: «Бұл – патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы», – деп қудалауға ұшыратады. Сол себепті Қажымұқан отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалайды.

Алып күш иесі 1948 жылы 12 тамызда 65 жасында Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданы Ленин туы колхозында дүние салды. Бабамыздың зираты осы аудандағы Темірлан ауылында жатыр.

Нұрдәулет ТҰРСЫНХАНҰЛЫ,
Түркістан қаласы
«Алаш айнасы» (13.08.2010ж)