Өз көзіммен…

Мінәйім, Мінәй әже… 1977 жылдың тамыз айы. «Лениншіл жас» газетінде үлкен бір датаға қызу әзірлік жүріп жатты. Ол – заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 80 жыл толу мерекесі еді. Бұл оқиғаны басқа басылымдарға ұқсатпай қайтіп, қалай беру керек?

Міне, осы ойды жүзеге асыру үшін газеттің шығармашылық ұжымы жаңа бір идеяны ойлап тапты да, соған ынты-шынтымен беріле кірісіп кетті. Ол – ұлы жазушының «Өскен өркен» романын жазар алдындағы Оңтүстік өлкесіне жасаған сапарының ізімен жүріп өту еді. Маршрут Мұхаңның 1959 жылғы 13 қыркүйек пен 11 қазан аралығындағы Шымкент-Темірлан-Шаян-Созақ-Кентау-Түркістан-Шәуілдір-Шымкент бағытына негізделді.

Жолсапарға осы жолдардың авторы баратын болды. Содан редактордан тапсырма алған соң Шымкент қайдасың деп тарттық та кеттік. Одан әрі – Бөген… Темірланға келгенімде аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Арапбек Мұсаев мұнда Мұхаңды көрген, кездескен екі адамның бар екенін айтты. Оның біріншісі – Көп­жасар Серданов де­ген кісі екен. Жазушының «Өскен өркен» романында Ержанов болып су­реттелетін ол ағамыз мұнда ау­дан­дық ауыл шаруашылығы басқар­масының бастығы қызметін атқа­ратын болып шықты. Ал екіншісі, атақты Қажымұқан балуанның зайыбы Мінәйім әже деді. Темір­ланға аялдаған сапарында Мұхаң сол кісіге барып арнайы сә­лемдесіпті. Мінәйім апамыз бұл күндері осы село іргесіндегі «Ленин туы» бөлімшесінде тұрады екен. Осыны айтқан Арапбек Мұсаұлы жаңағы өзі айтқан Көп­жасар Сердановты шақыртып алды да ол кісіні бізбен таныстырып, Қа­жекеңнің зайыбы Мінәйім әжейдің үйіне ертіп апарып қайтуға өтініш білдірді.

(Солдан оңға қарай) Бөген аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Көпжасар Серданов, Мінәйім әжей, балуанның туысы Есбол қария және осы жолдардың авторы Қажекең зиратының басында. Оңтүстік Қазақстан өңірі, 1977 жыл, қыркүйек[

«Ленин туы» бөлімшесі Темір­ланнан онша алыс емес сияқты. Бұл жерді тіпті аталмыш селоның жапсарлас бөлігі десе де болады. Міне, осы елді мекеннің шеткі көше­леріне ілігіп, Қажекеңнің қарашаңырағына жақын­даға­нымызда, ауладағы үлкен ағаштың көлең­кесінде ұршық иіріп отырған әже мен жантайып газет оқып жатқан орта жастағы кісіні көрдік. – Анау отырған Мінәй әже, – деді бізге Көпжасар аға жүріп келе жатқан күйі ақырын ғана тіл қатып. – Ал, төрдегі кісі ол Қажекеңнің немере інісі Есбол. Кәріліктен белі бүгілген шүйкедей қарт ана бейсауыт келген біздерді көріп, алғашында абдырап қалды. Шаруамыздың мән-жайына қаныққан соң ғана барып әңгімеге араласты. – Балуанның бабасы Ернақ деген кісі екен, – деді әжей қойған сұра­ғымызға байланысты әлдебір жәйтті есіне түсіргендей болып. – Міне, сол атамыздан Мұңайтпас, Тәшім атты екі жігіт тарапты. Мұңайт­пастан балуанның туғанын бәрің де жақсы білсеңдер керек. Ал, Тәшім­нен Ескермес, одан мына отырған Есбол дүниеге келген. Мен сол Ескерместің құдай қосқан қосағы едім. Ол кісі отызыншы жылдардың ортасында марқұм болып кетті. Содан екі-үш жыл өткен соң Қарас­пандағы алтыбас қыпшақтың ақса­қалдары Тәшкен шаһарында жүрген балуанды осында шақыртты. Сөйтті де бұрынғы отағасымнан қалған балаларға бас-көз болады деп әмеңгерлік жолымен мені Қажы аталарыңа қосқан еді. Әжейден кейін сөзге араласқан Есбол ағаның айтуына қарағанда бұл жағдай 1938 жылы болған екен. Содан бір жылдан кейін Қажекең Мінәйім анамыздан Айдархан есімді перзент көреді. «Мамандығы дәрігер ол бауырымыз қазір Кентауда тұрады. Екі баласы бар, үйлі-баранды жан» деді Есекең бұл туысы туралы бізге.

Қажымұқан Мұнайтпасовтың кенже ұлы Жанәбіл.
Астана, 2002 жыл, сәуір

– Қажымұқан атамыз өмірде қандай адам еді, әже? Бұл туралы есіңізде сақталып қалған жайттар бар ма? – дедік біз жоғарыдағы әңгімеден кейін Мінәйім ана­мызды қайтадан сөзге тартып. – Балуанға мені қосқанда ол кісі 66-67 жастар шамасында бола­тын, – деді жоғарыдағы сұраққа әжей.

– Тұрмысымыз орташадан аспады. Құбатөбел тірлік кештік. Төңірегімізде де шайқап ішіп, шалқып басқан ешкім жоқ болатын. Өйткені ол кездегі жағдай­дың өзі солай еді. Аталарың осындай жоқшылық пен жетім­сіздіктің бәріне төзімділікпен қарады. Үнде­мей­тін. Бала сияқты еді жарықтық. Тез өкпелеп, тез жадырайтын. Және де өзі құстамақ болатын. Жасының ұлғайған­дығына байланысты ма, сон­шалықты алып денесіне қарамай, алдындағы асты шұқып-шұқып қана жеп тез тойып қалатын. Есімде анық сақталып қалғандары міне, осылар, қарақтарым. Қалғандары ойыма түспей тұр…

– Қазір жасыңыз нешеде?

– 83-темін.

– Қайда туып, өсіп едіңіз?

– Осы жерде де… Мына бұрынғы Қызылқұм ауданында Шілік деген жер бар. Сол ауылдағы құлан қыпшақтардың қызымын.

– Кезінде сізді жазушы Мұхтар Әуезов іздеп келіп әңгімелескен дейді. Сол жүздесу жөнінде қазір бізге не айта аласыз?

– Иә, қай жылы екені есімде жоқ, мұнда ондай үлкен кісінің болғаны рас. Күз еді. Күн желкемдеу болатын. Қонақ­тар үйге кіріп, дәм татқаннан кейін балуан­ның қабірі басына барып тәу етеміз деп кеткен. Қайтарында ол кісі жанындағы басшыларға қатты ренжіп келді. Жазушының: «Осы өңірде арыс азаматта­рымызды қадірлемеушілік бар ма деп ойлаймын. Кеше Елтайға (ҚазЦИК-тің төрағасы – ред.) салған ескерткішті көрдік. Оны ескерерлік ескерткіш деп кім айтады? Топырақ үйіп, ағаш қадапты. Қажымұқан зиратының жайы мынадай. Неткен күйкі көрініс бұл» деген сөзі есімде қалыпты, – деді әжей баяу үнмен. Мінәй апаның бұл сөздеріне түсініктеме берген Есбол ағаның сөзіне қарағанда, қайтыс болғанына әлденеше жыл өтсе де басына белгі қойыл­май, қабірі жермен жексен болып кеткен атақты балуан­ның зира­тының аянышты халіне қатты күйінген Мұхаң бұл мәселені аяқсыз қалдыр­маған. Алма­тыға оралы­сымен «Социалистік Қазақстан» газетіне мақала жазып, Жоғарғы Кеңестің Оңтүстік Қазақстаннан сайланған депутаты ретінде кіретін жерге кірген. Балуанның басына күмбез орнаттыру жөнінде республика Мәдениет минист­рлігіне хат жазып, шара қабыл­даттырған. Қазіргі тұрған еңселі мазар соның нәтижесі екен. Содан кейін барып облыстық, аудандық атқару комитеттері де өздерінше тірлік істей бастапты. Ол – Бөген ауда­нының Темірлан селосын­дағы орта мектепке Қаже­кеңнің атының берілуі және осы жерден күш атасының өмір жолын баяндайтын арнайы мұражай ұйымдастырылуы. Біз әр нәрсені сұрап, Мінәй әже жанында осылайша біраз отырдық. Бір мезетте жолбас­шымыз Көпжасар аға Қаже­кеңнің қабірі басына барып, тәу етіп қайтуға ұсыныс жасады. Зират осы отырған үйден онша қашық емес екен. Небары 400 метрдей ғана жер. Мінәй әже мен Есбол ағаны алып солай қарай беттедік. Қазақ­тың көп бейіттерінен айырмашы­лығы жоқ ескі қорым. Ортада ба­луан атаның мәңгілікке дамылдап жатқан күмбезді мазары тұр. Тізе бүктік. Есбол аға зауыл­датып құран оқыды. Бетімізді сипап, орнымыздан тұра бер­генімізде қасымызда еріп жүрген аудандық газеттің елгезек фототілшісі сырт еткізіп суретке түсіргені есімде. Ұмытпасам, фамилиясы – Омарханов. Аты – Асқар. Кейін ол оны поштамен редак­цияға салып жіберіпті. Сол суретті арада 42 жыл өткен соң сіздерге таныс­ты­руды жөн көрдім, құрметті оқыр­ман. Өйткені оған мұнда бас­па­сөз бетіне көп шығып көрмеген Мінәйім, Мінәй әже бейнесінің бар екендігі себеп болды. P.S: Сол сапардан соң да Темірландағы «Ленин туы» бөлімшесіне жолым түсіп, ондағы Қажекең жатқан топыраққа табанымның екі рет тигені бар. 1980 жылғы сапарымда Мінәйім әжені көре алмадым. Қайтыс болыпты, жарықтық. Ал, 1995 жылы барғанымда Есбол ағаға жолықтым. Екеуміз сол баяғыдай балуан ата басына бардық. Ол кісі сол баяғыдай Қажекеңе бағыштап құран оқып берді. Содан соң қауқылдай қоштасты. Қартайып қалыпты. Уақыт деген осы да…


Қажымұқан ұшағының ұшқышы. Атақты Қажымұқан балуанның Ұлы Отан соғысы жылдарында өзінің жинаған қаржысын әскери ұшақ жасату үшін жалпыхалықтық қорға қосқанын елдің бәрі жақсы біледі. Бұл туралы оқулықтар мен энциклопедияларда, жазушы С.Бақбергеновтің «Он үшінші ойыншы» кітабына кірген «Самолет қанша тұрады?» атты деректі әңгімесінде жеткілікті айтылған. Ал балуан қаржысына жасалған сол ұшақтың жүргізушісі Қажытай Шалабаев ше? Ол туралы біз не білеміз? Қажекең қаржысына жасалған әскери ұшақты майдан даласында қабылдап алған Қажытай Шалабаевпен мен ең алғаш 1984 жылы қаңтарда Семей қаласында ақын Мерғали Ибраевтың таныстыруымен кездескен едім. Кейін 1989 және 1991 жылдары ол кісімен екінші және үшінші рет жүздесіп, «Қазақтелефильмнің» тапсырмасы бойынша кинорежиссер Тыныбек Танин екеуміз деректі фильм жасап шығардық. Есімде қалғаны – даңқты ұшқыштың үйі Семейдегі Ф.М.Достоевский мұрaжайының жанындағы былайғы ел «Рамазановтың үйі» деп атап кеткен төрт қабатты мекенжайдың шеткі подъезінде болатын. Қажытай ағаның ол кезде облыстық аэропорттағы істеп жүрген жұмысынан зейнеткерлікке жаңадан шыққан кезі еді. Өмірдің ыстық-суығынан өтіп ысылған, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, сыйлы ақсақал атанған ол кісінің әңгімелерінен балалық шағы, соғыс жылдарындағы бастан өткергендері, Қажекең жіберген әскери ұшақты қабылдап алып, кейін атақты балуанмен қалай кездескені жөнінде мен төмендегі жайларды ұқтым. Ол кісі 1922 жылы сол Семей қаласында туған. Бір жасқа келгенде әкесі көз жұмады да анасының тәрбиелеуімен 7 жылдық мектепті бітіріп, содан соң былғары зауытында тері сұрыптаушы болып еңбек жолын бастайды. Осы жерде жүргенде қазақ жастарынан ұшқыштар дайындау керек деген комсомолдық ұранмен 1940 жылы Ақтөбе қаласындағы әскери әуе училищесіне жіберіледі. – Алғашқы оқу жылында көп нәрсені үйрендік, көп нәрсені меңгердік,– деген болатын сонда әңгіме иесі. – Сегіз ай ішінде жаттығу ұшағын бөлшектеп, оны қайтадан құрастыра алатын дәрежеге жеттік. Содан кейінгі екі айда парашютпен секіруге машықтандық. Жыл толғанда Ақтөбе аспанында темір сұңқармен қалықтадық. Оқуымызды бітіріп, тезірек бейбіт еңбекке араласқымыз келетін. Бірақ, бұл ойымыздың шырқын соғыс бұзды ғой. 1941 жылдың жаз, күз айларында жаттығу алаңындағы жұмысымыз қиындап кетті. Күніне 12-14 сағат оқимыз, аэродромнан шықпаймыз. Ақыры оқу бағдарламасы да бітіп, өзіммен бірге оқитын 70 курсанттың ішінен мен және тағы бес жігіт сарапшылар комиссиясының шешімімен Солтүстік Кавказдағы истребитель ұшқыштарын даярлайтын арнаулы мектепке жіберілдік. Тағы да оқу… Жаттығу… Содан қойшы, бұл жерден 1942 жылдың қысында Ленинград майданы бағытындағы әуе армиясының 184-дивизиясындағы 701-ұшқыштар полкына жолдама алдық. – Қажымұқан бабамыз жасатқан ұшақ майданға қалай келді? Ол сізге не үшін және қандай жағдайға байланысты табыс етілген еді? – 1944 жылдың желтоқсанының аяғы болатын. Кезекті тапсырманы орындап, жертөлеге кірген бетіміз еді. Жолдастарым түнгі ұйқыға бас қойды. Мен ағаш сәкіде ары аунап, бері аунап мазасызданғаннан соң далаға темекі тартуға шықтым. Осы мезетте есік алдына «полуторка» машинасы келіп тоқтады. Одан түскен екі адам күзетшімен күңкілдесе сөйлесіп болған соң маған қарай беттеді. – Аға лейтенант Шалабаевсыз ба? Сізді полк штабына алып кетуге келдік. Жи­налыңыз,– деді біреуі. – Неге? – Бұйрық солай. Содан бір жарым сағат өткен соң мен полк штабына жетіп, полковник Семеновтің қабылдауында отырдым. – Қане, Шалабаев, биле! Саған ауылдағы атаңнан сыйлық келді. Ол кісі өз қаржысына әскери ұшақ жасап, біздің армияға жіберіпті. Киімдеріңді ретке келтір, орден-медаліңді тақ,– деді командирім қуақылана күліп. – Түсінбей тұрмын, жолдас полковник. Маған сыйлық жіберген кім? Семейде тұратын жалғыз шешемнен басқа ешкімім жоқ. Қайдағы, қандай ата ол? – Ондай сөзді қой. Артыңда Қазақстан секілді елің барда сен қайдан жалғыз боласың? Одан да жолға дайындал. …Сол күні түстен кейін біздің полктан 15 шақырым жердегі дивизия штабының маңында үлкен митинг болды. Сөз алған командирдің бірі ел алдында тұрып, төмендегідей бұйрықты оқыды. «Күрестен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, бауырлас қазақ халқының батыр ұлы, есімі Отанымыздың мақтанышына айналған Қажымұқан Мұңайтпасовтың аталық тілегін Жоғарғы Бас қолбасшы қабыл алды. Оның өз қаржысына жасатқан әскери әуе машинасы бұйрық бойынша, армиядағы ең таңдаулы ұшқыш, аға лейтенант, даңқты балуанның жерлесі Қажытай Шалабаевқа тапсырылады!» Мына сөзді естігенде жүрегім аттай тулап қоя берді. Атым аталғанда буындарым сәл-пәл дірілдей мінбеге көтерілдім. Көрсетілген сенімге рахмет айтып, тапсырылғалы отырған әскери машинаны әрдайым жауынгерлік дайындықта ұстауға, Жеңіс күніне дейін оны көзімнің қарашығындай сақтауға уәде бердім. Содан соң аэродромға беттедік. Ұшу алаңының ортасына келгенде басқалардан оқшау тұрған су жаңа ұшақты көзім шалды. «Қазан қаласынан әкелінді, бұл жерде тұрғанына бүгін үшінші күн»,– деп түсінік берді аэродром коменданты. Сөйтті де әскери машина үстіндегі брезент жапқышты сыпырғанда оның бүйірінен бәріміз: «Летчику – казаху, от Хаджи-Мухана»,– деген жазуды оқыдық. – Қажекең жіберген осы әскери ұшақпен қанша әуе шайқасына қатыстыңыз? – Мен, қарағым, соғыс жылдарында аспанға 217 рет көтеріліп, түрлі әскери тапсырмалар мен операцияларды орындаған жанмын. Соның 70-ке жуығы өзіміз сөз етіп отырған осы әскери машинаның еншісіне тиеді. Берген сертке беріктік таныттым. Балуан бабаның маған берген ұшағы Жеңіс күніне аман-сау жетті. Осыдан кейін біз үй иесінен аталмыш ұшақтың кейінгі тағдыры, Қажытай ағаның осы темір қанат әуе кемесімен қай жерде қоштасқаны және оның Қажекеңмен қалай кездескені туралы сұрадық. – Жеңіс күнінен кейін, – деп жауап берген болатын жоғарыдағы сауалдарға ардагер аға ойлана тіл қатып,– демалысқа шықтық. Елге қайтамыз деп елегізіп жүрген күндердің бірінде штабқа телеграмма келмесі бар ма? Онда менің Қажымұқан баба ұшағымен 1945 жылдың 24 маусымында Мәс­кеуде өтетін Жеңіс парадына қатысуым­ның қажет екені айтылыпты. Мұны естіген эскадрилья жігіттері мені, менің темір қанат сұңқарымды жабылып жүріп жолға әзірледі. Бірақ 24 маусым күні ауа райы өте қолайсыз болып, аспанды бұлт қаптап тұрды да, Қызыл алаңдағы мерекеге әуе күштері ұшып шыға алмады. Оған өкінбеймін, себебі, басшыларымыз бізден, яғни ұшқыш­тардан шұғыл арада жеке колонна жасақтады да жаяу әскерлер сапына қосып жіберді. Сөйтіп, Жеңіс парадына да қатыстым. «Бұл ұшақпен қай жерде қоштастыңыз? – деген сауалыңа бір ғана сөзбен: «Керпач қаласында» деп жауап бере аламын. Иә, даңқты балуан жіберген әскери ұшақты мен сол қаладағы аэродромда қалдырдым. Ол Мәскеуден онша алыс емес елді мекен еді. Бұл 1945 жылдың тамыз айы болатын. Ал енді Қажекеңмен қалай кездескенімді айтайын. Әскерден қайтып, Алматыға келдім де Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады деп естіген Қажекеңе сәлем беруге ойым кетті. Елді, туған жерді, көп жыл көрмеген анамды қанша сағынсам да атағы аңыз болған жанға баруды өзімнің парызым деп білдім. Әлі күнге дейін көз алдымда, күздің күні еді, Темір стансасының маңайы болуы керек, Ақтөбе ауылына келдік. Балуан көрші бір колхозға жолаушылап кеткен екен, екі-үш күннен соң жүздестік. – Енді менің арманым жоқ, балам,– деді танысып, біліскеннен кейін қайран Қажекең. – Еңбегім елім үшін деген жан едім. Шүкір, ол үмітім ақталды. Сағымды сындырмадың, рақмет, қарағым! Сол жолы қарт балуан екеуміз көп сөйлестік, көп әңгімелестік. Ол кісі менің Теміржан деген нағашымды танитын болып шықты. Керекуден Семейге барып жүрген са-парларында «6 февраль» кемесінің матросы әлгі нағашыммен Қажекең талай жүздескен екен. Содан қойшы, қарт балуан бір жетіге дейін мені өзінің қасынан ешқайда жібермеді. Ақыры майданнан келе жатқанымды, анамды көптеп бері көрмегенімді естігеннен соң ғана барып батасын беріп, риза көңілмен шығарып салды. 1984-1991 жылдар аралығындағы үш кездесуде даңқты ұшқыш Қажытай Шала­баев­тан мен міне, жоғарыдағыдай дерек­терге қаныққан едім. Есімде қалған тағы бір жайт, ардагер ағаның әулетімен ұшқыштар отба­сынан тұратындығы болатын. Тұңғышы Ғазиз сол кезде «АН-2» ұшағының командирі, одан кейінгі ұлы Талғат та солай, «АН-2» ұша­ғының ұшқышы болатын. Қызы Рәзия «ЯК-40» әуе кемесінде стюардесса еді. Ал олар­дың бәрінің анасы, Қажытай ағаның зайы­бы Рәбиға апай Семей аэропортындағы жүк та­сымалдау бөлімінің смена бастығы-тын. Қажытай ағамен соңғы рет 1991 жылғы желтоқсанда хабарласқаным бар. Ол «Қазақтелефильмдегі» кинорежиссер Тыныбек Танин екеуміздің «Қажымұқан мен Қажытай» атты деректі киноның шыққандығын хабарлауым еді. Ол кісі бұған рақмет айтып, ризашылығын білдірген. P.S. 2005 жыл. 4 мамыр. Түстен кейінгі уақыт еді. Редакцияға Семей өңіріндегі тілшіміз Дәулет Сейсенұлы телефон соқты. Әріптесімізден естіген хабарымыз: біздің кейіпкеріміз, атақты ұшқыш, ардагер аға Қажытай Шалабаев қайтыс болыпты. «Семей қалалық әкімдігі осыған байланысты «Егемен Қазақстанға» қазанама беруді сұрап отыр» деді тілшіміз. Біз бұл өтінішті орындадық. Ол көңіл айту мәтіні газеттің 5 мамыр күнгі нөмірінде жарияланды. Сөйтіп, алғашқы қазақ ұшқыштарының бірі, тағдыры таңғажайып жан өзі куәгер болған Ұлы Жеңістің 60 жылдық мерекесін көре алмады. Оған небәрі бес күн қалғанда көз жұмды. *** Балуанның кенже ұлы. Қажекең, атақты Қажымұқан балуан туралы айтқанда, ол кісінің теңдесі жоқ күш иесі екенді­гін, сондықтан да әлемнің көптеген елдерін­дегі чемпионат­тар­да мерейінің үстем бол­ған­дығын, сөз жоқ, бәріміз жақсы білсек керек. Өйткені, көбімізге бұлар жазушы Қ.Әбдіқадыровтың «Қажы­мұқан» кітабы мен зерттеушілер М.Тәнекеев және Ә.Бүр­кітбаевтың осы аттас шығар­маларын­дағы, «Қазақстан» баспасынан екі рет жарыққа шыққан «Күш атасы» естеліктер жинағы мен кинорежиссер С.Ходжиковтың «Бізді біліп қойың­дар» фильміндегі деректерден жақсы таныс. Бірақ… иә, бірақ: «Сол ғажайып жаннан ұрпақ қалды ма? Қалса кімдер? Қазір олар бар ма? Бар болса қай жерде тұрады, немен шұғылданады?»– деген сауалдарға бәріміз бірдей жауап бере аламыз ба? Жоқ. Себебі, жоғарыдағы кітаптар мен мерзімді басылымдарда атақты балуанның ұрпақтары жөніндегі дерек көздері өте аз. Мардымсыз. Неге олай? Осыдан біраз бұрын бұл сауалға жауап тапқандай болған жайымыз бар. 2002 жылдың сәуірі еді. Сонда Қажекеңнің Астанаға келіп қайтқан кенже ұлы Жанәбілге жолығып, көзбе-көз әңгімелескен болатынбыз. Сұхбат «Есіл» қонақ­үйіндегі 208-бөлмеде өтті. Біз – сұрақ қоюшы, ол кісі – айтушы. – Бұл күндері, шүкір, елге балуанның өмір жолы туралы көп жайт белгілі,– деді Жәкең жөткірініп қойып. – Басқасын былай қойғанда, сіздерге мәселен тіпті ол кісінің соғыс кезінде жасатқан әскери ұша­ғының жүргізушісіне дейін жақсы таныс. Ал балалары бізге келсек, марқұм ағам Айдархан да, мен де жарнамаға, насихат пен мадаққа онша мойын бұра бермейтін жандар боп өстік. Шымкенттегі ел екеумізді жақсы біледі. Қазірде де солай. Міне, соның өзі жеткілікті деп ойладық. Мерекелік жиын­дарда құрметтеп шақырса, одан қалған жеріміз жоқ. Ал ұмыт қалдырса: «Бұл қалай?» – деп және ренжіген емеспіз. Баспа­лар­дан шыққан естелік кітаптарда атымыздың атала бермеуінің, телехабарларда онша көп көріне бермеуіміздің сыры міне, осында. – Қажекеңнен жалпы қанша бала бар? Атақты адамның көзі тірі тұяғы ретінде осы жөнінде сіз бізге не айта аласыз? – Менің анық білетінім – әкеміз үш рет үйленген кісі. Оның бәрі де тағдырдың жазуымен болған жайт. Алғашқы әйелі «Күш атасы» атты жинақта «Мен қалай Бәтима атандым?» деген естелігі кірген Надежда Николаевна Чепковская. Бұл апамызбен 1909 жылы отбасын құрап, жиырма жылға жуық бірге болған әкеміз одан Халиолла атты перзент көреді. 1932-1935 жылдары балуанның басында атақты әнші Әміре Қашаубаевтың аянышты тағдыры сияқты ел біле бермейтін көптеген қиыншылықтар болған. Соның ең үлкені арнаулы органдар тарапынан оған: «Бұл кезінде Алашорда көсемдерімен бірге жүріп, бірге тұрған адам. Солармен табақтас болған жан» деген айыптың тағылғандығы. Әңгіме ұлғайып, Қажымұқан енді ұсталсын деген кезде балуан Абдолла деген чекист туысының көмегімен бірден жоқ болып, солтүстіктегі Омбыдан оңтүстіктегі Ташкентке барып сіңеді де кетеді. Онда ол кісі сол кездегі Өзбекстан басшыларының бірі Юлдаш Ахунбабаевтың қамқорлығында болып, Шымкенттің Қараспан, Төрткүл өңірінде тұратын алтыбас қыпшақ ағайындарымен байланыс жасап тұрады. Бір күні балуанға Бөгеннен бір топ ақсақал арнайы келеді де сонда көптен бері тұратын немере ағасы Ескерместің қайтыс болғанын естіртеді. Осыдан кейін олар туысының артында Мінәйім атты 34-35 жастардағы әйелінің қалғанын, енді оны балаларымен тентіретпей әмеңгерлік жолымен алып, аға шаңырағына ие болуына кеңес береді. Қажекеңнің екінші рет үйлену тарихы міне, осындай. – Ағаның ұлы Айдархан балуанның сол Мінәйім апамызбен отасқаннан кейінгі өмірге келген перзенті болды ғой. – Иә. Ол 1939 жылы туған болатын. Мамандығы дәрігер еді. 1991 жылы қайтыс болды. – Ал сіз ше? Қашан өмірге келдіңіз? – Мен әкеміздің үшінші әйелі Бибіжаннан туғанмын. «Шешеңмен Қажекең 1946 жылы көңіл жарастырған. Ол кезде балуан 70- тен асқан, ал анаң 32-де еді» дейді көзкөрген қариялар. Содан екі жыл өткен соң, яғни, 1948 жылдың қаңтарында мен өмірге келіппін. Ал сегіз айдан кейін тамыздың алғашқы жартысында әкей дүниеден озыпты. Анам болса менің ержетіп, азамат болғанымды көзімен көріп, 1968 жылы қайтыс болды. – Бір әкеден туған ағаңыз Айдарханның жағдайы ғой белгілі. Себебі, сіздер бір облыстың бір қаласында тұрып өмір сүріп, қатар ғұмыр кештіңіздер. Ал, мақаламыздың басында өзіңіз еске салып кеткен Қажекеңнің үлкен ұлы Халиолладан не хабарыңыз бар? Ол кісі жөнінде бізге не айта аласыз? – Бұл ағамызды бізге тауып берген зерттеуші Маркс Қызыкенов. Балуан өміріне жас кезінен бастап қызыққан Мәкең Қажымұқанның ұрпақтары Ресей жақта тұрады деген хабармен Омбы облысының Называев ауданындағы Надежда Нико­лаевна Чепковская шешемізді іздеп табады. Бұл 1959 жылы болған оқиға. Сол жерден ол Халиолла ағамыздың Көкшетау облысындағы Еңбекшілдер ауданында тұратынын естиді де арнайы барып жолығады. Кеңшар шеберханасында ағаш ұстасы болып жұмыс істейтін Халекең Маркс Қызыкеновпен кездескенде қатты ашуланады. Сөйлескісі келмейді. Содан соң елінің алдында ерен еңбегі бар әкесінің есімін Қазақстан үкіметінің ұмытқанын айтып мұңын шағады. Жас зерттеуші Халиолла ағамызға өзінің ешқандай да жоғары лауазымды шенеунік емес, бар болғаны балуан атасына сырттай табынған энтузиаст екенін айтады. Сөйтеді де үй иесін Қажекеңді танып-білу, насихаттау уақытының енді ғана туғанын түсіндіріп, бұдан міндетті түрде бір нәтиже шығатынына сендіреді. Бұл хабарға көңілденген Халекең Маркс ағамызға өзі білетін бар әңгімені бүкпей айтып, қайтарында оған қолындағы құнды құжат – әкесінің паспортын береді. Бұл сол кездегі даулы мәселе – балуанның қай жылы өмірге келгенін анықтауға мүмкіндік береді. Онда: «Қажымұқан Мұңайтпасов 1871 жылы туған» деп анық жазылған екен. Сол паспортты 42 жыл сақтаған Маркс Қызыкенов ағамыз таяуда оны Астанадағы жаңадан ашылған Орталық мұражайға әкеліп өткізді. Ол қазір сондағы тарихи жәдігерлер залында тұр. Халиолла ағамыз туралы мен білетін дерек міне, осындай. Одан Шәбден деген бала қалған. Хабар­ласып тұратынбыз. Екі-үш жыл болды, байланыс жоқ. – Енді өзіңіз туралы бір-екі ауыз сөз… Қайда оқыды­ңыз? Мамандығыңыз. Қазір кім болып жұмыс істейсіз? – Орта мектепті бітірген соң Алматыдағы физкультура институтына оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін Шымкент облыстық (ол кезде солай аталушы еді ғой) спорт комитетінде түрлі қызметтер істедім. Қазір де сол дене тәрбиесі саласындамын. Шымкентте ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған олимпиадалық мектеп бар. Бұл кезінде қаладағы төрт мектепті біріктіріп барып жасаған оқу орны. Мен, міне, сонда, сол олимпиадалық мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеймін. – Сөз соңында Қажекеңнің немерелері – Айдархан мен сіздің балаларыңыз туралы да біле кетсек дейміз. Олардың ішінде атасының жолын қуған немесе сіздердің әулеттеріңіздің атақ-даңқын шығарып жүрген біреуі бар ма? – Айдарханнан төрт ұл, екі қыз қалған. Менде екі ұл, екі қыз бар. Шынымды ай­тайын бұл ұлдарымыздың ішінде күреспен дендеп айналысып жүрген ешкім жоқ. Ал, өнер саласында талай фестивальдерде жүлде алып, лауреат атанған бір талантты ұлым бар. Ол – әнші Бақытжан Қажымұқанов. Егер әке балаға сыншы десек, өз басым түбінде атасының атын шығаратын осы Бақытжаным болар деп ойлаймын.

P.S. Қажекеңнің кенже ұлы Жанәбілмен арадағы бұл әңгіме 2002 жылғы 4 сәуірде болған еді. Ол кісі онда Астанадан 15 шақырым жердегі Талапкер ауылы маңындағы бабасы Мұңайтпас жатқан қорымға құран бағыштау үшін келген болатын, Содан 2 ай өткен соң Шымкентте өмірден озды.

Жанболат Аупбаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Дереккөз: «Ana tili» газеті (30.05.2019ж)

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*