«Елiмде болса – менiкi, менде болса – елiмдiкi!»

Аты аңызға айналған палуан Қажымұқан Мұңайтпасов жайлы ел ішінде әңгіме көп. Бабаның қарашаңырағында туып-өскен соң ес білгелі палуанның үйіне бас сұққан ғалымдардың, шырақшы болған марқұм Есболған атам мен Науат әжемнің әңгімелеріне қанықпын. Батыр бабамыз туралы естіген естеліктерімді бүкпесіз баяндауды парыз санап отырмын.

Шежіре бойынша Қобыланды батырдың он бірінші ұрпағы саналатын Қажымұқан атамыз кілең батырлар туған текті әулеттен шыққан. Төртінші атасы Сәді батыр – Абылай ханның үзеңгілесі. Сол Сәді батырдан Ернақы, Ернақыдан Таңатар, Тәшім, Мұңайтпас, Марқа батырлар тараған. Өз заманында атағы алты Алашқа мәшһүр болған Ернақы батыр Қараөткелге барғанда Айсарыдай аруды ұшырастырып, шаңырақ көтереді. Ернақы батыр ел жұтай бастаған кезде 52 жасында дүние салады. Сондай қиын уақытта жалшылықпен күнелткен Айсары Қараөткелден Арқаға арып-ашып бара жатып қос атты арбалы кісіге жолығады. Отын тиелген арбаны орнынан қозғалта алмай әбігерленген әлгі кісі қамығып: «Осы арбаны тарта алатын ат болғанда…» деп күйінеді. Сонда: «Байеке, қолымда төрт аяқты малым болмаса да, соның қызметін атқара алатын күш-қуатым бар» деп Айсары баймен он сомға шарттасыпты. Осылайша, әйелдің отынды үйіне жеткізіп бергеніне аң-таң болған бай оған он сомның орнына қырық сом, киім-кешек пен азық-түлік беріпті. Тіпті, сол кезде Айсарымен белдескен талай палуандар «жаздым, жаңылдым» деп зорға қашып құтылатын көрінеді.

Қажымұқанның өз әкесі Мұңайтпас та ауыл арасындағы той-думандарда күреске түскенде жауырыны жер иіскемегені үшін ел арасында Жуанаяқ атанған екен.

Қасқырдың етіне жерік болған Кабира ана

Қажымұқанның анасы Кабира әжесі Айсары секілді палуан болмағанмен, атақты батыр-палуанның ұрпағы, ірі денелі, бойшаң және етжеңді әйел болған. Қажымұқаннан бұрын егіз ұл тапқанмен, олар ертеректе жаман аурудан шетінепті. Осыдан кейін әжесі Айсары әулие аралап, Алладан Мұңайтпасының соңынан еретін ұл перзент сұрайды. Көп ұзамай келінінің бойына бала бітіп, Кабира қасқырдың етіне жерік болады. Айсары әже: «Жүрек жұтқан батыр, әлде алып күштің иесі палуан дүниеге келетін сияқты, келінжанның жерік асын тауып әкел» деп ұлын жұмсапты. Айы-күні жетіп, дүниеге алпамсадай ұл келеді. Нәресте 3-4 айлық сәбидей ірі, оң жақ жауырынының астындағы түкті қалмен туылады. Әжесі мұны Баба Түкті Шашты Әзиздің белгісіне балайды. Өкініштісі, Кабира бала үстінде көз жұмып, сәби әжесі Айсарының бауырында өседі. Қажымұқан сегіз жасында-ақ ауылдың 15-18 жасар жігіттерін жығып, Қараөткелдің байларына жалданып жүк тиейді.

Қасиет қонған жан бопты

Ескіден жеткен есті сөз бізге палуанның сал-серілігі, әншілігі, сондай-ақ көріпкелдік қасиеті де болған деседі. Ауыл адамдары балалары мазасызданса, палуанға түкіртіп, алақанына аунатып алады екен. Қолына алып, білегіне жатқызып, етегіне аунатып бергендерінің көбісі құлан-таза сауығып кетеді екен. Бірде атам әжеме «Мінәй, бесіндіге дейін ауру баланы алып келеді, мені үйде жоқ дерсің» депті. Сонда әжем «палуан-ау, келгенді қайтармаушы едің ғой» депті. Күн бесіндіге ауғанда бала көтерген келіншек пен кейуана келеді. Мінәйға: «Шешей, немеремнің ауырғанына аптадан асты, бетінің бері қарайтын түрі жоқ. Палуан жарықтық бізге шарапатын тигізіп, балама түкіріп берсе», – депті. Палуан оларды «ауруханаға апарыңдар» деп шығарып салады. Қанша жалынып-жалбарынса да кемпірдің немересін қолына алмайды. Олар кеткен соң Мінәй әжеме: «Ол бала бәрібір тірі қалмайды, кесел бойына сіңіп кеткен. Ертеңгі күні «палуанға апарып едім, жазылмады, түкірсе де беті бері қарамады» дейді» деп дүрсе қоя беріпті. Шынында да, бір-екі күн өткен соң Мінәй әже баланың шетінегенін естиді.

Жетпіс бесінде де қайраты қайтпаған еді

1946 жылдың күзінде Қажымұқан атамыз Түлкібас ауданының Үрбұлақ ауылына қонаққа барып, өнер көрсетеді. Сонда палуан бірнеше адам әрең көтеретін нән тасты кеудесіне қойдыртып, дәу балғамен ұрғызып, қиратқанда да былқ етпейді. Үстінен автокөлікті жүргізеді. Ең қызығы, төртбұрышты 300 келідей гранит тасты құшақтап, бірнеше қадам жүріп барып, бір жағына лақтырып жібереді. 75 жастағы палуанның алапат күшіне таңданған ауыл адамдары шуласып қала береді. Осы көрініске бала кезінде куә болған Бердіқұл Әуелбеков ақсақал 2001 жылы сол алып тасты Темірландағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейіне тапсырды. Салмағы 350 келі екен. Мұндай тастар музей қорында жыл өткен сайын көбейіп келеді.

«Түсімде табаным тоғыз жерден тілініпті…»

Палуан кесенесіне зиярат етушілер Мінәй әжеме көп сұрақ қояды екен. Кейде сұрақтарынан мезі болғанда «не айтам, бәрін жазып жүр ғой…» деп жалғыз ауыз сөзбен құтылатын көрінеді. Ал, бір ақтарыла қалса, сарқыла сөйлейтін. Келушілердің «Қажекең бос кезінде немен айналысушы еді және жұртқа беймәлім қандай өнері бар еді?» деген сауалына «мінезі кішкене бала сияқты еді. Көп ашуланбайтын, кісіге қол көтермейтін. Оқта-текте ашуы келгенде қолындағы кесені лақтырып жіберетін. Бос уақытында есік алдына отыра қалып, ағаш жаратын. Бір демде отынды тау-төбе етіп үйіп тастайтын. Кейде балаларды күрестіретін. Домбыра тартатын. Көбіне Майраның әндерін нақышына келтіріп орындайтын. Көпшіл еді. Үйге адам келмесе жер-көкке сыймай кететін. Мейманды жас болса да төрге оздырып, өзі босағаға жайғасатын. Қолы ашық еді ғой, жарықтық» деп жауап беріпті.

«Неге баспана салдырып алмадыңыздар?» деген сұраққа: «Шырағым-ау, баспана түгіл, кейде үйде ұн болмай қалатын. Бірде Созаққа барып өнер көрсетіп, бір қыздың қалыңмалына жететін мал айдап келді. Сол малды ауылдағы жетім-жесір мен мүгедектерге таратып берді. Оның үстіне үйден қонақ үзілмейтін. Кісіні аты болса атын, лағы болса лағын сойып күтетінбіз. Мен көрпе-төсеніштің ескілігінен қатты қысылатынмын. Бір күні «палуан-ау, жасың болса келді, жаман айтпай жақсы жоқ, өле кетсең де дүние керек емес пе?! Келген-кеткендер мені мінейді ғой. Палуанның тұрмысы нашар екен демей ме?!» деп едім, біраз тұнжырап отырды да: «Е-е, мен кедей ме екенмін?! Елімде болса – менікі, менде болса – елімдікі! Дүние жинайтын болсам, ендігі алтыннан үй тұрғызар едім. Басқалар тоңып отырғанда, менің тойып отырғаным кімге керек? Өлсем көмусіз қалады деп қорқасың ба? Менің дүнием – елім, менің сәнім – жерім. Кедеймін деп қорықпаймын, өлсем сүйегім сендерге тимей ме деп қорқамын. Осы болмаса бұл дүниеде менің өкінішім жоқ» деген-ді.

Шынында да, палуан өмірден озарында ел-жұртымен қоштасып, арқа-жарқа әңгіме айтыпты. Дүниеден өтерін 9 күн бұрын біліп, таңғы ас үстінде кемпіріне: «Мінәйжан, мені мұқият тыңда! Ана дүниеге аттанатын уақытым келді. Тоғыз күндік ғұмырым қалған сияқты. Түсімде табаным тоғыз жерден тілініпті», – деп бала-шағаны аманаттап, ауыл басшысын ертіп келуін өтініпті. Ауыл басшысына: «Фәнимен қош айтысатын күнім таяу. Ел-жұртыммен қоштассам деймін. Елдің басын құрауды өзіңе тапсырамын» депті. Екі-үш күннен соң үйінде дастарқан жайып, дәм үстінде еліне ризалығын білдіріпті. Тамыздың 16-сы күні ұлын Темірландағы тіс дәрігеріне апармақ болып аттанғанымен, орта жолдан кері қайтып, өз үйінің тұсына келгенде жан тапсырыпты. Ауыл-аймақ, жиылған жұрт палуанның өзі айтқан күні дүниеден озғанына қайран қалып, әулиелігіне куә болыпты. Палуанның қазасына жиналып, халық азан-қазан болып жатқанда, көк боз аты марқұмның денесі қойылған қараша үйге қарап ұзақ кісінегенде жануардың көзінен жас парлап тұрыпты. Бұл 1948 жылдың 16 тамызы еді. Ал, ертесіне ел-жұрт палуанды арулап, палуанның өз өтініші бойынша, қарашаңырағынан 300 метр қашықтықтағы мазаратқа жерлейді.

Меруерт ЕСКЕРМЕС,
Қ.Мұңайтпасов атындағы облыстық спорт музейінің экскурсия жетекшісі, палуанның шөпшегі

Дереккөз: «Ońtústik Qazaqstan» газеті (18.08.2018)