Қажымұқанның Ақтөбеден Темірланға көшуі

Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаев атақты палуан  Қажымұқан Мұңайтпасұлының атынан 1945 жылдың 26 маусым  күні жазылған хат алады.

Хат қарт палуанның басшыларға өкпе-назы мен өтінішін жеткізген. Хаттың мазмұнын дарынды ғалым  Мұратхан Тәнекеев былай түсіндіреді:

1) Тұрақты пенсия тағайындаса;

2) Республиканың 25 жылдығында еңбегі ескерілсе,

3) Үй салып берсе, — деген өтініш.

Енді Қажымұқанға қатысты осы мәселелер қалай шешілгенін баяндайық.

Қазақбаев бұл мәселелерді шешу үшін Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа хат жазады.

Бұл хатқа Н.Оңдасынов мынадай белгі соғады: «Бейсембинов жолдасқа. Материалдар дайындап, ұсыныстар енгізіңіз».

Ұсыныстар енгізілді. Енді  сол кездегі тәртіп бойынша  Н.Оңдасынов Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясының Орталық Комитетінің сол кездегі секретары Г.Б.Борковқа хат жібереді.

«1946 жылдың 3 мартында Қазақстан КП ОК секретары Г.Б.Борков Оңдасыновтан түскен хатқа мынандай белгі соғады: «Әубәкіров жолдасқа! Министрлер Советі қаулысының соңғы жобасын дайындаңыз. Уақыты 12.III.»  Сосын «соңғы» деген сөз қара сиямен қайтадан белінен бір-ақ сызылған.» («Палуанның соңғы өтініші» Марат Хасанаев.)

Осылайша бұл ұсыныс ұлты орыс Борковтың тарапынан қолдау таппайды.

Осыдан кейін, Қажымұқанға жағдай жасау ісін шешу үшін Н.Оңдасынов пен Ә.Қазақбаевтар ақылдаса келе халықтың ұсынысымен шешуді  дұрыс деп табады. Сол үшін Олар Қажымұқан сол кезде тұрып жатқан Ақтөбе колхозы мен Шілік ауылдық кеңесінен бастап төменнен жоғары қарай ұсыныс түсіртуге шешеді. 

Бұл істі орындауды басшылар Қазақ ССР Ғылым академиясына тапсырады. Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтының бөлім меңгерушісіғылым кандидаты Әуелбек Қоңыратбаевпалуанның үйінде 1946-жылғы  май айының  15-25 аралығында болып, тапсырманы тамаша орындап шығады.

Шәуілдір аудандық атқару комитетінің төрағасы Шегебай Жұмабаевқа Ақтөбе колхозының төрағасы Махан Мыңбаев пен Шілік ауылдық кеңесінің төрағасы Төле Талдыбаевтар қол қойған ұсыныс 19 май 1946 жылы жазылған.

Онда Қажымұқанның еліміз алдындағы бар еңбегін баяндай келе өмірлік пенсия тағайындату үшін жоғары жаққа ұсыныс жасайды.

Осы ұсынысты негізге алып Шәуілдір аудандық Атқару Комитеті (төрағасы Шегебай Жұмабаев)  мен аудандық ҚК/б/П-ның бюросы (бірінші секретары Сейдуалы Ахметов) біріккен мәжілісі Шешім қабылдайды.

1) Бұл Шешім бойынша Қажымұқанға ай сайын 500 сом өмірлік зейнетақы, ал балаларына ай сайын 200 сом пенсия тағайындау үшін жоғарыға ұсыныс түсіруге Оңтүстік Қаз. обл. АК төрағасы С.Дауленов пен ҚК/б/п секретары Пазиковтерге ұсыныс жасалған.

Бұл ұсынысқа Ә.Қоңыратбаев та Ғылым Академиясының атынан қол қояды.

Бұларға қосымша Оңт.Қаз. обл. физкультура және спорт комитетінің төрағасы Напольнова мен обл. жазушылар одағы комитетінің төрағасы Малкаров та мәлімет жібереді.

Бұл құжаттарды тексере келе облсобес пенсия тағайындауға материал жеткілікті, негіз бар деп қолдау білдірген. 

Осы құжаттарға сүйеніп, обл. Атқару Ком. 1 июнь 1946 ж  Қажымұқанға өмірлік ай сайын 500 сомнан, балаларына 200 сомнан тұрақты пенсия тағайындау туралы жоғарыға ұсыныс жасайды.

Осы құжаттар негізінде Қаз ССР Әлеуметтік Қамсыздандыру  Министрлігінің еңбек зейнетақысын тағайындау комиссиясы Қажымұқанға 1 июль 1946 жылдан өмірлік, ай сайын  500 сом дербес зейнетақы тағайындаса, 1/X-46 бастап балаларына 200 сом қосып, 700 сомға көбейту туралы 13/1-1947жылы №1 Қаулы қабылданған.

2) СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 16 ноябрь 1945 ж Жарлығымен  Қажымұқанға «Құрмет Белгісі» ордені берілді.

3) Қажымұқанға тұратын ауылы Ақтөбеден үй салып беруді басшылар Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы С.Дауленовке тапсырады.

Қажымұқанды соғыстан кейін көбейіп кеткен той-жиындардан қалдырмай жиі шақырып отырған. Бір 1945 жылдың өзінде Алматыға;

  1. «Құрмет белгісі» орденін тапсыратын Өкімет жиналысына;
  2. Жазушылар Одағының тойына;
  3. Алматы облысының тойына;
  4. Жамбыл Жабаевтың тойына;
  5. Абай Құнанбаевтың тойына, т.б. тойларға Қажымұқанды жеткізу осы обл. АК төрағасы С.Дауленовке тапсырылады екен.

Ол үшін алыстағы Ақтөбе ауылынан Шымкентке денесі ауырлап қалған палуанды жеткізу, одан соң поезға орналастырып Алматыға жеткізу көп бейнет болса керек.

Ол кезде қазіргі Шәуілдірден Төрткүлге, одан Шымкентке баратын тас жол әлі салынбаған. Шәуілдірден шыққан көлік Темірдегі темір жолдағы тесік көпірден өткен соң «Қасқабай» деп аталатын жолмен тіке Ақтөбеге, одан Темірлан арқылы Шымкентке жетеді екен. Күз, қыс, көктем айларындағы жауын-шашын кезінде қара жолмен  тіпті автомашинаның өзі жүруі қиын болатын. Қажымұқан палуан сондықтан көбінесе ат арбамен жүретін болған.

Бұл туралы танымал журналист Файзулла Рахматуллаұлы  «…белгілі жазушы Әдіһам Шілтерханов ағамыздың мына бір әңгімесі еске түседі:         … Алматыда өткен республикалық бір жиында жиынға қатысқандардың ардақтысы да, ең жасы үлкені Қажымұқан атамызға ештеңе аталмайды. Жиналыстан шыққандардың бір тобы Жамбыл атаның ауылына бет алғанда, Нұртас Оңдасынов ағамыз Қажекең мініп-барып келетін бір жеңіл мәшинені алдына көлденең тартады. Оған көңілі толмаған Қажекең үзеңгілігіне аяғын салып, салмағымен басып қалғанда, мәшиненің бір жақ жақтауы күтір-күтір етіп, опырыла сынып түседі… Сонда Қажекеңнің «Ей, Нұртас-ай, бәрің шулап жүріп, маған әйтеуір көліктің жарай бермейтінін, аяқ артар ылаудан тарығып жүргенімді сезбедіңдер-ау» деген екен.»-деп баяндайды.

Қажымұқанды поезға орналастырудың машақатын жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романында «Бойы 192 см, салмағы 214 кг Қажымұқанды жатқызу үшін бір купені толық босатып, вагондағы екі орындықтың арасына тура келетін төрт аяғы бар жалпақ скамейка қойып, үстіне екі матрац төсеп әзер жайғастырғанын» — жазады. Бұл кезде Қажымұқанның жасы 40-тан асқан жастау кезі. Ал соғыстан кейінгі жасы жетпістен асқан палуанның денесі одан да толғанын ескерсек, Қажымұқанды Ақтөбеден Шымкентке, одан Алматыға жеткізудің С.Дауленовке қандай машақат екенін түсіне беріңіз.  

Осы машақаттарды ескере келе С.Дауленов Қажымұқанға Шымкенттен үй салып беріп, қалаға көшіріп алмақ болады. Бұған Қажымұқанның Ә.Қазақбаевқа жазған хатында «…бау-бақшалы, жемісі мол, қалалы жер, тым болмаса көшесінің атын менің атыма қойып тәрбиелер» дегені де қосымша  себеп болса керек.

Қажымұқанды Шымкентке алдыртып, бұл туралы айтқанда, палуан «Қалада тұра алмаймын, ауасы жақпайды» деп бас тартыпты. Қажымұқан палуан ауылдың өзінде көктем, жаз, күз айларында киіз үй тіккізіп, таза ауада жатқанды ұнатады екен.

Басшылар Қажымұқанмен ақылдаса келе Қажымұқанды облыс орталығына жақын Темірланға көшіріп, осында үй салып беруге келіседі.

Жасы келген Қажымұқан палуан басшыларға келісімін бергенімен, кіндік қаны тамған ата-баба қонысы, басына іс түсіп, НКВДдан қашқанда қорған болған ағайын-туыс, соңғы он жылын өткізген, үш бірдей әйел әперіп құрметтеген  дос-жоралары тұратын Ақтөбеден Темірланға көшуге келгенде көп ойланса керек.

Он сегіз жасынан күреске араласып, цирктердің дүрмегіне үйренген Қажымұқан 1925 жылы елге өзі іздеп келгенде ағайындары той жасап қарсы алып, енді осында Ақтөбеде «ағайындардың арасында қал» деп үгіттеген қарияларға, «мен қазір цирктен кетсем құса боп өлермін» деп көнбей кеткен палуан, 1937 жылы НКВДдан қашқанда амалсыз ағайынға паналап, ауыл өміріне әзер үйреніп еді.

Әлімқұл Бүркітбаев «Қажымұқан» атты еңбегінде Латыш елінің атақты палуаны Юхан Тиганенің жазбасын келтіреді: «Орынбордан Троицкіге шейінгі жол бойы үлкен-кіші түгел Қажымұқанның алдынан шығып қарсы алып, қонақ етіп отырды. Орынборда Қажымұқанға кездесіп, қасына еріп келе жатқан Тигане халықтың өз палуанына деген сүйіспеншілігін жазып қалдырған екен. «Мен ұлы мәртебелі дворяндар мен помещиктерге де халық мұндай құрмет көрсетеді десе сенбес едім, — деп жазыпты ол. –Сол жолы Қажымұқан елінің қадірлі ұлы екенін өз көзіммен көрдім. Мынау айта-айта жүретін іс болды».

Осындай құрметке үйренген халықтың еркесі Қажымұқан палуан кішкентай ауыл Ақтөбеге келгенде  ағайын-туыспен бірге, көңілі жарасқан дос, құрдас тапты. Осында ұлы Айдархан дүниеге келіп, 1945 жылдың күзінде ұлан асыр той жасады. Әсіресе, осында әмеңгерлікпен үйленген әйелі Мінайым апа Ақтөбе ауылының негізгі көпшілік халқы болып келетін қыпшақтың құлан атасының қызы еді. Сондықтан, әзілқой палуанға қалжыңдасып, көңіл көтеретін қайны-балдыздар да жеткілікті болды. Палуанның олармен әзілі туралы том-том кітап жазуға да болады.

Палуанның Ақтөбеден Темірланға көшердегі әрекетін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері М.Рүстемов: « -Ұлы Отан соғысынан кейін Қажекең: «-Ақтөбе жерінің соры молайып, мәні кете бастады. Су да тапшы. Сулы жерге, Арыс өзенінің бойындағы Темірланға көшейік» деп елдің біразын көндіріп, сөйтіп «Қызыл ту» колхозына біраз ағайын қоныс аударды,» —  деп баяндайды. «Оңт. Қаз.» газеті 21 қазан 1993 жыл. «Қажымұқан қай жылы, қайда туылған?» М.Рүстемов.

Бірақ,  Шілік-Ақтөбеде ғасырға жуық жасап, басшылық қызметтер атқарған, дәл осы 1946 жылы Ақтөбе колхозының төрағасы болған Махан Мыңбаев қария: «Бұзық төбенің батыс баурайынан Тыма, Шошқакөлге дейінгі аралықтағы шабындықтың шөбі бітік болатын. Самал желмен ырғала толқып жататын бидайықтар аттылы кісінің үзеңгілігіне жететін. Халық сол өңірден жаз бойы мал азығын дайындайтын. Сол төңіректегі шаруашылықтарға жетіп-артылушы еді. Тіпті, тасып тауыса алмаған шөптер шабындықтың төсінде көде-көде болып артылып қалатын. Ал Құланарықтың суы диханшылықпен айналысушыларға тапшылық еткен емес…», — деп жазады өз естелігінде.

Демек, Қажымұқан палуанның бұл әрекеті өзімен сыйлас-жолдас біраз ағайынды өзімен Темірланға ерте кету әрекеті болса керек.

Көнекөз қариялардан біз естіген әңгімелерде палуанның Темірланға көшуі туралы былай баяндайтын:

Қажымұқан палуан С.Дауленов пен М.Шораевтарға келісім беріп келген соң Ақтөбе, Шіліктің өзімен сыйлас, туыс, жора-жолдастарын жиып, дастархан жаяды.  Осы дастархан басында отырып өзіне облыс басшысы С.Дауленов пен Арыс аудандық парти комитетінің бірінші хатшысы М.Шораевтардың жасаған ұсынысын айтады. Темірланға бірге көшуге ұсыныс та жасайды. Бірақ, қанша жерден Қажымұқанды сыйласа да, түгін тартса майы шыққан құйқалы жер ата-баба қонысын тастап, басқа жерге көшу көпшіліктің көңіліне қона қоймайды. 

Тіпті бұл ұсынысқа қарсышыққандар да болыпты. Бірақ, палуанның облыс басшысына берген уәдесі бойынша Қажымұқан палуан отбасымен қалайда көшетін болып шешеді. Ағайындар ақылдаса келе Қажымұқан палуанды жалғыз жібермей, қасына бес-алты отбасы бірге көшетін болып шешіледі.

Бірге көшетін отбасылардың ішінде Меңлібай қажының Құртайы, елде Қарамолда атанған емші Иса отбасымен және басқалар болды.

Қажымұқан мен бірге көшетін ағайындарды шығарып салуға Ақтөбе, Шіліктен қарақұрым халық жиналды: Қажымұқан палуанның жақын туыстары: Тәшімбет, Мәмеш, Әбдірәсіл, Зұлпыһар, Құрамыс, Мәлібек, Биболат, Сейілбек молда, Күдірбек және басқалар;

Ел ағалары: Шілік ауылдық кеңесінің төрағасы Төле Талдыбаев, Ақтөбе ауылдық кеңесінің төрағасы Махан Мыңбаев, Дәулет Жалмырзаев, Қыдырбай Саматаев, Асан және басқалар;

Сыйлас дос-жарандары; Балтабай ақын, Жамал, Смайыл, Оспан, Қыдыр, Нұр, Шалбайлар мен Исабек бастаған нағашылар.

Ақтөбеден Темірланға көшкен бес-алты отбасымен бірге көшке көмектескен ағайын-туыс жігіттер тобы Темірлан жанындағы «Ленин туы» колхозының бауына келіп орналасты.         

«Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң, 1945 жылдың күзінде елге қайтып оралдым. Мамандығым бойынша  (1937 жылы Самарқанд медицина институтын бітірген болатынмын) Темірлан селосындағы учаскелік ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалып, қызмет істеп жүргенмін. Бір күні мені сол кездегі Арыс аудандық партия комитетінің бірінші секретары Мырзахан Шораев шақырып, «атақты палуан Қажымұқан  Мұңайтпасов  Шілік совхозынан Темірланға көшіп келгелі жатқандығын, мен сол кісінің денсаулығын бақылап, қамқорлыққа алуым керектігін» айтты.

…Қажымұқанға Темірланның қасындағы «Ленин туы» колхозының бауы ішінен арнайы учаске бөлінді. 1946 жылдың жазында Қажекең сол жерге семиясымен көшіп келіп, үй тікті. Атақты палуанға ауылдың үлкен-кішісі күн сайын шұбап келіп сәлем беріп, оны қонаққа шақырысып жатты. Қажекеңнің  үйінен адам арылмайды.  Бұл  колхоз председателі Ертай Тасболатовты біраз толқытты. Өйткені, Қажекеңе  келіп сәлем  берушілердің көліктері колхоз бауына едәуір зиян келтірді. Кейін оның да жөні табылды.»-деп жазыпты«Қажекеңнің қайраттанған келбеті» атты естелігінде А.Бектаев (облыстық аурухананың жоғары категориялы дәрігері, Ұлы Отан соғысының ардагері).  

Көп үзамай Мырзахан Шораев осы бау ішінен Қажымұқанға арнап салынатын үйдің құрылысын бастатады. Ал Қажымұқанмен бірге көшіп келген топ үй біткенше Темірланға жақын жердегі Боралдай өзені бойындағы Нұралы бұлағының басына көшіп келіп отырады.

Осы Нұралы ақынның атымен аталатын бұлаққа жақын жерде Көктөбе ауылы  орналасқан. Осы ауыл тұрғындары атақты Қажымұқан палуанның қастарына көшіп келгенін білгенсін қонаққа шақыра бастайды. Таныса келсе осы ауылда он бес отбасыдай қыпшақтар тұрады екен. Осылардың ішінде Ұлы Отан соғысының ардагері, ауыл шаруашылығының белді қызметкері, елдің абыройлы азаматтарының бірі Жылқыбай ұлы  Тастанбек көшіп келген бес-алты Ақтөбе-Шіліктік отбасыларды орналастыру, тұрмыстық мәселелерді шешуде көп көмегін тигізді. Тастанбектің әйелі, құлшығаштың қызы Ұрқия да қонақжай, бауырмал болып шығып, Қажымұқанмен бірге келген отбасылармен қоян-қолтық араласып, абысындармен тату-тәтті болып кетті. Сол жылдары дүниеге келген Тастанбектің тұңғышына Қажымұқан палуан өзінің үлкен қызының есімімен Азияхан деп ат қойған екен.

Палуанның кіші әйелі Бибіжан  қарабатыр руына жататын. Көктөбе ауылының негізгі халқы шымырдың шоқайлары болғандықтан әзілқой Қажымұқан палуанның қалжыңдасатын қайны, балдыздары да табылды.

Басшылар жаңа үйді 1946 жылы бастағанымен бұл жылы үй бітпей қалып, Қажымұқанды бір қыс  ескілеу бір үйге қыстатады. Ал палуанмен біргекелген ағайындар Көктөбе ауылында орналасты.

Ал келесі 1947 жылы көктемде үй бітіп, Қажымұқан отбасымен осы жаңа үйге кіріп, өмірінің соңғы қысын қыстап шығады.

Осы жаңа үйде 1948 жылдың  27 қаңтарында палуанның кіші әйелі Бибіжан босанып, палуанның кенже ұлы Жанәділ өмірге келеді.                         

«Тозбасты ұста соқпайды, өлместі Құдай жаратпайды» деген ғой бұрынғы өткен даналар.    Киелі Отырар жерінде дүниеге келіп, бұрын бір де бір қазақтың аяғы тимеген Жер бетінің бес құрлығында күрескен және күрестің үш түрінен әлем чемпионы атанған Қазақ даласының батыры, Қазақ спортының атасы — Қажымұқан палуан  1948 жылдың тамыз айында кенеттен қан қысымынан қайтыс болды.

Палуан ата қайтыс болғанда қасында болған Есбол ақсақал былай деп баяндайды: «Ол кезде біз Темірланның жоғарғы жағында Боралдай өзені бойындағы көкорай шалғында жазғы киіз үйде отыратынбыз. Таңғы сағат 4-5-тер шамасында Палуан атам «Есбол тұр, арбаны жек» деп оятты. Мен тұрып, киініп қарасам Палуан ата киіз үйдің керегесінен қос қолдап ұстап, тізерлеп отыр екен. Палуан ата енді маған «тез молданы шақыр» деп бұйырды. Мен барып молданы шақырып келдім. Палуан ата молдаға «тездет, оқитыныңды оқы, менің шіләмді түсір» деді. Молда түсінбей «қой палуан, сен өлгенше біз бәріміз қырылып қалатын шығармыз» деп әзілдегісі келді. Палуан атам «Оттамай тездет» деп бұйырды. Молда дем салған кезде Палуан ата сылқ етіп құлап түсті. Бірден жүріп кетіпті.

Палуан атаның денесін жерлеуге киіз үйді бұзып барып әзер шығардық.»

Қажымұқанның жаназасын шығарған Қарамолда атанып кеткен Шіліктік Иса атты емші кісі Қажымұқан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай ағайындарына, Шілікке көшіп кетеді.

Ал Меңлібай қажы баласы Құртай мен балаларға ерекше мейірімді кемпірі Мінәй апа да палуанның қазақы салт-дәстүрімен қырқын өткізген соң Шілікке қайтқан екен.      

Қажымұқанның кіші әйелі жас Бибіжанға Қажымұқанның туысы Мәмеш әмеңгерлікпен үйленіп, баласы Жанаділімен Ақтөбеге алып кетеді. Бибіжан Мәмештен 1951 жылы Құрманай атты қызды, 1955 ылы Маһабіл атты ұлды өмірге әкелді.  Жанаділ осы Мәмештің қолында ер жетіп, үйленгенде келінді осы Мәмештің шаңырағына түсірді.

Ал Темірландағы үкімет салып берген үйде Мінай апа балаларымен тұрып қалды.  1946 жылы үкімет салып берген бес бөлмелі үйде ұрпақтары Қажымұқан қайтыс болғаннан кейін де 58 жыл тұрған.              

Тек 2006 жылғы су тасқыны кезінде үйге зиян келгендіктен үй бұзылып, орнынан қазір одан сәл үлкенірек үй салынған.

Мінай ападан тарайтын палуанның ұрпақтары сол үйде қазір де тұрып жатыр.

Бекжан БЕЙСЕНБАЙ

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*

x

Check Also

Түркістанда жалпықалалық сенбілік өтті

«Таза Қазақстан» жобасы аясында жалпықалалық сенбілікке мыңнан астам тұрғын қатысты. Әр сенбі дәстүрге айналған шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған ...

Жетісайда мақта кластерін дамыту, өнім сапасын жақсарту мәселелері талқыланды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов ...