Алып күштің атасы

Ресей, түрік, француз палуандарын,
Бозкілемде бүктірген тарландарын.
Жапонның бас терісін сыпырып ап,
Тәубеге түсірген-ді қалғандарын.
Көп құрмет көрген еді түріктерден,
Тым тату тұрып келді түріктермен…
Қайратына тәнті боп Қажы деген,
Қасиетті атақты түрік берген.
Ұлы Отан соғысында көмек берді,
Сол кезде қажет етті көмектерді…
Бір ұшақ майданға деп жасау үшін,
Қалтасынан қаржыны төлеп берді.
Белдесу деген «майданнан»,
Оралып жаны жайланған.
Жеңіліп көрмей жеңіспен,
Аты аңызға айналған…
Барша ел біліп АЛЫПты,
Қайратына қанықты.
Мұңайтпастың Мұқаны,
Әлемге елін танытты…
Алып күш бойын билеген,
Жауырын жерге тимеген.
Білектей болат темірді,
Қамырша қолмен илеген.
Жер-жерге даңқын жеткізген,
Елдерді елең еткізген.
Жолбарыс жүрек үстінен,
Жүк көлігін өткізген.
Күрескен бозкілемде салып күшті,
Кезінде әлем білді АЛЫП күшті.
Өмірге осындай ұл алып келген,
Қашаннан ҚАЗАҚ деген халық күшті!

Қазыбек Әшірбекұлы

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*