Алаштың алыбы — Қажымұқан (07.04.2015)

Тарихи деректерге сүйенсек, Қажымұқан Мұңайтпасов 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел дуанына қарасты Қоспа деген жерде дүниеге келген. Кедей шаруаның баласы болғандықтан жастайынан орыс байларына қара жұмысқа жалданған. Сөйтіп жүріп күреске түсіп, бала балуан атанады. Он бірінші атасы Қарақыпшақ Қобыланды батыр болып келетін Мұқан дара бітімі, толағай күшімен ерте танылыпты… Атасы Ернақ батыр Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінде мыңбасы болған. Өз әкесі Мұңайтпас алып денелі, еңсегей бойлы, шомбал кеуделі, шор иықты, ерекше адам екен. Қақаған қыстың аязды күндері кеудесінің түймелерін ашып тастап, жүретін көрінеді. Арнайы күрес өнерімен жаттықпаса да Мұңайтпасты ойын-тойларда күрескенде ешкім жыға алмаған. Шешесі Кәбираның тоғайдан арқалап әкелген отыны бір айлық отын болған деседі. Мұңайтпас отынға балтасыз барып, оларды түбімен қопарып жұлып ала беретін болған. Мінекей, Қажымұқан сол алып әке мен шешеден туған перзент.

…Қажымұқанды босанатын мерзімі өтіп кетіп, толғақ қысқан Кәбира (анасы) екі күн, екі түн бақанға асылып тұрып, әрең дегенде босанады. Бірақ, ұлын емізіп отырғанда қайтыс болады. Жас сәбиді (Мұқанды) әжесі Айсара бағып өсірген.
Бірде бай қыстың аязды, боранды күні он жасар Мұқанды ат арбамен ауылдан алыс жерден құрғақ пішен әкелуге жұмсайды. Мұқан аталған жерге барып, арбаны шөпке толтырып тиеп алады. Қайтар жолда қатты боран соғып, жолды қалың қар басып қалады. Аттар әбден болдырып, тіпте біреуі аяғынан тұра алмай құлайды. Осы кезде бала құлаған атты шөптің үстіне көтеріп салып, екінші атты шананың артына байлап, арбаны ауылға өзі сүйреп келеді. Бұл оқиға үлкен-кішіні түгелдей таң қалдырады…

15 жасынан топқа түскен балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 70-ке келгенше күресті тастамауының өзі – оның жаратылысы бөлек, саңлақ спортшы екендігінің айғағы.
Қажымұқан 18 жасында Омбыға келіп, қалалық циркте өтіп жатқан күресті көреді.
Күшті балуан А. Злобин: «көрермендер арасында күрескісі келетіндерің бар ма?»,-деп сұрайды. Ортаға Қажымұқан шығады. 18 минутқа созылған белдесуде орыстың кәсіпқой балуаны жасөспірім баланы әзер жығады. А.Злобин оған күрес мектебінде оқуға кеңес береді. Оның ақылын құп алған Мұқан Петербургте «Ваня ағай» деген атпен белгілі болған И.Лебедевтің мектебіне келіп түседі. Бұл жерде француз күресі мен цирк өнерін меңгереді. Кейінірек, Одессаға барып, Ветлижинскидің жекеменшік мектебіне түсіп, Еуропа мен Американың күрес түрлерін үйренеді. Күрес тәсілдерін меңгерген ол Киевте орыстың бірнеше мықты балуандарын жеңеді. Атақты Иван Поддубныйдан сәл ұтылады. Жүлделі екінші орынды иемденеді. Поддубныймен өмірлік достығы осы сәттен басталған. Қажымұқан ол туралы: «Мұндай адамды жер жүзінен кездестірген емеспін. Адам десең-адам, балуан десең – балуан, арыстан десең – арыстан еді»,-деп үнемі айтып өткен деседі.

1906 жылы Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста Қажымұқан әлем чемпионы атанады.
1909 жылы күреске қара Мұстафа деген атпен шығып, жеңіске жетеді.
1910 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында еркін күрестен өткен әлем біріншілігінде топ жарған ол Америка чемпионы атанады.
1912 жылы король Сегизмундтың белдігін жеңіп алады. Шәкір патшаның ұсынысымен Меккеге барып «қажы» атанып келгеннен бастап, Мұқан деген есімнің алдына «қажы» сөзі қосылып, Қажымұқан атанады.
1915 жылы Қажымұқан жапон палуаны Саракикимен каратэ күресі бойынша күш сынасты. Ол өзінің бір құлағының жартысын жұлып әкетіп, ернін жырған Саракикидің кілем үстінде жұлынын үзіп таза жеңіске жетеді. Ауруханада 6 ай жатып, келеге келмеген Саракики о дүниелік болады.Әлемнің 28 мемлекетінде күресіп, 56 медаль олжалаған Қажымұқан, тек ғана қазақ халқы емес, түркі халықтарының ішінде атағы жер жарған бірден-бір алып күштің иесі.
Белгілі ғалым, жерлесіміз Әуелбек Қоңыратбаевтың кітабында келтірілген деректерге жүгінсек, боз кілемге шығып жүргендегі оның бойы 195 сантиметр, салмағы 139 келі, ал қартайған шағында, яғни 1946 жылы салмағы 174 келі тартқан. Аяғына 54 размер (өлшем) аяқ киім киген. Үстіңгі ернінің ұзындығы 10 сантиметр, жауырын жалпақтығы 60 сантиметр болған.

…Қажымұқан атамыз 5 рет үйленген көрінеді. Бірінші әйелі Надежда Николаевна Чепковская аттың құлағында ойнайтын 16 жасар цирк әртісі екен. Мешітке барып некелерін қиып, Бәтима атандырған. 1910 жылы Надежда ұл туады. Баланың есімін Халиолла деп қойған. 1925 жылы екінші әйелі Ырыстымен бас қосады. Ырыстыдан 3 ұл, 3 қыз дүниеге келген. 1938 жылы қазақтың әмеңгерлік салты бойынша Мүнәйімді алады. Одан Айдархан есімді бала туылады. Өзге балаларына қарағанда осы Айдархан әке тәрбиесін көбірек көреді. Өмірден ерте өткен төртінші әйелінің есімі белгісіз, бірақ одан Мұхтар деген баласы қалады. 1946 жылы бесінші жары Бибіжанмен некелеседі. Ол кезде Қажымұқан 75 жаста, ал Бибіжан 32 жаста екен. Одан кенже ұлы Жанәбіл дүниеге келеді. Қазақ спортына еңбегі сіңген осы баласы дейді. Шымкенттіктер Жанәбілді жақсы білсе керек.

1910-1937 жылдары Қажымұқан балуан Омбыда тұрақтап тұрып қалған. Міржақып Дулатовпен танысып, содан соң Бөкейханов, Байтұрсынов, Жұмабаевтармен араласады. Алашордашылар жаппай қудаланған кезде Қажымұқанда ұсталып, түрмеге түседі. Түрмеден босаған бойда балуан Түркістан жеріне қарай өтіп кетеді…

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы орталығындағы Қаныш Сәтбаев мұражайының алдында салмағы бір тонна мөлшерінде таудың сұрғылт тасы тұр. Баянауылдықтар бұл тасты ерекше құрметтейді. Жұрт оны «Қажымұқан тасы» деп атап, атақты балуанның Баян өлкесіндегі ескерткіші ретінде қадірлейді. Қажекең бұл тасты досы Сүбек ұста Қуанышбайұлына сыйға тартқан. Сүбек ұстаның ескі жұртында жатқан тасты 1991 жылдың күзінде жергілікті «Қазақ тілі» қоғамы әспеттеп ескерткішке айналдырады. 2001 жылы көпшіліктің сұрауы бойынша аудан орталығына жеткізілген. Енді тастың тарихы туралы айта айта кетейік: 1921 жылы мамыр айында Қазақ автономиялық республикасының құрылғанына бір жыл толғанына байланысты Баянауылда үлкен той болып, Қаныш Сәтбаевтың арнайы шақыртуымен Қажымұқан келеді. Ол сол елдің Сүбек есімді ұстасының үйіне түседі. Ұста балуанды жақсылап күтеді. Ойын көрсеткенде пайдаланатын темір құралдарын да дайындап отырады.

Қажымұқан халық алдына шығып, кеудесіне көлденең салған тасты Сүбекке ұрғызып сындыртқан. Палуанның өнеріне риза болғандар оған сый ретінде екі үйір жылқы береді. Қажекең Сүбекке «Олжамның жартысын ал, оны қаламасаң өнеріммен жиған мына сөлкебайларымнан (медаль) таңдағаныңды берейін», — дейді.
Бірақ, Сүбек ұста: «Қажеке, мал соқса – желдікі, айдаса – жаудікі. Қазақтан сізден кейін сіздей ұл туар-тумас. Анау таудан көтеріп бір үлкен тас әкеліп, осында орнатып кетіңіз, қайратыңыздың куәсі болсын, достығымыздың мұраты болсын», — дейді. Досының тілегін қабыл алған балуан есік алдындағы таудан осы тасты көтеріп әкеліп, үйінің іргесіне қойып беріпті…

Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан үшін қаржы жинап, түскен қаражатына самолет жасатқан. Сөйтіп, бас қолбасшы Сталиннің ризашылық хатын алған. Қажымұқан Мұңайтпасұлына қазақтың небір дүлдүл ақындары өлең арнаған. Сол ондаған ақындардың ішінен Асқар Тоқмағанбетовтың екі шумақ өлеңін келтіре кетейік:

Иығы жонның жота асуындай,
Адымы нардың маңғаз басуындай.
Қайтпаған қай кезде де қайсар күші,
Ертістің қайнап аққан тасуындай.
Он жігіт жаурынына жайласаңда,
Елу пұт білегіне байласаң да,
Былқ етпей бәрін жалғыз көтереді
Үстінен мәшинені айдасаңда

Осы өлең жолдарынан-ақ, Қажымұқанның алып бейнесі көз алдыңа келгендей болады.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1948 жылы 12 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында қайтыс болады. Балуанның атында музей, стадион, спорт сарайы, көшелер бар.
Иә, қара сөздің қадірін білетін қазақ «күш атасы» деп басқаны емес, Қажымұ­қанды атаған. Қажымұқан атында өтіп жатқан турнирлер, жарыстар баба рухының мәңгілік екенін еске салады. Дәл осындай Сыр өлкесінде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнир алғашында кішігірім деңгейде басталып, бүгінде республика көлемін қамтып отыр. Сонымен қатар, аталмыш чемпионат республикалық күнтізбелік жоспарға да енгізілген.
Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылған турнирге еліміздің өзге облыстары мен Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінен 300-ге тарта үміткер бақ сынаспақ.

Баба есімін ұлықтау, ерлігін үлгі ету – кейінгіге парыз. Елі үшін туған ер туралы қалам тербегендердің шеті-шегі жоқ екенін бағамдар болсақ, халқының қамын жеген баба рухы келер ұрпақ санасында ұмытылмақ емес.

Темірбек ЕСЖАНОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Дереккөз: «Жарасымды жанұя» журналы (07.04.2015ж)