Қажымұқанның ізбасарлары күш сынасты

Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында «Batyrs Battle» спорттық сайысы өтті. Шара қазақтың аты аңызға айналған балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова мен Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қатысты.

«Batyrs Battle» — бұл салауатты өмір салтын насихаттайтын көпсайысты турнир. Ерекше жобаның мақсаты — бұқаралық спортты дамыту және күш қолданылатын ұлттық спорт түрлерін қолдау.
Жобаның авторы — ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің амбассадоры, күш қолданылатын спорт түрлерінен 4 дүркін рекордсмен Сергей Цырульников. Шараға қонақ ретінде зілтемірші, бірнеше дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин, бокстан Әлем және Азия чемпионы Галиб Джафаров қатысты.

Жарыстың ашылуында Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірінен сыр шертетін деректі фильм ұсынылды.

— «Batyrs Battle» бұған дейін Өскемен қаласында ұйымдастырылды. Енді Ақтөбемен қатар, еліміздің Түркістан және Нұр-Сұлтан қалаларында өтеді. Орасан күштің иесі Қажымұқан бабамыз — күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы. Теңдессіз өнерімен жер шарын аралағаны белгілі.

Бүгінгі шараның негізгі мақсаты — Қажымұқан, Балуан Шолақтардың жаттығу үрдісін жалғап, халық арасында кеңінен насихаттау, — дейді республикалық «Қазақстанның спортшылар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Қарлығашов.

Сайысқа облыстан 8 спортшы қатысты. Олар 60-90 келі қапты биікке көтеру, металл шыбықты майыстыру, бөрене, тас көтеру, белдесу бойынша сынға түсті. Қатысушылардың өнерін тамашалаған жұрт расымен таңғалыстарын жасыра алмады.

— Ақтөбеге алғаш 9 жасымда жарысқа келдім. Бұл қала көз алдымда жылдан-жылға дамып келеді. Бүгінде спорттан кетсем де, қай жерде болмасын, халықтың шынайы ықыласына бөленіп жүремін. Мен үшін бұдан асқан құрмет жоқ. Бүгін спортшылардың сайысын көріп, ерекше сезімде отырмыз. Бұл жай ғана сайыс емес, спорттық шоу деуге болады. Әлемдік деңгейде ұйымдастырылатын «Стронгмен» деген сайыс бар. Осындай шараның біздің елімізде ұйымдастырылуы да қуантарлық жағдай.

Алда әлемдік үлкен дода өткелі отыр. Токио олимпиадасына Ақтөбеден 6 спортшы лицензия алғанынан хабардармын. Оларға да жеңіс пен жаңа рекордтық көрсеткіш тілеймін, — деді Илья Ильин.

Сайыс нәтижесінде Сергей Гончаров жеңімпаз атанды. Екінші орынды Дмитрий Емельянов еншілесе, жүлделі үшінші орынға Төлеген Әлжанов ие болды.

— Бұрыннан еркін күреспен, пауэрлифтингпен шұғылданамын. Ал бүгінгі сайыстың жөні бір бөлек. Бұл жерде орасан күш пен ептілік, сондай-ақ қайсар мінез де керек.

Сайыс өте жоғары деңгейде, тартысты өтті. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, — дейді Төлеген Әлжанов.

Үздік атанған Сергей Гончаров Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық жарыста өңір намысын қорғайтын болады.

Дереккөз: Ақтөбе газеті

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*