Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға 300 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді,- деп хабарлайды Xnews.
«Елбасының көреген саясатының арқасында еліміздің халықаралық қоры 90 миллиард долларға жетті. Бұл экономикамыздың тұрақтылығын сақтаудың және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындаудың маңызды кепілі. Біз бюджеттік шығынды жұмыспен қамту мен бизнесті қамтамасыз ету үшін барынша оң әсер ететін бағыттарға қайта бағдарлаймыз. Отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға 300 миллиард теңгеден кем емес қаржы бөлінеді», — деді Президент үндеуінде.
Мұның алдында Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың телевизия арқылы үндеу жасайтынын мәлімдеген еді.
Еске салайық, 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирусты пандемия деп жариялаған болатын. Ал 15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай жариялады.